22.05.2022
  132


Автор: Әбубәкір Қайран

Елес

Елес. Елес. Қалмай қойды бір елес,
Қыр соңыма түскені бір бұл емес.
Шашын жайған, сәл мұңайған сол бейне,
Кейде қайсар, кейде сайқал, күлегеш.
Керенау түн. Кермал самал. Кең көше,
Кең көшеде адаспадым мен неше?
Елес менің есімді алды, қайтейін,
Елес болып мен де кетем ендеше!
Жанарымды жасқа малам кейде мен,
Жан арымды мазалайды ой деген.
Ақ бораны азынаған қыс түні,
Атып шығам кең көшеге жейдемен.
Елес мені, мен елесті мазақтап,
Өтті көктем, өтті қыс пен жаз аптап,
Елес қуып, есі кеткен әлдекім
Келе жатыр өзін-өзі азаптап.
Келе жатыр... Кімнің несі кеткендей,
Өтер ол жан еш адамды жек көрмей.
Елес қуып, елден жырақ бөлінер,
Ұясынан ұзап ұшқан кептердей.
Елес пе екен ессіз ғашық, дерт өлең,
Күндіз-түні күрсіндіріп өртеген?..
Ақын-елес, елес-ақын екеуі,
Жолға шығып бара жатыр ертемен.





Пікір жазу