22.05.2022
  122


Автор: Әбубәкір Қайран

Бір тауымнан биік болды бір тауым...

Бір тауымнан биік болды бір тауым,
Шымырлауым керек пе енді,
Шырқауым?
Шындықтардың шылдырлаған шынжыры –
Ішімдегі іріп жатқан мылқау үн.
Ішімдегі шынжырлардың шылдыры –
Ақын жанның айтылмаған шын жыры.
Шынжырымен шындық өліп кетсе егер,
Той жасайды топастықтың құзғыны.
Қаптап сонсоң небір ойсыз күлкілер
Адалдықтың аппақ туын мың тілер.
Тойған торай томпаң кағып жүгіріп,
Күйсіз аққу күзгі аспанда күрсінер.
Бір кеңістік – ішкі дүние, ішкі әлем.
Ішкі әлемді бір нүктеде үстап ем.
Сол нүктені сорлы басым айналып,
Ұятты күн ұясынан шықты әрең.
Есілем бе, көсілем бе, не етермін?
Не нәрсе екен түбіндегі кесемнің?
Заһар болсын, шекер болсын мен соны,
Бір-ақ ішіп жетеріме жетермін.





Пікір жазу