22.05.2022
  120


Автор: Әбубәкір Қайран

Бір запыран бар дейсің...

Бір запыран бар дейсің,
Жүрегімде жатқан көк.
Жерді мынау тар дейсің,
Кеткің келер аспан боп.
Мен қайтемін, не етемін?
Самал болып ессеңші.
Жел көтерген етегін,
Құйын болып кетсеңші.
Қара-қара қанаты,
Қарлығашты көрдің бе?
Жердің жеті қабаты,
Соған көңілің бөлдің бе?
Карлығашты көрсеңші –
Саған қарап ұшты ғой.
Көңіліңді бөлсеңші,
Қайғы залым күшті ғой.
Күрсінесің, налисың –
(Ұры өмірмен ұтыстық).
Көкірегімді қарисың,
Деміңменен ып-ыстық...
Қара-қара қанаты,
Қарлығашқа қарама.
Алты зеңгір қабаты,
Аспаныңды арала.
Ұшып кетсең, биік ұш –
Уайым қалсын беріде.
Күрсініс пен күйініш,
Тән нәрсе ғой Жеріңе.
Шырқай-шырқай Күн жырын,
Шырқап көкке үшып кет.
Жүрегімнің бір гүлін,
Көкірегіңе қысып кет.





Пікір жазу