22.05.2022
123
Талма түнде тал басы тербетіліп...
Талма түнде тал басы тербетіліп,
Құлан жон ай құлағын жерге түріп.
Тұрса тұнып тұңғиық мынау дүние,
Қалғып кетсе бір сәтке пендешілік.
Жатсаң сонда оянып, не оянбай,
Тазалыққа не тойып, не тоя алмай.
Жүрек сонда бұлқынар, бұлқынар-ау,
Сәл караңғы кеудеден босана алмай.
Талма түнде тал басы қозғалғанда,
Жүрек қолын қаншама созды арманға.
Жақын болсам деді ол жалғыздарға,
Жылу болсам деді ол тоңғандарға.
Ай секілді айналып Қара Жерді,
Сүйгісі кеп көк төсін балаң ерні.
Қанша жүрек қалғиды талмаусырап,
Құшағына сыйдырып бар әлемді.
Талма түнде тал басы тербетілсе,
Айдан аққан аппақ нұр Жерге сіңсе.
Жатсаң сонда жаңғырып көкірегің,
Жатсаң сонда ойланып өз бетіңше.