22.05.2022
128
Кел, қаламым
Жынданармын, мен осы жынданармын,
Жынданғанша келеді жырғап алғым.
Жырғап жүріп жырақтап кетсем егер,
Тәңір жақтан болады бір хабарым.
Төрт керегем түйенің қомында тұр,
“Болсын, – деп тұр біреулер, –
жолың, батыр!”
Жүремін бе, білмеймін жүрмеймін бе,
Бір тәңірдің ол дағы қолында тұр.
Жорға емеспін қозғалмас құйысқаны,
Менің жолым өзгеден қиыстады.
Жақсылық па білмеймін, жамандық па,
Жыным бүгін, әйтеуір, жиі ұстады.
Мейлі, мейлі, басымнан өтсін айып,
Қарай берсін біреулер оқшырайып.
Қара қылды қақ жарған алдаспандай,
Кел, қаламым, екеуміз бақ сынайық.