22.05.2022
  109


Автор: Әбубәкір Қайран

Қымыран исі аңқыған..

Қымыран исі аңқыған,
Қызылды – жасыл о күндер.
Жұмыртқадай аршыған,
Алма бет, қызыл еріндер.
Емізіп тілдің шырынын,
Ертеңсіз дүние қызығын
Мәңгілік болар дедіндер,
Шынында шыншыл едіңдер,
О, қайран, сол бір сенімдер!
Он сегіз жастың отынан
Шарпылмай аман кім өткен?
Жұлдыздай болып жосыған,
Жерге бір ғашық жүрекпен
Ғашықтар ғайып болыпты,
Айқасып барып түнекпен.
Соларға деген ізеттен
Жүрегім талай шым еткен...
Өткердім жыл мен айларды,
Он сегіз қалды алыстап.
Жүрегім талай қайғы алды,
Ұшпады қиял шарықтап.
Жаныма шаттық бермеді,
Жап-жасыл жазғы таныс бақ,
Көңілім бірақ сенбеді,
Алдыға бас деп қарыштап.
Базарға кірдім басқадай
Тұр екен бәрі құн бұлдап.
Тоқтадым алға аттамай,
Көзімнің алды бұлдырлап.
Алыстап бара жатқандай
Қоңырау үні сыңғырлап.
Теңгелер ғана сылдырлап,
Сағымды менің сындырмақ...
Қымыран исі аңқыған
Қызылды-жасыл сол күндер,
Теңіздей тентек шалқыған,
Шалғынға түскен соңғы іздер,
Сонау бір менің таңғы шық,
Сәтімді сендер көрдіңдер,
Сәнім мен әнім, бағымды
Апарып кімге бердіндер?
Сұрайын оны сеңдерден,
Келмеске кеткен күндерім.
Шертілмей жатқан шерлерден
Табылар, бәлкім, білмегім.
Шертіліп кетсе барлығы,
Шерменде болып жүргенім...
Шалғында калған іздерім
Шаттығым ба екен бір менің?





Пікір жазу