Ойжайлауда. Қырғыздар
Кім көрген Ойжайлаудай жер жәннатын!
Барған жан естен танып таң қалатын.
Баулары жетпіс түрлі жеміс беріп,
Таулары көшкен бұлтты қарманатын.
Қақ жарып Ойжайлауды Лепсі ағады
Көк тоғай жағасында топталады.
Табиғат сыйға тартқан сұлулықты
Көрген жан пейіш төрі деп қалады.
Ойжайлау, міне, бүгін абыр-сабыр,
Толысқан маусым айы барынша бір.
Бір жақта – жұмыртқадай аппақ үйлер,
Бір жақта – орыс тіккен қалың шатыр.
Ақ үйлер салтанатпен найқалып тұр,
Құшады көк күмбезін айқарып нұр.
Өкшесі жерге тимей жүгірген көп,
Келбеті бір жиынның байқалып тұр.
Көп шатыр көгереңдеп әскер тіккен,
Әспенсіп тілдескендей төңірекпен.
Жатырқап, адам түгіл, мал шошиды
Қаз қатар құрып қойған зеңбіректен.
Асылып жатыр кілең тай қазандар,
Ас басшы маңайында байбаламдар.
Әр үйде ұлықтар мен төре, билер,
Жоқ мұнда жолы кіші, майда адамдар.
Ордадай бір үлкен үй тігіліпті,
Іргесі жел жағынан түріліпті.
Ұлы жүз, Орта жүздің би, сұлтаны
Алқалап отыр келген ірі ұлықты.
Жіберген осы маңды кенен қылып,
Не деген десеңіздер кемелділік –
Омбыдан керуен сүйреп, арнай келген
Генерал Вишневский деген ұлық.
Бұл ұлық патшасы үшін тігер басын,
Аңдаса болашақты – бұл аңдасын.
Беделді, бетті ұлықтың біреуі – осы
Билеген Батыс Сібір губерниясын.
Тоймайтын аран нені аңсатпаған,
Тисе де азсынады жалпақ ғалам.
Ресей Ұлы жүзге құрық салмақ,
Қоқан мен Қытай жаққа жалтақтаған.
Бұл өзі көптен бергі мақсат еді.
(Аңдыған тышқан бір күн қап теседі.)
Сыйлық көп билер менен сұлтандарға,
Сондықтан бұл жиынның аста-төгі.
Жиналды бүкіл Үйсін би, сұлтаны.
Жанып тұр орыстардың сиқыр шамы.
Болмаған бұрындары бұндай жиын –
Өзгермек Ұлы жүздің «тылсым» шағы.
Жиынның бас боп жүрген ұйытқысы,
Өзгеден «өзім» деген биік кісі –
Көсемі дулаттардың Сүйік сұлтан
Бұл жерде генералдың сүйіктісі.
Орысқа қосылуға тым-ақ асық,
Осы іске жүреді ылғи араласып.
Ол былтыр бір топ биге хат жаздырған –
«Берсе, – деп, – Қараталдан дуан ашып».
Сол хатта көп өтінген, көп жылаған.
«Әскер бер тым құрмаса!» – деп сұраған.
Көп қорлық көрген Қоқан, қырғыздан да,
Ел-жұрттың қамын шындап жеп сұраған.
Мұнысы орыстарға қатты ұнады,
Көрініп тұрған жоқ па жақсы жағы?!
Генерал, құдай қосса, осы жолы
Шеп-шекпен, алтын медаль тапсырады.
Сүйікке оң иығын сүйей келген
Мұндағы Әли сұлтан бір – өлермен.
Жаулары – матай, садыр, қаракерей,
Түнеріп әлі де отыр түнергеннен.
Бұл дағы ұлықтарға шағымданған,
Айырылып қалған талай қалың малдан.
Қорғайтын Орта жүзден әскер алу –
Бұл үшін қол жетпейтін сағымды арман...
