Жүз жыл өтті
Жүз жыл өтті ұлылық көз жұмғалы,
Көрге бірге көмілді өз жұмбағы.
Солғындады сорлы тіл содан бері,
Томаша жұрт томсарып, тозғындады.
Сөздің мәні сөгілді бой-бой болып,
Ытқып ақты қып-қызыл көздің қаны.
Жүз жыл өтті ұлылық көз жұмғалы!
Ғасыр өтті ғажайып нұр көшкелі,
Дүмпіп өтті дүлейдің дүрмектері.
Білместері көбейіп біздің жұрттың,
Танауынан қара қан дірдектеді.
Кірлетпеді кім сонда аппақ арын,
Арманына кім жетіп, кім жетпеді?!
Ғасыр өтті ғажайып нұр көшкелі!
Жүз жыл бұрын ұлы Абай баз кешкенде,
Өлеңінен қазақтың саз кеткенде,
Әздектерге ілесіп ән менен жыр,
Қара саннан қара өлең қан кешкенде,
Қайыспаған қайда екен қайран ерлер
Қарсы шапқан атойлап наркескенге?!
Жүз жыл бұрын ұлы Абай баз кешкенде!
О, қазақ-ай! Не деген өлермен ең,
Тепсе дағы доп қылып көнермеген!
Кезермеген ерінің Кербалада,
Жүріп өтіп жүз жылды төбеңменен.
Өнерменен бір туған егіз едің,
Несиесі ешқашан төленбеген.
Сайрап тұрған санаңа бүгін таңда
Сіңбес болып барады өлең деген.
Жүз жыл өтті ұлы Абай көз жұмғалы,
Ойы жоқ-ау айналып келем деген...