МЕДБИКЕ ҚЫЗ
Самалы мына өлкенің есті əр күз,
Өткіздің қаншалаған кешті жалғыз.
Халқың теңіз сен сонда қалқып жүрген,
Аққусың айдындағы медбике қыз.
Сан науқас қайта өмірге қақты қанат,
Жаудыраған жанарлар жатты қарап.
Шипалы сенің сүйрік саусақтарың,
Басқаға берді талай бақты балап.
Селдеген ықыласты сезімдерің,
Не деген көнімді едің, төзімді едің.
Кірпігіңнен созылып талай таңдар,
Арайлап атқанында көз ілмедің.
Қараймын саған əр кез даралап тым,
Бақытындай сезінем бар алаптың.
Достарың серуенге аттанғанда,
Сен асығыс жұмысқа бара жаттың.
Науқасы жаутаңдатып жанын қысқан,
Жандарға ақ ниетің алып ұшқан.
Елім деген еркем
-ай, елігім
-ай,
Сенің жаның жаралған сағыныштан.
Айлар аунап жеткенде көктем күліп,
Жасың сынды жауынын төккен бұлт.
Кездесе алмай ғашығың кетіп жүрді,
Терезеңнің сыртынан көп телміріп.
Келтіре алмай кезегін сырласудың,
Көңілін де қалдырдың құрдасыңның.
Елім деген ерекше сезімменен,
Ескермедің бақытын бір басыңның.
Көңіліңді айтпадым ақ деп тегін,
Тілегім сол басыңнан бақ кетпесін.
Саған мол ел
-жұртыңның алғысы да,
Аман бол, айналайын, ақ кептерім.
Қыс, көктем, жаз десем де, күз десем де,
Дайын тұрдың қай уақыт іздесем де.
Аяулы болса адамның жаны қандай,
Соншалық аяулысың бізге сен де!