Ұлы жүздің биі мен жуаны да
Бұл жиынды бас шұлғып, құп алуда.
Бөлен сұлтан бөлекше көрініп жүр –
Аға сұлтан Аякөз дуанына.
Түндей болып түнеріп ойланғанда,
Күндей болып күледі жайланғанда.
Генералдың қосынын қондырған сол
Өзі жайлап отырған Ойжайлауға.
Біреулерге сөйлейді бәсең күліп,
Сонсоң алар түріне сұс ендіріп.
Кенесары келгелі Жетісуға
Кеткендейін артына тікен кіріп.
Айықпайтын мұң болды бұл бір өзі,
Сезетіндей бір пәле, қу жүрегі.
Дүрліктірген дүлейлік дүйім елді,
Жетісуды қайтсе де бүлдіреді.
Кенесары Балқашқа құлап жеткен,
Қамау деген түбекті тұрақ та еткен.
Соңынан орыс қолы қалмаған соң,
Ілені кешіп-жалдап бұ жаққа өткен.
Көктемде көші басты Көксу бойын.
Үйсінге бұл қадамы төкті үрейін.
Майтөбе, Күреңкейді жайлап алды,
Бұратын түрі де жоқ бетті кейін.
Заңға емес, бұрған жан ғой қанға бетін,
Қылышын сілтеп қалса, жан бересің.
Ордасын кең жайлауға тігіп қойып,
Өткізді кеше ғана Хан Кеңесін.
Ол қашан айтқанынан танып, қайтты?!
Аларын алар жерде алып қайтты.
Басшысы қалың дулат – Әли сұлтан
Алдына сәлем беріп барып қайтты.
Кірмес-ау Бөлен сұлтан бұл істерге...
Қайтеді Кене шындап кіріскенде?
Кенеге қабақ беріп, ығып отыр
Матайды қырып салған Рүстем де...
Түбіне батар Бөлен ой-түнектің,
Орны бар орындалар қай тілектің?
Дулаттың бетке ұстаған батыр, биі –
Райы ұнамайды Тойшыбектің.
Мінеки, ұлы жиын жатыр өтіп,
Кәпірді аузы түкті жақын етіп.
Бір дұға іштен айтты Бөлен сұлтан,
«Дініме кір жұқты-ау, – деп, – ақыреттік!
Әншейін шарасыздық дұға қылған,
Кім аттап кетпей жатыр құранынан –
Келді ғой сұлтан, билер Қарқаралы,
Көкпекті, Аякөздің дуанынан...».
Білдірмей Бөлен сұлтан бір күрсінді.
Әйтеуір, осы орысқа ділгір сынды.
Маңына алақ-жұлақ қарап қойды
Қалардай біреу байқап кірбің сырды...
Орталап орыс-қазақ кеңесі де,
Жақындап қалды жиын мәресіне.
Жапырып көк шалғынды шынтақтасты
Қазақтың қарасы да, төресі де.
Күнінің шілде басы оты күшті –
Кең сарай болмағаны өкінішті.
Көк шатыр көлемді етіп тігіп тастап,
Орыстар орындыққа отырысты.
Жаршы айтты: «Жұрт сөзіме жүгінсін, – деп, –
Іске аспақ ұлы парыз, ұлы міндет.
Әр елдің мұнда келген би, сұлтаны
Қаз-қатар, қарсы отырып тізілсін», – деп.
Қаз-қатар, қарсы отырды сұлтан, билер,
Әңгіме сап тыйылған «үй» дер, «бүй» дер.
Тып-тыныш, тынып қалды бүкіл аймақ,
Тоқтады әсем ән мен тәтті күйлер.
Орыстың бір ұлығы түрегелді,
Сөздерін судыратып жүре берді.
Орысша білері бар, білмесі бар –
Ұйытып бара жатыр тамам елді.
