22.05.2022
  128


Автор: Әбубәкір Қайран

Не де болса өртегін

Жүрегімді отқа салдың,
Өртедің,
Қайдан табам,
Қалай табам дерт емін?
Демім жалын,
Денем болса қызыл өрт,
Неге мені отқа салдың, Ертегім?
Неге сүйдім?
Неге еліттім?..
Нең кетті?
Мені болса мейірімің меңдетті.
Жолбарыстын жолағындай жолдарға
Салдың мені –
Салбуырын терлетті.
Қаталап ем –
Қанып ішкем жоқ әлі,
Қасарып ем –
Хантәңірім жоғары.
Шашалып ем шайқап ішіп шарапты,
Шаттығымды тербемеді о дағы.
Ауылыңды аңсадым да...
Бармадым,
Тістей-тістей ақ жем болды бармағым.
Көшің өтіп бара ма деп тұсымнан,
Қарай-қарай көзім қанша талмады.
Мен тұрған жер Ұлы Өзеннің бер жағы,
Сен тұрған жер бұл өзеннің ар жағы.
Ойсызбын ба ойламайтын ертеңін?
Нең кетеді,
Не де болса өртегін.
Сыр-сырғаңды кайық кылып бері отші,
Ей, періште,
Поэзия – ертегім.





Пікір жазу