22.05.2022
  307


Автор: Несіпбек Айтұлы

Игорь жорығы туралы жыр

1. Бауырлар, барлығыңа болсын баян,
Ежелгі дертті әңгіме өзіме аян.
Святослав ұланы Игорь2
ердің
Жорығын түптен толғап, жұртқа жаям.
Соқпағын баяғының түгел шолып,
Ақ сөйле, жыр көсемі жампоз Баян3.
Тебіренсе дегдар Баян қайраттанар,
Тиіндей дарақтағы ойнақ салар.
Бөрідей тау жебелеп аласұрып,
Бүркіттей бұлт шайқаған айбаттанар.
Аққуға он сұңқарды салған сонау,
Алғашқы айқасты ойлап саңлақтанар.
Сұңқары қу ілгендей көкке самғап,
Жыр төгер Ярослав4
ерге арнап.
Көзінше косог қолы Мстислав5
Редейдің6
басын кескен жайды толғап,
Мадақтар Роман7
кінәз салтанатын,
Өткенді сөзбен сырлап, оймен шарлап.
1
«Полк» - көне орыс тілінде бірнеше мағынаны: жасақ, жорық, әскер, шайқас, құрылтай, халық дегенді
білдіреді.
2 Игорь Святославович (1151-1202 ж.ж.) – Теріскей Новгородтың орта дәулетті кінәзі. 1185 ж. 6 жасағымен
қыпшақ еліне жорыққа аттанады. Дастанның негізгі қаһарманы.
3
Боян – Игорь жорығынан бір жарым ғасыр бұрын ғұмыр кешкен орыс жырауы. Орыс деректерінде де,
қазақ тілінде де «Баян» деген сөз бар.
4 Ярослав – Ақылгөй (Мудрый) аталған. Киев кінәздері әулетінің бабасы. Игорь де осы тұқымға жатады.
5 Мстислав – Ұлы Мстислав, Киев кінәзі. 1132 жылы өлген. Әйгілі Владимир Мономахтың ұлы, Юрий
Долгорукийдің інісі.
6
Редей – касог (черкес - адыгей) ханы.
7
Роман Тмутаракан кінәзі (1079 ж. өлген).
Баянның он саусағы – он сұңқары,
Ойнайды перне басса толқып қаны8.
Тіл бітіп өз-өзінен ішектерге,
Тылысымның сұлық жатқан кірер жаны.
Асқақтап кінәздардың атақ-даңқы,
Түзелер қызған сайын жырдың сәні.
2. Бұлыңғыр қадым заман әуел бастан,
Алғыдан арттағыға сөз алмасқан.
Владимирден9 Игорьге дейін қозғап,
Бастайық жабырқаңқы ғажап дастан.
Ел менен жер қайғысы жегідей жеп,
Ер Игорь дұшпанымен майдандасқан.
Айбаты ақылының байрағы боп,
Түбінде жүрегінің қайнады кек.
Сыя алмай сауытына ашу кернеп,
Қол бастап, көк семсерін айға білеп,
Аттанды орыс жерін артқа тастап,
«Қайдасың қалың қыпшақ аймағы!»10 деп.
Ал сайра, даңғыл Баян, сөз бұлбұлы,
Құйылсын көмейіңнен ерлік жыры.
Шабытың шұғыладай бұлтты шарпып,
Тынбай жорт көк бөрідей күні-түні.
Шаңына сұңқарлардың көмілген бе,
Галич пен Донның11 анау ой мен қыры.
8 Музыка аспабы сөз болып отыр.
9 Владимир І Святославич, «Қарт» Владимир (1015 ж. өлген), орыс кінәз тұқымдарының түпкі атасы.
10 Орыс жылнамаларының деректеріне қарағанда қыпшақтардың бір бөлігі Шығыс Еуропа ойпатын ХІ
ғасырда жаппай мекендей бастайды.
11 Галич пен Донның арасын қыпшақтар мекендеген.
3. Велестің12 немересі Баян мұны
Толғаса ақтарылар дүние сыры:
«Сулыда13 ат кісінеп жер тарпыса,
Желбірер Путивльде14 жеңіс туы.
