22.05.2022
  279


Автор: Әбубәкір Қайран

Ерасыл

Жеткіншек, саған арнадым.
Автор


І
Найманда жалпақ жатқан Қаракерей
Бақ қонған бір ел еді ана мерей.
Ақ малын алдыңа әкеп бата сұрар,
Мейманын төре демей, қара демей.
Есенбай сол елдегі бай кісі еді,
Жылқысы – қуанышы, қайғысы еді.
Туса да Қожағұлдай қас батырдан,
Ерлігі, батырлығы аз кісі еді.
Тоқтаның сай-саласы иір-шиыр,
Есенбай жалдап кетті тіпті қиыр.
Із қуып, іңір болмай шыға келді
Үстінен жылқысының бес-алты үйір.
Қуана ойпаңға көз салғаны мұң,
Бір жебе осып өтті дәл бауырын.
Есенбай аттан ауып құлап жатып,
Жалғыз-ақ есіне алды жан бауырын.
Ерасыл он алтыға келген еді,
Бәрін де тірескеннің жеңген еді,
Ту ұстар Байжігітте осы болар,
Нар бала деп атайды жеңгелері.
Есенбай елестетіп жан бауырын,
Аһ ұрып, шығара да алмады үнін.
Тістеніп тау ішінде жан тапсырды,
Сабынан қысып жатып қандауырын.
 * * *
Есенбай шыға қоймас ел есінен,
Қапыда өлді қалмақ жебесінен.
Ауылдың қара сақал, ақсақалы
Өткізді уақытын көп кеңесумен.
Бірі айтты: – Бұл қалмақтың күші басым,
Шартыңды қалай ғана ұсынасың.
Шыдайық, үндемейік, ел-жұртымыз
Демесек бір пәлеге ұшырасын.
Сөз алып, екіншісі былай деді:
– Жайлау мен қыстауымыз шұрайлы еді.
Бұл жоңғар малды алған соң, жерді алады,
Амал жоқ, сиынайық құдайға енді...
Жұрт солай шуылдасты, дуылдасты
Көбік сөз көкейлердің уын басты.
Мәмбетте сөз ұстаған Өмір батыр
«Уай!» деп көпшіліктің шуын басты.
«Уай, жұртым!
Байжігіт деген ел едің.
Жұмық, Тоғас, Мәмбеттей
Үш жолбарыс шері едің.
Үш бұты едің ошақтың
Қандай елден кем едің?!
Ей, Мәмбеттің ұлдары,
Ей, құдайдың құлдары,
Боламыз біз қашанғы
Жоңғарлардың құрбаны?
 Арсалан арыстандай айбатты дейсің,
Өлжежырғыл өгіздей қайратты дейсің,
Арыстанның жағын айырар,
Өгіздің мойнын қайырар
Бір ұл тауып бермеген
Келіндеріме не дейін!
Келіндерімде жазық жоқ,
Сөздерінде қазық жоқ,
Өздеріңе не дейін!?
Күшік батырдың күші қайтып, тісі түскенде,
Өмір батырдың бозөкпелерге ісі түскенде,
Басынды ғой ит қалмақ,
Елімді қай ер құтқармақ!?
Қарт батыр сөз ұғар жан жоқтай налып,
Қарады айналаға тоқтай қалып.
Сол мезет көзі түсті Ерасылға,
Отырған екі көзі оттай жанып.
– Мәмбеттің «менмін» деген азбандары
Жүн болып шеттерінен азған бәрі.
Ерім ғой деп құшады-ау алғандары,
Қалайша қорсынбайды жазғандары?!
Шанқ етті дәл ортадан бала қыран,
Түнеріп, қар жауады қабағынан.
Үлкендер көздерімен жер шұқыды,
Қаймығып оның отты жанарынан.
Қыздарын қу қалмаққа күң қылмақ па,
Ұлдарын құлақ кесті құл қылмақ па?
Төрінде талтаңдатып ата жауды,
Ез болып елдің сағын сындырмақ па?
 Жараспас ер жігітке қашқақтаған,
Басайық жау кеудесін асқақтаған.
Қанеки, соңыма ерер қайсың барсың,
Ордасын ойрандауға бастап барам!
Бір кісі селт етпеді, үн қатпады,
Сілтідей тына қалған тыңдап бәрі.
– Ермесең, ей, ағайын, жалғыз кетем,
Жата бер нәрестедей құндақтағы!
«Тәңірім! Тәубе!» – деп шал күбірледі,
Бүтіндер бір ұл шықты бүлінгенді.
Елжіреп Ерасылға ер қария:
− Әкел, – деп, – маңдайыңды, – күлімдеді.
Танылмай ешкімнің де дос қабағы,
Үн қатпай отырмапты босқа бәрі.
Ерасылды ер емес, – баласынып,
Ақсақал, қарасақал қостамады.
«Бөрі алар бөлінгенді», – деді біреу,
«Жау алар жарылғанды», – деді біреу.
Қазақтың қай заманнан әдеті ғой