Тәнті етіп мұнша қазақ, мұнша орысты,
Әйтеуір, нұр шуаққа бір тоғытты.
Қазақтар бас шұлғысып, изеңдесіп,
Орыстар түрегеліп қол соғысты.
Сонан соң сөйлеп кетті жаршы – тілмаш,
Сөзінен шешен екен бір жаңылмас.
«Күпір боп, күмән ойлап жүрмеңіздер,
Күшіне Ресейдің жан шыдамас.
Сатқындық Ресейге қылмаңыздар,
Жолына көлденеңдеп тұрмаңыздар.
Беретін ант-уағдаға адал болып,
Ұлықтың айтқан сөзін тыңдаңыздар.
Ресей қол астына кірсеңіздер,
Айнымай, айтқанына жүрсеңіздер,
Тырнақты, тұмсықтыдан жәбір көрмей,
Туады бақытты өмір, білсеңіздер!
Көп қазір Ұлы жүзге қауіп деген,
Зұлымдық шаштан да көп жау істеген.
Қосылса бүкіл Үйсін Ресейге,
Болады қапталғандай сауытпенен.
Білесіз барлығыңыз Қоқан лаңын,
Көрдіңіз Хиуа, Қытай топандарын.
Ресей бауырына кірсеңіздер,
Сезесіз бір Алланың хош алғанын.
Орта жүз, білесіздер, бүгін қалай,
Жалтақтап жаудан қорықпас бұрынғыдай.
Рахатын дуандардың көріп отыр,
Мойынды бұрыңыздар соған қарай.
Бұл жиын жақсылықтың жолашары.
Қашанда орыс-қазақ жарасады.
Дегенмен елге бүлік салып отыр
Қанішер, қарақшы хан Кенесары.
Хан дейміз... Қайдағы хан! Қара албасты!
Құмартып қызыл қанға, жан алмақшы.
Ертеңін, елін-жұртын ойлағандар
Жүруге соңына еріп бара алмас-ты.
Ант бердік Ресейге адалдыққа!
Ант бердік бармас үшін жамандыққа!
Ант бердік Кенесары көзін құртып,
Күні ертең жетеміз деп амандыққа!
Ал енді «Ант бердік!» деп дауыстайық,
Антты аттап, адал жолдан ауыспайық.
Ант беріп болғаннан соң барлығымыз,
Қазірет дұға оқысын қолын жайып!»
Ағып кеп жаршы – тілмаш тоқтай қалды.
Көздері орыстардың оттай жанды.
«Ант еттік! Ант еттік!» деп дабыстаған
Дауысы қазақтардың көкті айналды.
Ортаға төселді бір кілем ғажап,
Үстіне молла шықты «ей, аллалап».
Молланың мәсісіне, сәлдесіне
Мән беріп қарап отыр кілең қазақ.
Дауысын қоңырлатып, қоюлатып,
Өрілтіп, өрнектетіп, оюлатып,
Қазірет бір сүрені оқып кетті,
Көпшілік тыңдап отыр бойы балқып.
Кәуір мен мұсылманды қауыштырып,
Қазірет сүре оқыды тауып тұрып.
«Ант қабыл, иншалла!» деп бет сипады,
Сақалын саусылдаған сауып тұрып.
Жиынның асыратын салтанатын
Сонан соң бір іс болды ел тамсанатын.
Ортаға Әли сұлтан шақырылып,
Генерал көрсетті оған мархабатын.
Әлидің жүзі балқып, албыраулы,
Мойнында алтын медаль салбыраулы.
Қазақта бұл атаққа жеткендер аз,
Мынандай алтын тағып қарғыбаулы.
Және алды шен мен шекпен мәртебелі,
Өзі де осы атаққа дәркер еді.
Шынында атақ-даңқсыз ұстау қиын
Теңіздей толқып тұрған тарпаң елді.
Әлидің асып кетті даңқы бұл күн,
Тастады таң қалдырып жалпы жұртын.
