22.05.2022
  127


Автор: Әбубәкір Қайран

Сендерге ие болайын

Жүрегім неге тулады,
Құлағым неге шулады?
Қос үрей болып көрмеп ем,
Анамнан жылап туғалы.
Тұратын күнге еркелеп,
Құлады ма екен бәйтерек?
Бәйтерек біткен шуласа,
Адам боп біздер қайтер ек?!
Жатыр ма гүлдер қуарып,
Бара ма көлдер суалып?
Өзеннің алып аңғарын
Кетті ме екен у алып?
Қасірет – мүңын өңгеріп,
Туды ма сәби кем болып?
Сүйді ме екен анасы,
Сүйкімді ұлмен тең көріп?
Көңілі мөлдір ақ тұма
Бір жігіт жастай қайтты ма?
Нәр сызбай жатып,
Ақыры
Аманат сөзін айтты ма!..
Жаманат ойды қояйын,
Қанағат, саған тояйын.
Жүрегім, тілім, құлағым,
Сендерге ие болайын.





Пікір жазу