22.05.2022
  147


Автор: Әбубәкір Қайран

Жырласам деймін

І
Жыр оқып берем, жан аға саған–
Жыртылып тозған жоқ шабыт.
Пайғамбар шыңға паналата алам,
Кеудемді кетсе от қарып...
Пәруана тірлік, періште жүрек
Ойламас қамын, өз бағын.
Өзге бір жанға жеңістер тілеп,
Көрдім мен қолын созғанын.
Дүлейдің отын, дүмдінің сөзін
Тәрк етпес, тәнті бола алмас.
Мұхит деп біліп мұндының көзін,
Тамшысын татар сол алғаш.
Аспан мен жердің арасын тұтқан
Ала бас таудың ол шыңы.
Алдында мылқау қара түн бұққан
Ғашығы – Шолпан шолпылы...
Жырласам деймін сағыныш жырын
Күйкі ойдан біраз шет барып.
Пайғамбар шыңға табынып бүгін,
Кетемін Күнді бетке алып.
ІІ
Жырласам деймін сағыныш жырын,
Шырқағым келді әлемге ән сап.
Мен оған мәңгі бағыныштымын, –
Өйткені, өзім өтемін аңсап,
Аяулы жандар алтын Ай сынды,
Алыстан мені айналып жүрген.
Сағыныш – өзен сарқырайтын-ды,
Қылыштай аппақ қайралып жүрген.
Жымиған түнгі жыр – қайың – қыздың,
Ұқтым да сырын, күрсіндім ерен:
Келмеді көргім сұрқайын күздің,
Алар деп тартып бүл түнді менен.
Отырмыз біздер – Ай, жыр боп, мен боп,
Сағыныш жырын жырладық бірге.
Отырмыз біздер...
Жаңбыр жоқ, жел жоқ,
Қарайды Муза ұрланып бізге?
Түрленді Муза – әр түрлі бейне,
Елестеп көзге жөнелді бір сәт.
Шаштарын тарап шалқиды кейде,
Қалқиды кейде өлеңді шырқап.
Досым боп кейде: – Доғарып бәрін,
Оқиық жырды, дейтіндей маған.
Өзі оқып бастап, өзі алып дәмін:
– Емес-ау құнды, – дейтіндей маған.
Аға боп бір сәт ақ басын шайқап,
Қабағын шытып, күрсінді жеңіл.
Жырымның оған жақпасын байқап:
– Шабыт қой, аға, бір түнгі,– дедім...
Аяулы жандар, Алтын Ай дерсің,
Алыстан мені айналып жүрген.
Сағыныш өзен сарқырай берсін,
Қылыштай аппақ қайралып жүрген.





Пікір жазу