Сұлтанның атақ алған құрметіне
Атылды оқ зеңбіректен алты дүркін.
Зеңбірек үні тауды тітірентті.
Шаңдатты Ойжайлауды, түтіндетті.
Көп қазақ – «орыс ойран салды ма?!» – деп,
Бұл жайдың анық сырын түсінбепті.
Жүзіне иман тартып, сәл жымиып,
Генерал сөз сөйледі алтын иық.
Құттықтап тұрса дағы ұлы күнмен,
Сөздері секілденді дәл бұйырық.
Сөз сабы генералдың былай болды:
«Бұл елдің қайғы-мұңын Құдай көрді.
Өйткені – орыс елі Ұлы жүзге
Бет бұрып, қолын созып, шырай берді.
Ұлықтар елдің мұңын ескеріпті,
Шеккен зар, жапасын да тексеріпті.
Кірген соң Ресейдің қол астына,
Көңілі генералдың хош болыпты...»
Жиыны Ойжайлаудың – ұзақ шаруа.
Бастысы – қол қойылды құжаттарға.
Басылып бас бармақтар, жүрек мөрлер,
Шарт, шара мәселесі тұрақтанған.
Тербетіп, тебірентіп, күңірентіп,
Ат шабыс ертесінде болып өтті.
Қисапсыз құйған қымыз, сойылған мал,
Қызыққа ұлықтардың көңілі өсті...
Қазақтың тіс тигізіп қоңдысына,
Соңына шаңды ұшыра, көңді ұшыра,
Жарты айдан астам жатып Ойжайлауда,
Ұлықтар қайтып кетті Омбысына.
* * *
Хан Кене тірелгендей бір тұйыққа,
Ойлары тарта берер тұңғиыққа.
Көңілі бір толмады Ұлы жүзден,
Алса да жиырма мыңдай қол жиып та.
Алды-артын Омбы ұлығы ораса да,
Сыртынан суық сөздер бораса да,
Қоқаннан елді бөліп алу үшін
Тездетіп қол жинады келе сала.
Болса да бір өзіне күдіктері,
Үйсіннің би, сұлтанын үгіттеді.
Кененің үндеуіне үнін қосты
Дулат пен шапырашты жігіттері.
Секілді тау шыңында ұзын шынар,
Басында шапырашты Сұраншы бар.
Дулаттың Байсейіттей жас батыры –
Осылар ең айтулы ұраншылар.
Әкесі Байсейіттің ер Тойшыбек
Өз елін келе жатыр өрге сүйреп.
Өзі би, өзі батыр бұған қазір
Дулаттың Ботбайында теңдесі жоқ.
Өмірі мол шежіре тұнып тұрған,
Дұшпанын даңқыменен қызықтырған,
Үйсіннің ең таңдаулы үлкені осы
Кенеге бір бүйрегі бұрып тұрған.
Ботбайда батыр туған Сыпатай бар,
Әккі би алдын-артын тұтас ойлар.
Қарулы, қара тілді һәм ақылды,
Азуы мұқалмаған бұта шайнар.
Сыпатай сыр бермейді, сыналайды,
Көңілі тау суындай құламайды.
Сыпайы сөйлесе де, сырдаң тартар,
Кенеге осынысы ұнамайды.
Ал, Рүстем хан Кенеге немере аға.
Ол бұған шындап сүйеу бола ала ма?!
«Қасыңа барайын», – деп сөз салған соң,
«Келсең, кел», – деген еді осы араға.
Бар еді жаман аты ел айырған,
Қырғын сап матайларды орай ұрған.
Бұл дағы бұлтаң қағар үркек аттай,
Бермекші жігіт жинап жалайырдан?
Хан Кене бір күрсінді осы тұста,
Бір мұңды ой әкелгендей тосылысқа.
Маңдайға сыймай кетті ер Саурық,
Қырғыздан қаза тауып қапылыста.