Киевте қаһармандар сапқа тұрар,
Естілсе Новгородтан15 керней үні».
4. Тағатсыз күтті інісін Игорь енді,
Кешікпей Всеволод16 хабар берді:
«Бір туған Святослав ұлы едік біз,
Жан аға, атқа қонар кезең келді.
Түбінде Курскінің күтудемін,
Лап қояр сарбаздарым берсең белгі.
Куряндық17 қырандарым «жау қайдалап!»,
Кернейдің үні естілсе шығады ойнап.
Кез келсе сусын ішіп дулығамен,
Жем іліп найза ұшымен қылар қайрат.
Қанжарын күнде қайрап, садақ сайлап,
Құрсанып мұздай темір шегеді айбат.
Бұларға қиыр шеттің сыры мәлім,
Біледі сай-саласын, ұры жарын.
Болжайды күні бұрын көріпкелдей,
Қай тұстан жаудың қалай ұрынарын.
Қан төгіп кінәздардың атағы үшін,
Аямас олжа десе бірі жанын».
12 Велес – (көне түрі - Волос) – ежелгі славяндардың хайуанат пен су, байлық, игілік және сауда тәңірі.
13 Сула – Днепр саласы, «сулы» мағынасында болуы да ықтимал.
14 Путивль- көне орыс қаласы.
15 Новгород – Теріскей Новгород (Северский).
16 Всеволод Трубчевск мен Курскінің кінәзі («буй - тур») Игорьдің інісі, 1196 ж. өлген.
17 Курян – Курск жасағы деген мағынада.
5. Ғайыптан күреңітті күн тұтылып18,
Қарады Игорь оған көзін тігіп.
Жасақты қара түнек орай түсіп,
Бүркеді көкжиекті тұншықтырып.
Қар жауып қабағынан, қатуланып,
Былай деп сөйледі Игорь сонда тұрып:
«Бауырлар, не табамыз бұрылғанда,
Бір өлім қайда болсын шыбын жанға.
Жауменен жағаласып байқасайық,
Тірлікте ер жігітке тыным бар ма?!
Тартайық атқа қонып алға қарай,
Жетейік желдей ұйтқып тынық Донға».
Үстінен арғымақтың тер ағылтып,
Суынан ұлы Донның қана жұтып,
Өзенді ожау емес дулығамен19
Сорпадай сапыратын жорық күтіп,
Ширықты шамырқанып Игорь батыр,
Түнеріп күннен бетер тұлан тұтып:
«Қыпшақтың талай салған ойраны үшін
Қадаймын даласына найзам ұшын!
Бақ сынап, осы жолға бас тігемін,
Тұрғанда ойда жігер, бойда күшім.
Бәріміз өлер болсақ бірге өлерміз,
Тағдырдың көріп басқа салған ісін».
6. Аяқ сап үзеңгіге алтындатқан,
Бет қойды кең далаға мұнар жапқан.
Тұмшалап күннің көзін қара тұман,
Күркіреп түнек түні құс шулатқан.
Ұлыды ішін тартып түз тағысы,
Гүжілдеп құбыжық та шың-құз жақтан.
18 Күн тұтылу 1185 жылдың 1 мамырында болған.
19 Дулығамен су ішу - әскери ырым, жеңіс ишараты.
Қап-қара албастыдай зіл басады,
Жыртқыштар түн қойнында шуласады.
Поморь мен Еділ, Сурож, Посульге20
Жалғасып бір-бірімен үн қосады.
Оятып Тмутаракан21 дуалдарын,
Қиянға қиырдағы ұласады.
Шошынған аққулардай көріп ойран,
Қыпшақтар үрке қашты қанат жайған.
Жөнелді қараңғыда жолсызбенен,
Шиқылдап арба даусы әлдеқайдан.
Беттетті қолын Игорь Донға қарай,
Тіленіп: «Қайдасың!» деп қанды майдан.
Қарғалар қараға еріп қалбалақтап,
Қасқырлар жалақтайды жолда қаптап.
