Кіріптармын
Кіріптармын, бәріне
Кіріптармын.
Кәусарына тоймадым тұнықтардың.
Бұзықтардың былғанған пышағындай,
Күнәнің де не екенін біліп қалдым.
Жарқ етпедім қайтадан жай отындай,
Қылпып тұрып, қынымда жүріп қалдым.
Бірақ.... Бірақ паңсыған немелердің
Тас жүрегін келіп жүр бұзып-жарғым.
Кіріптармын!
Қол жаям! Жұрт қарасын!
Ұрттап жүрген ұлмын мен ұрттамасын.
Мен өмірдің бергенін ала берем,
Бұл ісімді пенделер құптамасын.
Олар тоңбас тоңдары тозбағасын,
Налымас та білген соң өз бағасын.
Мырза керек ал маған түсіп берер
Ұлы жәңгір бәйгеде озған атын.
Қыран керек қиырға самғарымда
Қиып беріп кететін өз қанатын.
Дандайсыған жандарды дал қылуға
Дауыл керек қара жер қозғалатын.
Дарын керек дауылмен қозданатын.
Данқ та керек далама сөз болатын.
Бәрі керек, бұл маған бәрі керек,
Үні керек бұлбұлдың әні бөлек.
Көп керектің барлығын көре алмасам,
Бұл өмірдің ойлаймын мәні не деп.
Мен бәріне әзірше кіріптармын,
Ортасында жүргем жоқ қызықтардың.
Жүріп қалдым жастықпен шарап ішіп,
Сол шарапқа бір демде қызып қалдым.
Бітті бәрі!
Енді мен түйілемін
Жұдырығы секілді мұжықтардың.