22.05.2022
  131


Автор: Әбубәкір Қайран

Мылтықтың монологы

Мен – мылтықпын,
Мылқаумын, саңыраумын,
Қарасымнан қайтады сағы жаудың.
Қайырымсыз, қайғысыз, үмітсізбін,
Ауызымда ақ түтін, азынаулы үн.
Үйретемін үніммен құдіретті
Не екенін атасын танымаудың.
Мен – мылтықпын.
Мен – құлмын. Адам – тәңір.
Ием тынбай мен қалай табам сабыр.
Өзегімді өртейді берген асы,
Қайран ішім қайнайды қазанша бір.
Садақ бабам: – Санасыз құдайларды –
Деді маған – қайғыға қамалта тұр.
Сонан кейін жебесін желге ұшырды
Құдайы да құлады ер мүсінді.
Ол құдайдың баласы мені қолға ап:
«Көрсет, – деді – мылтығым, сен күшіңді.»
Сонда ғана мен білдім –
Құл екенмін.
Құдайымның қолында тұр екенмін.
Қорғасынды жұттым да от түкірдім.
Қанын төктім сол жерде бір есердің.
Дедім іштей өзімнің құдайыма:
«Сенің дағы күніңді түн етермін».
Болды солай,
Оған мен сенген едім.
Адам болды ақыры көздегенім.
Ақымақтар ажалды үстап түрып,
Қуанысты тапқандай ең керегін!
Мен – мылтықпын,
Ұрпақсыз емеспін мен –
Олар келді дүниеге ерекше үнмен
Менен гөрі менмендеу дүлей болып,
Өртін қойды өмірге ер екпінмен.
(Адам шіркін мұны да керексінген).
Олар – менің ұлдарым,
Бірақ, бірақ
Құдайларға сөйлейді бөлек тілмен,
Жан қоймауға тырысып өзектіден.
Оларды емес, қарғайды адамдарды,
Қорқатындар қорғасын қоректіден.
Мен – мылтықпын,
Қалжырап шаршағамын.
Адам – құдай істеуде аңсағанын
Мен бірақ та әлі де қызықты етем
Аң құмарлау адамның қансонарын.
Мен – мылтықпын
Өмірім аз-ақ қалды.
Дауысыммен бұзбаймын ғажап таңды.
Менсіз дағы «мейірлі тәңірлерім»
Арқалап жүр ап-ауыр азаптарды.
«Ей адамдар,– дер едім тілім болса –
Жандарыңа бір уақыт тыным болса.
Ұрпағымнан қорқыңдар енді менің,
Олар керек қылмайды мыңыңды онша.
Сондықтан да құртыңдар тұқымымды,
Өшіреді әйтпесе түтініңді».
Ақыл айту адамға маған жаттау
Ей пенделер, әйтсе де, азаң қатты-ау.
Қаруыңның қарты ғой сөйлеп тұрған,
Тілегі оның: өзіңді арандатпау.
Тілегі оның: Адам боп жаратылып,
Жауыздықпен жалғасып, адамды атпау.





Пікір жазу