Ойласа Саурықты жүрек сыздар.
Туар ма сол бір ердей білекті ұлдар.
Қазақта Саурықтар көп болса ғой,
Еліне сүйеу болар тірек шыңдар!
Жасында жау жолатпай жасын атты,
Асаудай арындады басы қатты.
Қырғыздар алдап соғып өлтіргенде,
Қайғырды қара тұтып Шапырашты.
Бәйтерек күні жетпей құлады ғой.
Тау талып, қыр еңіреп, жылады ой.
Күрсінді тағы Кене, күйіп іші –
Осыған жалғыз өзі кінәлі ғой!
Мазасыз мақсат-мүдде тұрғызған ба,
Уағында туады ғой жұлдыздар да.
Биылғы көктемнен-ақ Кенесары
Үш рет үндеу салған қырғыздарға.
Кене айтты: «Туыс болып қалайық, – деп,
Салауат өткен іске қылайық, – деп,
Үйсін мен қырғыздардың қанын сорған
Қоқанға көтеріліп шығайық, – деп.
Және айтты – уәдеме сеніңіздер.
Соңымнан ұран салып еріңіздер.
Сөзіме құлақ асып, көнсеңіздер,
Алдыма рәсім жасап келіңіздер».
Кененің осы хаты – шындығы еді,
Қостар деп ойлап еді қырғыз елі.
Қоқанға пенде болған манаптардың
Бар ғой деп сеніп еді бір білері.
Шыны мен өтірігін тоғыстырып,
Қырғызды айтақтады орыс ұлық.
«Қосылып бұлар кетсе қиын » ғой деп,
Екеуін қоймақ болды соғыстырып.
Қазақты демей қырғыз «бауырларым»,
Көрсетті қайта-қайта сауырларын.
Бір емес, бірнеше рет шауып кетті
Кененің келіп қонған ауылдарын.
Бұлқынтып қылықтары ет жүректі,
Доғартып дос пейілін, кекшіл етті.
Қалша би бастап келген елшілерді,
Ыза боп, бимен қоса тұтқын етті.
Білмейді – мақсатына жете ала ма,
Сапарын жол ортадан кесе ала ма?
Қырғыздан дәме күтіп қосылуға
Тағы да елші салды екі араға.
Әйтеуір бір үміті жанса-ақ игі,
Жүрегі қанша өртенді, қанша күйді!
Ақылға кеп қалған ба қырғыз жағы,
Етегін бір күндері тарта жиды.
Бас қосып, бір байламға тіреліпті.
«Қырғыздар, – деп ойлады, – міне, енді ұқты».
«Кененің келістік, – деп, – айтқанына»,
Манабын Қалығұлдай жіберіпті.
Жібитін сәті келіп қатқан кектің,
Дауасын тапқандай боп батқан дерттің,
Қырғыздың тұтқындарын босатты да,
Қаруын қайтып берді Тастанбектің.
Тастанбек қырғыздардың батыры еді,
Тырнағы қазаққа көп батып еді.
Өлген соң «өлмес» деген батыр ұлы,
Манаптар шындығында сасып еді.
Өр батыр өтем деген елін сатпай,
Кенеге сөз сөйледі тілін тартпай.
Кектеніп, адырайып көзі жатты
Басы ұшып кеткен кезде сарымсақтай!..
Ойдан ой туындайды қашандағы,
Хан Кене ой тасқынын баса алмады.
Аз ғана уақыт өтті қырғыздарға
Бір емес екі жорық жасалғалы.
Бірінші жорық жайы былай болған –
Кезі еді Жетісуға құлай қонған.
Кенеден «келіссек» деп хат алған соң
Көңілі Орман манап ылайланған.
Ордаңдап Орман манап шалқалады,
Қосылып, Жантай манап алқалады:
«Бұл бізді билегісі келіп жүр ғой,
Табанға тапталсын, – деп, – бар талабы!»
