22.05.2022
  136


Автор: Әбубәкір Қайран

Белгісіздік

Белгісіздік!
Бұл менің кереметім!
Кереметім – өмірмен ерегесім.
Белгісіздік – медиен құла түзім
Қаталайтын, ерінім кезеретін.
Ол мүмкін ағыл-тегіл ақ нөсер боп,
Қандырар қара түздің кенезесін.
Ол мүмкін пайғамбарлық парасат боп,
Бұзады терең ойдың кенересін.
Ол маған жауым боп та кездеседі
Қаруын қарсы келіп кезенетін.
О, менің белгісі жоқ керметім,
Сен ғана бұл өмірде сенер есім!
Белгісіздік!
Бұл менің асыл арым.
Тасығаным, немесе жасығаным.
Қамшымды қара бұлттай сілтеп-сілтеп,
Артынан нөсерлетіп шыламын.
Белгісіз үміттерге иек сүйеп,
Көктейді сонда менің жапырағым.
Белгісіз бір әуеннің соңына еріп,
Шырқайды жүрек сонда ғашық әнін.
О, менің белгісі жоқ асыл арым,
Өзіңе өле-өлгенше бас ұрамын!
Белгісіздік!
Бұл менің мият күнім.
Мен соған тым тәуелді сияқтымын.
Жылаған «айды әпер» деп жас баладай
Белгісіз күндеріме жылап тұрмын.
Білмеймін қаншама рет құс боп ұшып,
Білмеймін қаншама рет құлап-тұрдым.
Белгісіз бір қиырға көз талдырып,
Белгісіз бір дауысқа құлақ түрдім.
Белгісіз ертеңіме ернім кеуіп,
Келеді не боларын сұрап-білгім.
О, менің белгісі жоқ мият күнім,
Мен саған тым тәуелді сияқтымын.
Белгісіздік!
Бұл менің ғазалдарым.
Ғазалдарым – ғажайып әз арманым.
Ажалдан әз арманым биік тұрар,
Ендеше жазам бәрін, жазам бәрін.
Бейтарап бір қиянда жатқан шығар
Жап-жасыл жан баспаған оралдарым.
Қалғумен, құлазумен тұр ма екенсің
Қара ну, қара қоныс, қара орманым.
Өртеніп сағыныштан соларды ойлап,
Сарнайды сары қурайдай санамдағы үн.
О, менің белгісі жоқ ғазалдарым,
Ендеше жазам бәрін, жазам бәрін!





Пікір жазу