22.05.2022
  126


Автор: Әбубәкір Қайран

Ақсуаттан аттанғанда мен алғаш...

Ақсуаттан аттанғанда мен алғаш,
Алды-артымды орап еді қарлығаш.
Қарлығаш та, қарындас та жоқ бүгін,
Іздесем де сол бір күндер табылмас.
Ақсуаттан аттанғанда үмітпен,
Қарлығаштың азаярын біліп пе ем?
Біліп пе едім қарындастың кетерін,
Қайдағы бір қайманалау жігітпен.
Ақсуаттан аттанғанда арман ем,
Жыр еді ғой, нұр еді ғой бар денем.
Қарай берем, қарай берем қайырылып,
Осы арада жоғалғандай әлденем.
Шыкпай тұрып шыбын ғұрлы атағым,
Санын алдым үлкендерден батаның.
Есейгенде еңсем түсіп енді мен,
Еп-елеусіз кетіп бара жатамын.





Пікір жазу