«Шіркін-ай, бұл Кененің қуын, – деді, –
Қырғызға ойы бөтен бұның!» – деді.
Оралып Орман манап шалғайына,
Манаптар тоқтамастан гуілдеді.
Кенеге берді ақыры Орман жауап:
«Үлкенді сыйлау деген – болған сауап.
Сен емес, мен хан болып отырайын,
Осыған келісім бер қорланбай-ақ.
Әйтпесе, бере алмаспын саған тізгін,
Басыма сен тышарсың жаман бір күн.
Қазағың мен емеспін сенен қорқар,
Көрерсің көп ұзамай заман ырқын.
Мен – терек бір бұтағы оталмаған,
Жауым жоқ кек қайтарып, өш алмаған.
Жаныма келіп алып, қолқа салма,
Жақындау сенен көрі Қоқан маған!
Екпінін хан екенсің баса алмаған,
Ой келді бас болсам деп қашан маған?
Байқап қой, батырсынба, асуым бар
Абылай атаң сенің аса алмаған!»
Білдірді осы сынды Орман ойын.
Маңына және бірлеп толғады ойын:
«Егер де ер қырғыздың ұлы болсаң,
Қазаққа қаңғып жүрген бұрма мойын!».
Жантай да жалпы жұртқа сөз арнады,
Ол сөзін арнамасқа төзе алмады.
«Арғы атам Әтекені қан құштырған
Қазақтың Қаракерей Қабанбайы.
Әтеке Абылаймен көп алысқан,
Арманда кетіп еді сол арыстан.
Мен қалай көне қоям айтқанына –
Өзімнің ата жауым – мына дұшпан!»
Осылай отын көсеп ар-намыстың,
Алауын лапылдатты жанған іштің.
Қазаққа бар қырғызды дұшпан етті,
Қосылып қос манабы Сарбағыштың.
Қарады Кене сонда жау-жараққа,
Еріксіз барып қалды қол садаққа.
Үйсіннен жиған қолды ертіп алып,
Тоқтамай тартып кетті Мерке жаққа.
Қоқанның Мерке деген бір қамалы,
Қабарып, қабақ түйіп, қырланады.
Сөйтсе де сұрқы қашып, дір-дір етті,
Кененің естілгенде мір хабары.
Хан Кене іс қылмай-ақ бүлдірерлік,
Болыпты бір оқиға күлдірерлік:
Мұхамед – Әли датқа – қамалбасы
Бұтына қойған екен шын жіберіп.
Су жүрек, қорқақтығы анық шығып,
Қақпаны ашты есінен танып тұрып.
Кенеге көлденеңдеп тарта берді
Тұлпарын – Ақауызды алып шығып.
Шынында Ақауыз ат тұлпар еді,
Бәйгеден оза шауып шырқар еді.
Хан Кене Наурызбайға тарту етіп,
Қазақтың тақым басты сұңқар ері.
Осылай бүлінбестен Мерке қалды.
Кененің қаны қайнап, арқаланды.
Қырғыздың көп ауылын шауып алып,
Алдына салып қайтты қанша малды.
Ол малды мал қылам деп шулатпады,
Сойыс қып әскерін де дулатпады.
«Алғанша алыңдар!» – деп жарлық шашып,
Мәз етті бай-кедейді дулаттағы...
Кененің ой-арманы бітпес болды,
Керек қой тарпып тастау тістескенді.
Қырғызды шырқ үйіріп билеп тұрған
Назары ауды мықтап Пішпекке енді.
Ұлыды соған қарап көк бөрісі,
Қайралған ақ найзаның көптен ұшы.
Алайда алдын ала дайындалды
Әлішер – сол Пішпектің құшбегісі.
Әлішер тумысынан паң, өр еді,
Қоғадай жапырылған төңірегі.
Қоқандық бұл бұзақы құшбегінің
Қорлығын бүкіл қырғыз көріп еді.
