Жастық жыры
Ей, қиялым!
Сабылыстан,
Шаршама сабылыстан.
Қаға бер қанатыңды алып ұшқан.
Біз баратын жерлер көп мамырстан,
Көлдер көп күн көзіне шағылысқан.
Кернеп барад кернейлі үн жүрегімді
Қорқар емес кеудемде жарылыстан.
Бір керемет жасамақ ойымда бар,
Мына жұрттың бәрі ұмытқан!
Бәрі ұмытқан!
Құштарлықты,
Мына өмірге құштарлықты.
Түрме сезім жоқ менде ұстар мықты.
Мен ғашықпын ғаламға,
Адамдарға,
Жек көремін әлемнен тысқарлықты.
Ей, қиялым, естіртпе деген сөзді
«Жаным суып барады, күш қарлықты»
Жауыздықты жеңе біл,
Ителгінің
Тырнағынан алып қал, құтқар құсты.
Суынбайды,
От денем суынбайды,
Қиялым қыран қанат суылдайды
Мен жасаймын өмірде бір-ақ рет,
Ешбір адам екі рет туылмайды.
Сондықтан соза берем құлашымды,
Адамдар, өзіңе айтам расымды.
Менен әлі талай жыр туындайды,
Өмірге ғашық болған көңіл-көлдің
Құрағы сырын айтып шуылдайды.
Тұлпар шығар кер дөнен керемдегі
Естіп дүбір арқасы дуылдайды.
Жанған оттар!
Жүректе жанған оттар.
Өшпестей мәңгі лаулап қалған оттар.
Жалыны жақсыларды жылытса да,
Қанатын күйдіреді жарқанаттар
Осы отпен алаулайды алтын тауым –
Мен мәңгі табынатын арман асқар.
Осы оттың ұшқынысың, ей, қиялым,
Түн төсін жарқыратып қармалап қал,
Түнде де ұша алмасын жарқанаттар.