22.05.2022
  328


Автор: Әбубәкір Қайран

ҚАЙЫРСЫЗ ДОРБА

Бұйрат-бұйрат, төбе-төбе құмдардың,
Арасында үйі тұрды Құрманның.
Жалғыз үй мен жалғыз шетен қой қора,
Жаны да еді, сәні де еді бұл маңның.
Құрман қойшы «шәй-шәйлайды» таңменен,
Қораланып қой өреді сәнменен.
Шабан торы шайқалады ақырын,
Байқалады бақастығы шалменен.
Тораңғысы тырс етпесе томсарып,
Сексеуілі селт етпейтін соншалық,
Осы өлкенің оттай ыстық күні бар,
Жіберетін жер-әлемді монша ғып.
 Күні өтпейді күйдірумен шілденің,
Бұл тозақтың таба алмайсың бір де емін.
Құрман шалдың «құдайы» бар қорғайтын, –
Құм ішінде өткереді күндерін.
Ат шөлдесе шөлдемейді бұл шалың,
Қой шөлдесе, шөлдемейді бұл шалың,
Су орнына сіміретін секілді,
Қой соңынан көтерілген құм шаңын.
Жаман тымақ шекесінде қисайып,
Бет-аузынан бедер тайып, нұр тайып.
Шал жүреді шабан атпен боқтасып,
Еңкіш тұлға ер үстінде қиқайып.
Жақын тартпай туысы мен туғанын,
Құрман жүрді қуырдақ қып қу жанын.
«Зейнетіне кетпей ме енді,
Өмірдің
Татудай-ақ татты емес пе тұз-дәмін» −
Деген жүрттың елемейді сөзін де,
Ондай кезде от ойнайды көзінде –
Тіршіліктен алып болмай аларын,
Ол риза болмақ емес өмірге.
Ел тілінде иман бар ма, жын бар ма,
Кім сенеді мына сөзге бұл маңда –
Тесік етік, жыртық тымақ киген шал,
Миллион сома жатыр дейді Құрманда.
Бай дегенге кім сенеді Құрманды,
Құрман деген қурап қалған бір жарлы.
 Жарлы байғұс жарымайды суға да,
Жаматады сынған кесе, құмғанды.
Кемпірінің қайыршыдай кебі жоқ,
Күндіз-түні отырғаны еңіреп.
Шал отырса көздеріне қан толып,
Сүтті дағы қата алмайды көбірек.
Жалғыз бала қала кетті қаңғырып,
Көрмепті оны мейірімге қандырып.
Сол баласы бітірген соң мектебін,
Қуды әкесі, бүкіл елді таң қылып.
Бала кетті... Шалдың жері кеңіді,
Кемпір қалды... Кемпір ғана серігі.
Құмға сіңген Құрман шалда күдік жоқ,
Әзір толқи қоймас оның көңілі.
Рас, шалдың миллион жатыр қойнында,
Тері сіңген тері дорба мойнында.
Бұл дорбада буда-буда ақша бар,
Бұл дорбада иісі бар қойдың да.
Шал төзімі бұл дорбада сақтаулы,
Шал үміті бұл дорбада ақтаулы.
Дорба толып келе жатса Құрман шал,
Еске алмайды енді қойды бақпауды.
Ел қуанар арттан ерген ұл барда,
Бақыт дейді – бала күліп тұрғанда.
Бала деген... Бала деген... о, тоба,
Бақыт емес, бәле болды Құрманға!
Жалғыз жауы жалғыз бала – Сағымбай,
Келіп қапты кесір әке сағынбай.
 Бойлы-сойлы жігіт бопты мып-мығым,
Ата-анаға өскен жастан шағынбай.
Келді үйіне кердең басып керіліп,
Белең алған бестідей боп семіріп.
Бір жартылық арақ алып сөмкеден,
Ішті дағы ұйықтап алды көз іліп.
Оянып ап тағы да ішті арақтан,
– Нәрсіз, – деді, дәм татпады тамақтан.
Кемпір жаққа ала көзбен қарайды.
Анасы отыр: – Сақтай гөр деп, жаратқан!
Шал да келді қойын бағып, шалдығып,
Баласы отыр... Байғұс шалды таң қылып.
Қара пәле секілденген ұлына:
"Қайдан келдің, – дей алмады, – қаңғырып?"
Баласы да бет бұрыпты жаулыққа,
Айтыспады амандық та, саулық та.
Сағымбайды сараң шалың теңемес,
Егіз қозы табатұғын саулыққа.
Шалт бұрылып кете берді шал шығып,
Ат шылбырын шеше берді алқынып.
Аздан кейін алты қырдан ары асты,
Аттан бұрын өзі терге малшынып.
Бір сиынып алды дағы піріне,
Қимайтұғын миллион сомды тіріге.
Дорбасымен көміп салды Құрман шал,
Құжынаған құм төбенің біріне...
...Құрман қайтып таба алмады дорбасын,
Мәңгі көмді өмір серік жолдасын.
 Дорба артынан көз жүмыпты өзі де,
Өмір сүру онсыз қиын болғасын.
Одан кейін не болғанын білмедік,
Сол маңайға біреу жүрді мың келіп.
Танитын жұрт Сағымбай сол деседі,
Күрек алып дорба іздеген құм кезіп.





Пікір жазу