22.05.2022
  110


Автор: Әбубәкір Қайран

Алыстан бір үн естілген...

Алыстан бір үн естілген...
(Ай батқан және түн ауған).
Жолаушы ма екен кеш жүрген,
Аумайды-ау даусы жылаудан.
Еңсесін езіп ауыр мұң,
Еңіреп жылап бара ма ол?
Сыртына сүйреп ауылдың,
Сырықтай түзу қара жол.
Есалаң ол ма, мен бе әлде?..
Естілді тағы... сыңсиды.
Отыр ма өксіп шерменде,
Паналап желден бір шиді.
Желегі түспей жас қалған,
Жесір ме әлде, кім білсін.
Көзінен жұрттың жасқанған,
Жесірге түскен күн құрсын.
Ару ма екен ай мандай,
Арына таңба салған кім?
Қара түн шашын жайғандай...
«Алдаңдың, сорлы, алдандың...»
Құдай-ау, міне, тағы да –
Қасымда сыңсып отыр кім?
Сағынып келген жаныма,
Сағынышым ба екен...
Соқырмын...
Алыстан бір үн естілген,
Сол түнді кейде тілдеймін.
Ыңырсып жолмен кеш жүрген,
Өзім бе, ол ма, білмеймін.





Пікір жазу