22.05.2022
  134


Автор: Әбубәкір Қайран

– Келді көктем, – дейсің ғой...

– Келді көктем, – дейсің ғой,
– Келді көктем.
Көктемге сен де мендей елжіреп пе ең?
Көктем бе екен, мен бе екем
Жанарыңда,
Жалғыз тамшы жасыңды мөлдіреткен?
– Көктем келді, – дейсің ғой.
Көңілденші,
Көрік кірсін жүзіңе шер жүдеткен.
Бүршігінді ашсыншы, жауқазыным,
Мына нөсер дүниені сел ғып өткен.
Есіңде ме, сол бір түн...
Күз бе еді?
Татып ек қой тәп-тәтті “бірдеңені”,
Көктем емес, жаз емес,
Күз сыйлады-ау,
Жүректердің сондағы іздегенін.
Мұндағыдай мұңданбай,
Сол бір күзде,
Кеуденді ашып дауылға күлген едің.
Жанарыңмен аймалап,
Жаркылдаушы ең,
Табылушы ең қасымнан күнде менің.
Көктем келді,– дейсің ғой,
Қабақ ашпай,
Жапырақпен жарысып, жағаласпай.
Ақ самал күзгі дауыл болмай тұр ма,
Жұлқып қап, жүрегімді ала қашпай?
Япырай, күлгеніңді көрмеймін бе,
Қоштасып көктем кетіп бара жатпай?
Неге сен тұрсың бүгін қабақ ашпай?





Пікір жазу