Семей
Қанаты ұшқан қатайып,
Балапаныңмын мен сенің.
Алысқа кетсем несі айып,
Ақсарым сенсің, еңселім.
Өнерге жер көп өте бай,
Өтері сенен жоқ бірақ.
Алмауыт жырдың мекені-ай,
Жетемін саған отсырап.
Өзіңнен туған ұл едім,
Өлеңге өмір арнадым.
Аңсатып тарттың жүрегін,
Аңқасы кепкен арданың.
Аяулым менің Ай – жүрек,
Жұлдызы биік самғаған.
Мен үшін біреу қайғы жеп,
Өзіңнен жырын арнаған.
Қазақтың атын паш епкен,
Туғызған ұлдар ең дана.
Атаққа жұртты мас еткен,
Ардағым, Семей, сен ғана.
Мақтауға қайтып сидырам,
Маңдайы кере қарысым.
Жырыңды сенің сый қылам,
Кездескен жерде танысым.
Жүзімді жуған самалың,
Шашымды тарап желкемің.
Булайды кейде жанарын,
Бұзықтау туған тентегің.
Бұлдырап кейде көз алдым,
Бұйығы мұңмен дос болдым.
Қиялмен саған оралдым,
“Семейде жүрмін” деп көрдім.
Ұштым мен қанат байланып,
Қоңыр қаз болып жеттім мен.
Төбеңде жүрдім айналып,
Жыр болып сонда кеттім мен.
Төгілдім дағы өрілдім,
Жүрегім жанды лапылдап.
– Қазым ғой менің өзімнің –
– дедің сен маған жақындап...
Сағыныш жырын толғасам,
Таусылып болмас, не дейін.
Егерде өзің болмасаң,
Болмас ем мен де, Семейім!