Халыққа қарапайым таң атпады,
Артсатар болып шықты манаптары.
Қосылып Қоқанменен елді сорып,
Қорқаудай жемтік көрген жалақтады.
Мінеки, Орман келді құшбегіге.
Білмекші – хан Кенеге істері не?
Екеуі ақылдасып, айылдарды
Көшіру керек десті ішкеріге.
Сырт қырғыз ішке қарай аударылды,
Бар әскер жасырынып тауға кірді.
Қолбасшы Бөке сұлтан жоспар құрып,
Биіктен салып тұрды жауға дүрбі.
Хан Кене соғысудай соғыс салды.
Әскерін тау ішіне тоғытқан-ды.
Даладай емес екен тау соғысы,
Кететін «дәт» дегізіп орыстарды.
Қырғыздар беріспестен тұрып алды,
Қазақтың тау ішінде құрыды әлі.
Пішпекке өтемін деп Кене, сөйтіп,
Әскерін үш жарым мың қырып алды.
Сақтады ол бұл жорықты мықты есінде,
Дұшпанын келер жолы бүктесін де.
Қырғыздан жеңілмей де, жеңе де алмай,
Қайтадан қайтып кетті Иткешуге.
Иткешу – Шу бойында санатты аймақ,
Хан Кене осы жерден қанат жаймақ.
Бұл жерге қамал соқсам деп ойлады
Бүйірден отыруға қару сайлап.
Сәт сайын Кенесары дүлейленді,
Кеудесін Алатауға тірей берді.
«Біздерге күн бермес, – деп, – қырғызды алса»,
Рүстем, Сыпатайлар үрейленді.
Кенеге әскер жиды құпиялап,
Әйтпесе бір пәлеге ұшырамақ.
«Шыққан сөз отыз тістен...» дегендейін,
Бәрібір құлақтанды бүкіл алап.
Кенеге ағып-тамып қол жиылды,
Бұл жолы бұрынғыдан мол жиылды.
Ел іші кеніш екен, расында,
Қару мен азық-түлік келді де үйді.
Арына намыс жүгін арқалатқан,
Бас қосты шын батырлар шартараптан.
Барлығы өз елінің бір-бір шыңы
Жасынан қылышына қан жалатқан.
Арғыннан Жәуке, Шәкір, Төлебай бар,
Табыннан Қабан, Құрман, Бұқарбай бар.
Қыпшақтан Жәнібек пен Иман батыр,
Атақты шапырашты Бұғыбай бар.
Тамадан қол әкелді Бәрмен датқа,
Шымырды бастап келді Байзақ датқа.
Ботбайдың бір батыры Төлепберді
Жинап ап жігіттерін мінген атқа.
Сабырлы, салқын қанды, саналы, ойлы
Батыр бар Құдайберген Қарақойлы.
Алшаңдап Аққойлыдан Бәйет келді,
Толтырып бес қаруға тұла бойды.
Соғысқа Кенесары бек сайланды,
Жатқан қоз жүректегі отқа айналды.
Қырғыздан беті қайтып өткен жолы,
Кеткен өш келе-келе кекке айналды.
«Сенімін ерген елдің ақтасам, – деп
Хандықтың абыройын сақтасам, – деп,
Толғатты – қырғыздардың осы жолы
Аспанын төбесіне тастасам», – деп.
Кезі көп басын бірақ тұман шалған –
Жетпестей арманына бұл аңсаған.
Бопайдың өткен жолы көрген түсі
Көлкілдеп, көңіліне күмән салған.
Талабын тауға сүйреп, қырға сүйреп,
Жан – арын жырға сүйеп, нұрға сүйеп
Жүретін ер Бопайдың бойындағы
Дәл жору көрген түсін – бір қасиет.
Ордаға Бопай сонда арнай түсті.
Сұрланған бет бейнесі қандай сұсты!
