22.05.2022
  225


Автор: Әбубәкір Қайран

Сіргелі Елшібек батырдың Түркістанмен қоштасуы

Салқар да салқар, дүние-ай!
Түркістанның күнін-ай!
Түркістанның мұңын-ай!
Дүлей, дүрден қайтпаған,
Дүмді елімнің ұлын-ай!
Еңселі елдің баласын
Елемес пе бұ құдай,
Жебемес пе бұ құдай!?
Айтып-айтпай не керек,
Біздер кидік кебенек.
Жау жоңғарға жем қылған
Сұм заманның сұрын-ай!
О, Байтақтым!
Міндімін.
Үзілді-ау сенен кіндігім...
Әзірет Сұлтан ұстаған
Мұстафаның Шындығын.
Жырын жырлап өтіпті ол
Дінді менен мұңдының.
Қазаққа алтын күн шығып,
Әзіз Тәуке ту тігіп,
«Жеті жарғы» жазған жер
Тыймаққа елдің сұмдығын –
Сені тастап барамын,
Уай, міндімін, міндімін!
Уай, не дейін енді мен –
Шона Доба кергіген.
(Қаракерей Қабанбай.
Қажет болған мезгіл ең!
 «Түркістанды қорға!» деп,
Шын бұйырған зеңгір ең!)
Айтсам сөзді айыптай –
Әз Тәуке мен Қайыптай
Бола алмады Абылай –
«Қанішер» деп ат алды,
Елі шықпай езгіден...
Ай, Түркістан, ардағым,
Өртенгенім жанғаным.
Шыққыр көзім көрсетті
Қонтайшының алғанын.
Бүгін білдім, Түркістан,
Әз Тәукенің салмағын.
Бүгін білдім, Түркістан,
Бұ дүниенің жалғанын!
«Бірте-бірте... Біртіндеп
Қайтарамыз бір күн» деп,
Бір Тәңірге жалындым,
Бір қазақтай зарладым.
Жеті жақтан қол қойған
Жоңғар ноян салды ойран.
Елім мынау қорланған,
Жерім мынау сорланған.
От қаруын алсақ па
Орыс деген орманнан?..
Ханы қайда халқымның
Ары қайда антымның!?
Уай, Түркістан, киелім,
Өзің болдың соңғы арман.
Ай, Түркістан!
Жетіммін.
 Шаппай жатып кетілдім.
«Өлмей кетті» демеші,
Өлмей кетсем –
Кешіргін,
Оқ бұзбады көбемді –
Оқ жыландай көсілдім.
От бұзбады денемді –
Сақсауытты шешіндім.
Жанарымды шаң торып,
Сақсырыма қан толып,
Жас бурадай есірдім,
Жетпіс жерден кесілдім.
Айтып-айтпай не керек,
Сені тастап барамын,
Ай, киелім, кешіргін!
Ай!..
Түркістанның күнін-ай!
Түркістанның мұңын-ай!
Қазаққа күн тумайды
Шона Доба құрымай,
Сыбан Рабтан құрымай,
Жұтар ма едім, дүние-ай,
Арам қанын жылыдай!
Ереуілін мен мінсем,
Аруларын өңгерсем –
Елер ме екен ер ғой деп,
Қас асылдың сынығы-ай!
Қош, Түркістан!
Бұ шақта.
Қайғы-мұңым құшақта!
Өз қолыммен бергем жоқ
Қара пышақ – қасапқа.
 Майың қалсын у татып,
Дұшпанға бал асатпа!
Тірі кетті демегін!
Өлі кетті демегін!
Өкініштен өлермін
Қалсам жаман атаққа!
Ай, Түркістан!
Арым – Сен.
Қош болып тұр әзірше.
Қос мүшелге жеткем жоқ,
Жас батырмын әлімше.
Жанарымда нұр ойнар
Көк күмбезің көрінсе!
Басын жаудың алармын,
Топырағың боп қалармын –
Әзірет Сұлтан көзінше,
Әз Тәукенің көзінше!..





Пікір жазу