Іріні іштен шыққан көзіне ілмеу.
«Қалмақты қазір шабар шамамыз жок,
Сөзге ерсек, бос арандап қаламыз, – деп,
Мәмбеттер саз байласты, – биыл күзде
Жиылып үш Байжігіт шабамыз», – деп.
Зұлым жау күзге дейін таптап енді
Кетпей ме мына бейбіт жатқан елді?
Ерасыл ішқұса боп ағайынға,
Күн батып, қас қарая атқа қонды.
 Дегендей жұпар атқан жер-мекені,
Бір әуен көкірегін тербетеді.
Туған жер түгін тартсаң майы шығар.
Жат түгіл, жақынына бермес еді.
Замана алмағайып бұл күндері,
Күлігі жау тақымда күлдірледі.
Тапталып лас табанға қала ма енді,
Бояйтын ат тұяғын бүлдіргені?!
Лас ауыз лайлап ішіп тұнығынан,
Жылқысын құтқармады құрығынан.
Елінің еркегінің жатқаны анау –
Ынжықтай қан саулаған мұрынынан.
Жоқ, енді оралмайды өз еліне,
Тепкендей болды кеше өзегіне.
Жүйкесі жүн болса да, жүрегі ашып,
Құдайдың салғанына төзеді де.
Жоңғардың жонын тіліп, таспа алады,
Алтайдың қарлы шыңын жастанады.
Боқ мұрын, бота тірсек деп білді ғой,
Танысын Ерасылдай жас баланы...
Ерасыл Сарытауға келеді өрлеп,
«Құдайым, тілегімді бере гөр!» деп.
Алдынан жиырма-отыздай түйе шықты,
Ерасыл күтіп тұрды «Келе бер!» – деп.
Түйеші көрді мұны түйе мінген,
Төрт-бес қыл қылтияды иегінен.
Түйекеш я қазақ, я қырғыз,
Байқап тұр киімінен, реңінен.
 «Қалмайын қара басып жаңылысып,
Алдымен тіл қатпайын алып-ұшып,
Қас жауым – қалмақ иттің ұлы болса,
Кетейін осы арада қанын ішіп», –
Деп ойлап, Ерасыл да тоқтай қалды,
Көздері екі жастың шоқтай жанды.
«Жол болсын!» – деп бейтаныс үн қатқанда,
«Әлей!..» – деп Ерасыл да қостай қалды.
– Қай түстан келе атасың, қазақ бауыр?
Мен – қырғыз, ғұмыр кешкен азапты ауыр.
Шапқанда айылымды, қолға түстім,
Амал жоқ, шыдап келем мазаққа бұл.
Тұтқындап алып келген күн есімде,
Құл қылды. Дәрменім жоқ күресуге.
Аңсаймын Алатооны, өскен жерді,
Ол жақтан хабар-ошар білесің бе?
Тағыдай тау мен тасқа өрлеген ек,
Дәл мұндай зобалаңды көрмеген ек.
Қырғыздың Мокер деген руынан,
Білерсің мен пақырды Ердене деп...
Екеуі көп сырласты, мауқын басты,
Қалмақтан кек алуды ақылдасты.
Ердене қатты ұнады Ерасылға,
Көрмепті дәл осындай батыл жасты.
ІІ
Салатын тыныш жатқан елге дүбір,
Баукеспе, қарақшы еді Өлжежырғыл.
 Шоқпардай айдары бар салбыраған,
Қайратты хайуан еді көрге кіргір.
Дандайсыр әркімге бір қырын келіп,
Көңілді Өлжежырғыл бүгін не ғып?!
Ішкені боза менен сасық арақ,
Қояды анда-санда бір үн беріп.
Қасында қандыбалақ ұрылары,
Мас болып бір-біріне ұрынады.
Есікте қызметші қос құл отыр.
Соларға лақтырады құмыраны.
Екі құл есі кеткен өліп-талып,
Қорлықтың не түрлісін көріп, қанып.
Жіберсе көздеп тұрып құмыраны,
Әйтеуір жан сақтайды бұғып қалып...
Ердене осы жайды барлап келді,
Сазайын тарттырмақшы қалмаққа енді.
Екеуі сайдан шығып, көз байлана,
Байлаулы аттар тұрған шарбаққа енді.
Шетінен жүйріктерді шешіп алды,
Тізгін мен таралғысын кесіп алды.
Ерасыл Өлжежырғыл мінетұғын
Атақты Ақжалынды есіне алды.
Ақжалын жылқының бір шерісі еді,
Жаясы жалпақ келген тегіс еді:
Құйрығы бес тал ғана, етсіз басты,
Талтақ бұт, төмен біткен тілерсегі.
Шапқанда жылқы жетпес күлік нағыз,
Қазақ , қырғыз, қалмақ та қылыпты аңыз.
 Атын да Ақжалын деп тауып қойған,
Ат екен арман қылар жігіт нағыз.
Тоқтатып Ерденені қасындағы,
