22.05.2022
  96


Автор: Әбубәкір Қайран

Солмын мен

– Мен саған ешкім емеспін,
Сен маған жатсың...
Солай ғой.
Тонаған жоқпа сені ешкім?
Тонаса... мені тонай ғой.
Таныспын ба әлде мен саған,
Көрдім бе сені бір жерде?
Таяшы, бері... бері таман,
Орайын сені гүлдерге.
Жатсынып, әрі шын танып,
Жұмбақтау күліп тұрсың сен.
Жүзінен түрған нұр тамып,
Жұлдыздай жаным,
Кімсің сен?
– Мен саған тым жат емеспін,
Өйткені, сендей көп ағам.
Тонаған жоқ қой мені ешкім,
Сеніғой...
Сені тонаған.
Тамшымын...
Әлі тамғам жоқ,
Қайтесін мені гүлге орап.
Көзіңнен ағып арман боп,
Кетемін мен де сырғанап.
Тұрғаным рас шын танып,
Өзіңмен талай болдым мен.
Әніңмін кеткен шырқалып,
Жаныңмын... Солмын, солмын мен!





Пікір жазу