22.05.2022
  119


Автор: Әбубәкір Қайран

Бір қызық

Кемпіріне шал айтыпты бір күні:
«Кемпір, кемпір, іс істейік күлкілі.
Қандай ғажап, аспан айлы, кеш жарық,
Қайтайық бір жастық шақты еске алып.
Бозбала боп мен күтейін көшеден,
Бойжеткен боп клубка тарт төтемен.
«Мақұл, – депті кемпірі сәл ойланып, –
– Бұл қызықты қалай таптың, ой, ғаріп?»
«Таптым!» депті шалы күліп қулана,
Көшеге де шыға кепті шулаған.
Жас жігіттей асықтырған ақ арман,
Пәле шалың гүл іздепті базардан.
Бір аздан соң қып-қызыл гүл құшақтап,
Жүдеу өңді «жігіт» тұрды түсі аппақ...
Киносына жатыр, міне, ел кіріп,
«Келемін» деп ғашығы айтқан сендіріп.
Сағат жарым уақыт болды, жоқ «ғашық»,
Шал «жігіт» тұр өн бойынан от қашып.
«Қалған неме қайда жүр – деп – тот басып»,
Қояды іштей кемпір «қызбен» боқтасып.
Қайтса шалың жаурап-тоңып көшеден.
Кемпір отыр шайды тартып кеседен.
«Ой оңбаған неге мұнша тостырдың, –
Депті шалы – қаншама уақыт бос жүрдім».
Сонда кемпір: «Болды – депті – тап қырсық,
Кинаға апам жібермеді қатты ұрсып».
Сонда шалың өле жаздап күлкіден,
Кәрі емендей басын дауыл сілкіген,
«Болды қызық, болды қызық! – дей берді, –
Елестеттің қыз кездегі бейнеңді!»
Ей, жігіттер, қызық шықпай қалса егер,
Ол да қызық, ренжімей тарта бер!





Пікір жазу