22.05.2022
  200


Автор: Әбубәкір Қайран

Соңғы толғаныс

Бір жарым ғасыр өтті содан бері
Құпия сырды қозғап тереңдегі.
Рухы хан Кененің көкті шарлап,
Қанша өрлеп, қаншама рет төмендеді.
Қазақтың қазақтығы қақпақыл боп,
Қанша өліп, қаншама рет көгермеді?!
Бейнесін соңғы ханның қалды сақтап
Елінің жыр мен дастан, өлеңдері.
Қазақтың қазақтығын қалды сақтап
Елінің өр ерлері, өлермені.
Тайталас, табан тірес, тартысумен
Бір жарым ғасыр өтті содан бері.
Біздің сөз сөзіндей ме наразының?
Тең басқан сәті қайсы таразының?
Назасын ұмыттық па ұлы жұрттың,
Жазасын кешірдік пе жазалының?
Тарихтың шежіресін оқығанның
Көзінен қорғасындай тамады мұң.
Қылышын сипар еді ол бабалардың,
Жебесін сүйер еді ол садағының!
Халқының қасиетін қастер тұтқан
Көптігі қандай ғажап саналының!
Кеудеде бір үміттер ұшқындайды
Кененің отындай боп жанарының.
Көтеріп жүгін өткен қара нардың
Бас идік аруағына бабалардың.
Айтылар сөздер бірақ айтылды ма
Аузында тұрған сыздап жаралардың?
Жауабын жайдай етіп бере алдық па
Намысқа тиіп жатқан табалардың?
 Бет қойып, белді буып жүре алдық па
Өксіген өтеуіне адал ардың?
Әлі де біздің тарих бітеу жатыр
Құлаған орнындай боп қалалардың.
Өшпейтін зар заманның қара дағы –
Сорғалап қалған ізі қара қанның!
Жасынан жау ілініп назарына,
«Аттандап» қарсы шапқан ажалына,
Кешегі кетті емес пе Кенесары
Ар ісін аманаттап қазағына!
Даңқ үшін, жаулау үшін шапқан жоқ қой,
Ойрандап, орыс-қоқан қамалына.
Дұшпанға қолды болған алтын басы
Түңілмей, төзіп өтті азабына.
Дүние-ай, қырғызда өлген достарының
Бастарын ілді Қоқан базарына!
Басы емес тек Кененің, қанша бастар
Тәлкек боп, түсті жаудың табанына.
Кеудені, Кенені айтсақ, қари ма мұң?
Ту етіп көтереміз фәни – жанын.
Біз бірақ қамауынан шықпай жүрміз
Баяғы басқыншылық қағиданың.
Көңілге медеу еттік, білгеннен соң
Өсетін артымызда сәби барын.
Шіркін-ай, қазып, қаттап қояр ма едік,
Тарихтың тылсымының бәрін-бәрін!
Шіркін-ай, қайта оралтып алар ма едік
Зарлаған замандардың сарындарын!..
Дәл бүгін Кенесары көтеріп тұр
Қазақтың намысы мен ар-иманын!





Пікір жазу