22.05.2022
124
Дала
Жатушы еді-ау әндетіп дала мына,
Көкіректі дәндетіп самалына.
Дала неге бүк түсіп жатыр бүгін,
Дала емес пе тал бесік қарағына?
Дала емес пе дана атам шежіресі,
Қарайыншы дұрыстап қабағына.
Жатыр екен дана атам шаруа шалдай,
Ұйықтап кеткен тойып ап шалабына.
Шаруа шалға ұқсайды дала неге?
Аузынан ақ бу ұшып барады әне.
Тыншымайтын жүгіріс, шуылы көп
Баласындай даланың қала деген.
Қасиетін атаның білсе жақсы-ау
Бал жалағым, базаршыл бала неме!
Осындай ойға баттым далам жайлы,
Ызғытып келе жатып шанаменен.