АҒА
Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды,
Басымызға орнамасын ол қайғы. “Аға “ деген қандай асқақ ұлы есім,
Ағалармен басқа бақыт орнайды.
Нар жолына қарап бағыт таңдаймын,
Аға арманын алау етіп самғаймын.
Ары асқақ ағалардың алдында,
Мен тауларды биік санай алмаймын.
Егей елім құдыретті құтты арна,
Талай тұлпар шаң боратып шықты алға.
Ахметтер атыларда, ағалық
Сезімменен сеніп кеткен Мұхтарға.
Шың болса екен деп тілеймін сені, інім,
Шын болса екен деп тілеймін сезімің.
Ешкімнің де ақтай алмас арманын,
Ағалардың алмағандар сенімін.
Арманым жоқ аға үмітін жалғасам,
Талғамым көп əлі талай тауды асам.
Неге керек менің бұрын туғаным,
Інілерге аға бола алмасам.
Көрінгеннің көрмеу үшін тепкісін,
Ағаларды ардақтайық текті шын.
Ағасы жоқ адамдардың мəңгілік,
Даласы жоқ, данасы жоқ деп түсін.
Ақ бас шыңдар тарихтың алқасы,
Сыр шертеді сол таулардың жартасы.
Егер бізде бақыт болса, бақ болса,
Соның бəрі ағалардың арқасы.
Ағасыздар басып жатыр шоқ қанша,
Данасыздар төбе таппас топталса.
Панасыздар - санасыздар екен ғой,
Елің тойсыз, ағаң ойсыз боп қалса.
Дауыл дарын, дара даңғыл жолың бар,
Бауырларым, биік таңдап қоныңдар.
Қара нарым қалмау үшін шаң қауып,
Ағаларым, сендер аман болыңдар!
2009. 11. 27