Құзғындар қою шаңның сыңайынан
Сезеді сұрапылды қанға батпақ.
Шаңқылдап шақырады жемтіктесін,
«Тоятқа түсеміз!» деп далбалақтап.
Бұлт төніп, құтырынып дауыл кенет,
Жай атып, аспан асты шаң үрлемек.
Өліктің арасымен жортқан түлкі
Қалқанның қанын жалап шәуілдемек.
Қалдың сен, орыс жері, бір қиырда,
Астында бел-белестің сағым бөлеп.
7. Үйіріліп тұманды кеш, бұлбұл тынды,
Сарбаздар өткізді әрең бұл бір түнді.
Ұзақтар ұйқысынан ерте оянып,
Шығыстан таң асығып, күн бұлқынды.
Қалқанын құла дүзге қамал етіп,
Орыстар өршеленіп жауға ұмтылды.
20 Поморь, Еділ (Волга), Сурож, Посульс -қыпшақ пен орыс елдерінің шебіне орналасқан жер аттары.
21 Тмутаракан – оңтүстіктегі орыс қаласы.
Жұмада ертеменен ұрыс қызды,
Қыпшақтың жер қайысқан қолын бұзды.
Жебеден сел жаудырып сұр далаға,
Тұлдыр ғып тонап алды сұлу қызды.
Алқасын, айшолпысын аспанға атып,
Алтынның айдынында еркін жүзді.
Қайтарып жауда кеткен бұрынғы өшті,
Паршалап туырлығын, жібін кесті.
Ақ туды қызыл шашақ, күміс сапты,
Кінәзға тік көтертіп, дүрілдесті.
Олжалап ақша бетті аруларды,
Жасақтар масаттанып күлімдесті.
8. Олегтің қолы қыпшақ даласында,
Алыста ұшқан ұя, жанашыр да.
Қырандар қатар түзеп қонған жерге,
Сұңқар мен лашын сірә жоласын ба?
Крумкач22, қарғыс атқыр дүлей қыпшақ,
Батпайды көрсетуге қарасын да.
Қызақ23 сұм көк бөрідей анталады,
Күншақ24 қу қарға құсап жар салады.
Қарқылдап, Донға қарай қанат қағып,
Қорқауға бағыт сілтеп, жол шалады.
Тағы да бір сойқанды білдіргендей
Талаурап таңның жүзі қанталады.
Шатырлап найзағайын жарқылдатқан,
Күркірі аспан астын қалтыратқан,
Дүниенің төрт бұрышын тұтас жауып,
Тас түнек бұлт қаптады теңіз жақтан.
Түксиіп, қабақ түйіп, төне түсті,
Зобалаң қара жерді солқылдатқан.
22 Крумкач – Құрымкач (Құрымқас, Қарақас) – қыпшақ сарбазының есімі болса керек.
23 Қызақ кейде Қозы болып та жазылады. Қыпшақтардың әскербасы, Күншаққа тәуелді.
24 Кончак – Күншақ -Қыпшақтардың сол кезеңдегі ірі әскербасы, ханы.
Дон жақтан көк нөсердей жебе жаумақ,
Үстіне қыршындардың тажал аунап.
Қылыштан не найзадан опат болып,
Аздан соң барлығын да ажал алмақ.
Демеу бол, артта қалған орыс жері,
Ұлдарың қырылмақшы далада аулақ.
9. Сілкініп долы дауыл соқты қатты,
Лайлап өзендерді, тас құлатты.
Жүйткіген жел тәңірі ұрпақтары25
Шаңдатып, шартараптан оқ боратты.
Теңіз жақ ұрымталдан – Дон тұсынан
Ат қойып, қалың қыпшақ ұрандатты.
Қыпшақтың айғайынан жер жаңғырып,
Орыстар қалқан тосты, қорған құрып.
Жарбұқа Всеволод!26 Алдында сен,
Дұшпанға семсер сілтеп, оқ жаудырып,
Дулығаң шағылысып күн нұрына,
Айқастың ерлігіңе таң қалдырып.
Сермеген қылышына күш қыла алмай,
Бастары қыпшақтардың түсті баудай.
