Миды сығып, тамшысынан дәрі алған...
Миды сығып, тамшысынан дәрі алған,
Көк сиясы көз майынан жаралған.
Жүйкесі мен жүрегіне әмірші,
Шабытқа құл жанда қандай бар арман.
Біздер болсақ, бой алдырып мастыққа,
Жаза бассақ, жала жауып жастыққа,
Тәуекелдің қайығына міне алмай,
Тәубә қылып отырамыз тақ-тұққа.
О жалған-ай!
Ойнаудай-ақ ойнадық.
Ойын буы қояды екен бойды алып.
Күлтөбедей күрсінесің білдірмей,
Алатаудай ағаларды ойға алып...
Қазан бұзып, үйге тентек атанып,
Інілерге көрсетеміз сақалық.
Классиктің суретінің қасына,
Бейнемізді іліп қойдық апарып.
Сайраймыз-ау білетіндей құс тілін,
Жаз екен деп жадыраймыз қыс күнін.
Кербез кедей секілдіміз баяғы
Тойға барған қолмен ұстап ышқырын.
Бейтанысты бөтен , бөлек жолға сап,
Біз қолдадық, дос-туысты қолдасақ.
Қайта құрып әуре болмас едік қой.
Ей, замандас, біздер солай болмасақ.