Ерасыл бөркін алды басындағы.
Ақжалын бір қауіпті сезе қойып.
Кісінеп, төрт аяғы тасырлады.
Отырған Өлжежырғыл естен танып,
Дыбысын Ақжалынның естіді анық.
«Кім тиді Ақжалынға, көрейін!» – деп
Қисаңдап жақындады төсті қағып.
Алланың әмірі шын құдіретті –
Өлетін Өлжежырғыл күні жетті.
Келгенде масаң қалмақ атқа таман,
Ердене «Өлже – осы», – деп сыбыр етті.
Қан толды көздеріне Ерасылдың,
Түнерді түсіндей боп қара шыңның.
Қанжарды кыннан алды жарқ еткізіп,
Ырқына ерік берді нар ашудың...
Ердене дайын екен – ат жалында,
Ерасыл қарғып мінді Ақжалынға.
Қос-қостан ат жетелеп жөнеп берді,
Жатқан мал тұра қашты қақ жарыла.
Ердене хош айтысты жылап тұрып:
− Кеттік, – деп, – ит қалмақты құлаққа ұрып.
Аман бол, қайда жүрсең, есіл ерім,
Елімді мен табайын сұрастырып...
Тар жерде шын досқа кім тең келеді,
Сенімін ақтап шықты сенген ері.
 Бұдан соң, біле алмадық, ер Қабанбай
Көрді ме, көрмеді ме Ерденені.
* * *
Қайралғандай қайтадан кек, жігері,
Алтай жаққа Ерасыл бет түзеді.
Өр Алтайда Байдәулет жездесі бар,
Солай қарай тартады ет жүрегі.
Дұрыс-ақ қой, әрине, кек алғаны,
Кетсем деген әлі де көп арманы...
Қалмақшылап аттарын қаңтарды да,
Көк шалғынға жантайды демалғалы...
Ер Қожағұл әкесі түсіне енді,
«Оңғарылсын, балам, – деп, – ісің енді!»
Талмаусырап ұйқыда жатыр еді,
Ақжалын ат кенеттен кісінеді.
Келіп қапты көп қалмақ тіптен таяп,
Оқ жетер тұс арасы кішкентай-ақ.
Ақжалынға Ерасыл қарғып мінді,
Бұған жетер төрт аяқ некен-саяқ.
Іле кетті шылбырдан қосақ атты,
Ақжалынның екпіні аса қатты.
Қос шылбырды тақымға тастай салып,
Қос жиренді еңіске бошалатты.
Жел жағына қос аттың шығып алған,
Ат жалына еңкейіп бұғып алған.
Тарта шапса тізгінді, үдей түсер
Ақжалынның мінезін біліп алған.
 Қуғыншының басшысы ер Арсалан,
Батыр еді жасынан қан аңсаған.
Ақжалынды садақпен тартып қалды:
«Өлтірмесем, жау ие болар саған».
Үш сүрініп, шыңғырып ат құлады,
Жұқа шаптан қара қан атқылады.
Қара емендей қалмақпен бетпе-бет кеп,
Тұра қалды қазақтың жас құрағы.
Арыстандай ақырып, шығып озып,
Жетіп келді Арсалан жыны қозып...
Кек қайнаған кеуденің екпінімен
Ерасылға найзаны ұрды созып.
Жас жолбарыс жалт берді тура ажалдан,
Көк найзадан шап берді мың жан алған.
Жұлып алып найзаны, қалмаққа ұрды,
Батыр еді Ерасыл дүр жаралған.
Ер Арсалан қасқа аттан ауа берді,
Жығылғанын жауының бала көрді.
Қос жиреннің біріне қарғып мініп,
Жетекке алып біреуін шаба берді.
Қуғыншылар келе алмай ақылына,
Қала берді қарайлап батырына.
Кете барды Ерасыл желдей есіп,
Көк найзаны қыстырып тақымына.
ІІІ
Ерасыл сол кеткеннен мол кетіпті,
Өр Алтай әз ұлындай тербетіпті.
 Атағы Алтай асып, кеңге шығып,
Аңыз қып күйшілер күй селдетіпті.
Жарқырап кең маңдайы самардай боп,
Қабағы қан түнеріп жауардай боп,
Жоңғардың қос батырын жарып тастап,
Осында атаныпты Қабанбай боп.
Сөз ұстап, билікте де жол алыпты,
Дау шешсе, аяғы тез оңалыпты.
Алтайда тоғыз жыл боп, өз еліне
Дәл жиырма бес жасында оралыпты.
Бұл кезде әлі тірі Өмір батыр,
«Ерімді, – деген екен, – көрдім ақыр.
Қолына туын берем Байжігіттің,
Естісін, ел жұртымның бәрін шақыр!»
Қабанбай тұтып қарттың теберігін,
Ақ туын көтеріпті өр елінің.
Айтады Алты Алашы аңыз қылып
Ел үшін қол бастаған кемел ұлын.





Пікір жазу