Жарбұқа Всеволод! Жауға төккен
Қаһарың сол сәттегі сұсты қандай!
Қақырап дулығасы аварлардың,
Қаралық27 семсеріңнен ұшты қалмай.
25 Стрибог – жел тәңірісі
26 «Бұй – тур» - әдетте бай – төре, бай – бұқа, жар – бұқа болып аударылып жүр. Тур – күш пен биліктің
символы.
27 Каралуг – аса берік болаттың түрі, қазақ тілінде «бір қаралық» деген тұрақты сөз тіркесі бар.
Сескеніп өлім барын ойланбадың,
Ортасын қан майданның ойрандадың.
Шықты естен, бауырларың, бала-шағаң,
Глебтің28 ерке қызы – сүйген жарың.
Ұмыттың Черниговты, жақсы өмірді,
Атаның алтын шашақ дастарханын.
10. Троян29 ғасырында сонау өткен,
Шағында Ярослав30 дәурендеткен.
Святослав түлегі батыр Олег31
Қол бастап, жорық салып дүбірлеткен.
Қан тамып қылышынан, қаһар төгіп,
Жебесін зуылдатып, оқ селдеткен.
Қалың қол кең даланы баса көктей,
Аттанған Тмутараканға беттей.
Ярославтың ер ұлы Всеволод32
Мұны естіп тықыршыған кереметтей.
Құлағын тас бекітіп жатып алған
Владимир Черниговта елең етпей.
«Жерімді қайтарам, - деп, - жауда жатқан!»,
Борисі Вячеславтың33 кеуде қаққан.
Аздырып ел арасын есерсоқтық,
Сандалып сар далада ажал тапқан.
Қырылды нөсер тәңірі өрендері,
Қырқысып, бір-біріне атқан оқтан.
28 Глебтің ерке қызы – Ольга Всеволодтың әйелі.
29 Троян – бұл атауды түсіндіруде әр түрлі пікір бар: көне құдай немесе бұлғарлар жері.
30 Ярослав Ақылгөй («Қарт Ярослав»)
31 Олег – Игорьдың туысы. (1180 ж. өлген)
32 Всеволод – қыпшақ даласына қол бастап Игорьмен бірге барған алты кінәздің бірі.
33 Борис Вячеславич – Ярослав Ақылгөйдің немересі. 1078 ж. өлген .
Олег34 те киді кебін баяғының,
Көрдің бе не болғанын аяғының?
Әкесінің өлігін Святополк35
Бойынан алып қайтты Қиялының36.
Шер қозды, отан тозды, заман азды,
Астында қалдық жаудың таяғының.
Туған жер тыныштығы болып арман,
Күйреді, көз ашпады қызыл қаннан.
Диқанның үні естілмей маң даладан,
Аңсатты алтын өмір егін орған.
Жемтікке құзғындарды қарық қылды,
Бұл қырғын қарғаны да таң қалдырған.
11. Ұласып күннен күнге, таңнан таңға,
Оқ жауып, дала бөгіп қара шаңға.
Қаралық найза менен қайқы қылыш
Сартылдап дулығаға, не қалқанға.
Қырында жат қыпшақтың өлік қаптап,
Даланың шөлі қанды аққан қанға.
Беттесті орыс жері қасіретпен,
Шуылдан нені білді талып жеткен?
Саябыр тапты шайқас таң алдында,
Жасағын Игорь бұрды алған беттен.
Жау дендеп, қайран бауыр қалжырады,
Үш күнгі қанды арпалыс әлсіреткен.
34 Олег – Иорьдың баласы (1174 ж. туған).
35 Ярослав Ақылгөйдің немересі. (1113 ж. өлген).
36 Каялы (Каяла) – орыс пен қыпшақ арасындағы 1185 жылғы шайқас осы кішкентай өзеннің жағасында
өткен.
Күн бата Қиялыда құлады ту,
Игорьдің қолын басып айғай мен шу.
Қанымен құдаларын37 сусындатып,
Мәңгілік есіл ерлер алды тыншу.
Мерт болды орыс жері, олар үшін
Күрсініп тал мен жусан, жылады су.
