22.05.2022
  103


Автор: Әбубәкір Қайран

Сені қалай дәл теңегем Ерменге

“Қызығым” деп қалай айтқам мен сені?!
Рас, сенің күлкің маған емші еді.
Шашылды ғой бақытымның бөлшегі,
Басылды ғой көкірегім еңселі.
“Қызығым” деп қалай айтқам мен сені?!
“Қызуым” деп қалай айттым, білмеймін,
Соны ойласам көзімді бір ілмеймін.
Өртеніп ап өзімді-өзім тілдеймін,
Көкжиекке құлап кеткен күндеймін.
“Қызуым” деп қалай айттым, білмеймін.
“Қызыл гүлім үлбіреген – сен” деппін,
Рас, сені самал болып тербеттім.
Қызылыңды бірақ маған бермепсің,
Қызығынды бірақ сенің көрмеппін.
“Қызыл гүлім елбіреген – сен” деппін.
Ақырында сені теңеп ерменге,
Баламанды дәл тауыпты шерменде.
Ерменге тән ерлік тұрды кеуденде,
Көп жылдан соң маған іздеп келгенде.
Сені қалай дәл теңегем ерменге?!





Пікір жазу