Қоржындағы бас
Жасырғандай –
Жазылмайтын жараны,
Жасырғандай –
Жан шошитын қазаны –
«Уақыт бәрін емдейді де жазады» –
Дейді халық,
Жұбатқандай баланы.
Жалғаныңда –
Жазылмайтын жара бар.
Қаза да бар көтере алмас қара нар.
Таба да бар –
Таңба болған сүйекке,
Тарих қана тасқа қашап жаза алар!
Ұмытылмас ұлы істермен жарысып,
Жаманаттар жағаласып,
Қарысып,
Жетіп келді жалаулатып бұл күнге,
Басты шауып,
Бақай қырқып,
Қан ішіп!
Бір біз емес,
Бар халықтың шемені
Шер-жүректі сыздатумен келеді.
Өзі өлтіріп ақындарын,
Себебі
Ар алдында бетін баса береді.
Мәңгі-бақи серпілмейтін бұл бір мұң
Ар жағынан сөйлеп тұрар мың жылдың.
Бәрі бекер –
Намыстандың,
Қынжылдың –
Шырмауынан шыға алмайсың шынжырдың.
Сол бір шынжыр...
Сорлатады жаныңды.
Қайнатады «қазақ» деген қаныңды,
Ұлы ақынның басын кескен қағынды
Былғауда әлі біріңді емес,
Бәріңді!..
О, қайран ер!
Өзі батыр,өзі ақын –
Махамбет те жаза алмады қанатын.
«Елім!» деген еңіреген сол ақын
Қаныменен жазып кетті өз атын.
Жазып кетті соңғы жырын қанымен:
«Ораламын!
Кек аламын әлі мен!
Кезігемін сұлтанымен,
Ханымен,
Сайысамын сатқындардың санымен!..»
Жыры қалды!
Қаны қалды орнында!
Ақын басы сыйып кетті қоржынға!..
Қандасыңның қанын ішіп,
Сордың ба,
Сорлы қазақ, елге мазақ болдың ба?!
Бұзық көп қой,
Қылық көп қой бойға сын –
Былай қойып былқып піскен қой басын,
Ұлы ақынның басын тартып ұлыққа,
Ықыластар тірлік тойын тойласын!
Солай! Солай!
Тірлік тойын тойлаған.
Ұлы ақынның басыменен ойнаған.
Сол қазақтай тарихта адам болмаған,
Соны ойласам –
Намыстанам, қорланам!..
Жасырсақ та жазылмайтын жараны,
Жыр етеміз жан шошитын қазаны.
Ат көтінде,
Ала қоржын ішінде
Ақын басы әлі кетіп барады.
Ақын басы айғай салып барады.
Ақын басы ойран салып барады!