22.05.2022
  141


Автор: Әбубәкір Қайран

Аспан

Аспан!
Ақ таңдағы аспан,
Ақпандағы аспан,
Бақытқа батқандағы аспан,
Құса боп жатқандағы аспан.
Менің саған шағатын бір мүңдарым бар еді,
Аспан!
Менің сенен алатын жұлдыздарым бар еді.
Сенің шырақтарыңа
менің пырақтарым жете алмай,
Қарғыс атқыр ауасыз
кеңістігіңнен өте алмай,
Өзіме қайтып келгенде.
Қарғап едім соларды –
«жолыққыр, – деп, – мергенге!»,
Қайтып сол бір қарғысты
ала алмадым мен неге?!
Бабында ғана семірген,
Қос тізесін кемірген
бір арғымақ – арманым
арам өлді кермеде!
Көрмедің соны сен неге?!
Көріп тұрып сен әлде көзіңді жұма қалдың ба?
Ұяттан құлап кетпедің
жер менен менің алдымда.
Құлап кетсең,
алдыма
сенің жұлдыз – қыздарың
жылап келер еді ғой.
Кешер едім мазағын,
Кешер едім азабын,
Бәрінің де лапылдап,
лаулайтұғын кезі ғой –
дер едім де, аспанға жіберер ем
қайтадан.
Мен – Адаммын өйткені,
тағылықтан тайсалам.
Мен – Адаммын!
Өзімнің өлең тұнған жерімде,
Көктем келген кезінде
Көктеймін де, жайқалам
Бірақ... Бірақ мен сенің
түнжыраған сырынды,
мың бұралған қызыңды
Мынау Қара жеріме
Бұрынырақ әкелсем
деп ойлап ем
Айсадан...
Аспан!
Мен сені көктемде күліп көрдім,
Көк белде тұрып көрдім.
Құстарыммен қоштасып тұрғанымда
көрдім,
Дүшпанышмен достасып тұрғанымда
көрдім,
Мен сені әлі де көрсем деймін,
Тек сені көріп жатып өлсем деймін.





Пікір жазу