«Хан ием, – деді сонда, – бір түс көрдім,
Бұрындар көрмеп едім мұндай түсті.
Мен түнде түс ішінде түс көріппін,
Қыстығып, ұйықтап жатып тістеніппін.
Оянсам, шашым аппақ қудай екен,
«Құдай-ау, не болды?!» деп сескеніппін.
Жыладым ақ шашымды жайып салып,
Жығылдым босағаға тайып барып.
Алдияр, осы түстің түрі жаман,
Тоқталып, болашақты байыпталық.
Демеп ем – талабыңды бүлдірейін,
Деген ем – түстің түрін білдірейін.
Жорысам – мына түстің сиқы үрейлі,
Бір бұлт қоршап тұр-ау күнді деймін.
Өзіңсің – бүкіл елдің бәйтерегі.
Өзіңсің – батырлардың сайкез оғы.
Бас тартып бұл сапардан біраз уақыт,
Тағы да бір ойлансаң – қайтер еді!»
Осылай болды Бопай жалынғандай,
Түсіне шын иланып, табынғандай.
Кененің кеудесінен басып қалды
Бір күдік жазда жауған қалың қардай.
Деді хан: «Көріп алам көретінді.
Ел үшін бере алмаспын неге өтімді!
Жорыққа беттеп тұрған шықпай қалсам,
Айтамын мына жұртқа не бетімді?!»
Десе де, кеудесіне күдік жетті,
Сол күдік аш өзегін тіліп кетті.
«Өзің біл, хан ием», – деп сөзді созбай,
Тез басып Бопай ханым шығып кетті.
Сездірді осы түстің өзі нені?
Сенгені – тәуекел мен төзім еді.
Қасқайып қасындағы Ержан сұлтан,
«Түк те етпес, түс – түлкінің боғы», – деді...
Кененің содан бері жоқ мазасы,
Барады күдік-күмән бастан асып.
Сияқты шыға келген қара бұлт
Тұрғанда төбесінде аспан ашық.
Бұл түстің өзге түстен тылсымы өзге,
Жай таппай отыр Кене сілкінерге.
Есінде – осы Бопай түсін айтқан
Батырды Жаманқара өлтірерде.
«Бір арқар – деген Бопай – атып апсың,
Қызығып мүйізіне, басын апсың.
Әлгі бас қарқ-қарқ күліп сөйлеп кетті:
«Әй, Кене, – деп қояды, – ақымақсың!».
Сөйтті де, тіріліп ап, шауып кетті,
Көрінбей бір қиянға ауып кетті.
Батырды Жаманқара өлтірмегін,
Мына түс сұм жүректі қауіпті етті».
Хан Кене бұл сөзге де қарамаған.
Батырдың басы доптай домалаған.
Жазықсыз емес еді Жаманқара
Өлтіріп, сан қазақты жаралаған.
Қазасы Жаманқара дауға айналды,
Қан қатып, қара қырғыз жауға айналды.
Түбіне Саурықтың жетіп тынып,
Арасы егіз елдің ойрандалды...
Хан Кене бұл түс жайлы тым ойланды,
Жеріне бір айналған жүз айналды.
«Нысанбай бал ашсын, – деп, – қобыз шалып», –
Жұмсады ертесінде Наурызбайды.
Нысанбай қобыз шалып, бал ашыпты.
Жанына Қорқыт пірі жанасыпты.
Балына түскен екен – хан иесі
Тұманнан жол таба алмай адасыпты.
Осыны айтып келді батыр Науан,
Сипаты сары аяздай сақылдаған.
«Ту байлап, қылыш қайрап отырмыз ғой,
Туса да аттанамыз ақырзаман!».
Осылай сөз саптады албырт Науан,
Жас жанын жамандыққа алдыртпаған.
Хан Кене інісіне риза боп,
Деді іштей: «Алғыс саған! Алғыс саған!»