12. Бауырлар! Елімізге зауал төнді,
Ұрпағы Ата-тәңірі38 қайтпек енді?
Көк Доннан қу боп ұшып ентелеген
Жауыздық босағаға жетіп келді.
Қор болдық, бастан ұшты бақытты шақ,
Даланың дүлей күші бізді жеңді.
Жетті де алауыздық түбімізге,
Зар болдық кешегі өткен күнімізге.
Таластық «менікілеп» болмашыға,
Біріміз көз алартып бірімізге.
Жаныштап жабайылар, той тойлады,
Мәз болып біздің бүйткен түрімізге.
13.Келмеске теңіз асып сұңқар кетті,
Қарғаны көкжелкеден қатты тепті.
Қаһарлы Игорь қолы енді оралмас,
Күңіреніп орыс дері, жасын төкті.
Ұмтылды Карна менен Жля39 бізге,
Боратып босағадан қасіретті...
37 Дастанда қыпшақтар жағы «құда» болып аталады. Орыс пен қыпшақ өзара құдандалы болғаны тарихи
шындық.
38 Ол кездің орыстары өздерін Дажбогтың ұрпағымыз деп есептеген. Дажбог – көне славян дінідегі Күн
құдайы, аспан тәңірі Свароганың баласы.
39 Карна, Жля – мамандардың пікірінше жаза мен жаншу категорияларының кейіптенуі.
Көлдетіп көздің жасын қайғы-шері,
Орыстың зар қақсады әйелдері:
«Сүйікті ерлеріміз келер ме екен,
Сапардан аман-есен қайтып кері.
Тағынып алтын алқа, күміс сырға,
Малынып жүруші едік бір күндері».
Көз жасы дариядай селдеп ақты,
Киевті, Черниговты қайғы жапты.
Орыстың өлкесіне ат ойнатып,
Қыпшақтар салық жинап, дікең қақты.
О, Игорь, тыныш жүрмей, не бүлдірдің?
Күйзеліп қара халық, қанға батты.
Ұмтылып арыстандай айға шаптың,
Соныңнан түбінде не пайда таптың?
Святослав40 өшірген қасіретті
Қоздырып, өштік отын қайта жақтың.
Киевтік ұлы кінәз қалың қолмен
Даласын шаппап па еді түбі жаттың.
Ойрандап ой мен қырын, белеңдерін,
Лайлап мөлдіреген өзен-көлін,
Көбекті41 талқандаған, қақыратып,
Қыпшақтың көк болаттай берен қолын.
Киевте ақырында Көбек өлген,
Көруге жазбай қайта туған жерін.
Сол тұста Святославқа саулық тілеп,
Жырлағам морав пенен неміс, грек
Сөз болса Игорь жайы бас шайқаған:
«Жасақтан айырылды бос тентіреп.
Батырып даңқымызды Қиялыға,
Сыпырылып алтын ерден, құл болды», деп.
40 Святослав – Киев кінәзі.
41 Көбек – қыпшақ ханы.
14.Киевтің жотасында түнеп жатқан
Святослав түс көрді таңырқатқан:
Қарағай кереуетте жатыр екен,
Ұлдары үстеріне қара жапқан.
Мас болып көк шарапқа білмейді есін,
Дәмінен жусан иісі жұпар атқан.
Маржаннан қыпшақ қалқан шашу шашып,
Мадақтап, қолпаштайды дабырласып.
Кінәз жоқ, құт мекені қаңыраған,
Еңселі алтын шатыр ашық-шашық.
Шулайды Плеснеска шалшығында,
Қарғалар түні бойы қарқылдасып.
Боярлар кінәзға айтты тұрып сонда:
«Басыңа қайғы түсті, баттың сорға.
Қайтпайды Тмутараканға кеткен
Таппақ боп қос сұңқарың оңай олжа.
Қанатын қиды олардың қайқы қылыш,
Қауіп пен қатері көп алыс жолда.
Дегенде үшінші күн мұнар тұтып,
Қос күнің сөнгендей ме қарауытып,
Құлады тірек болған қос босаға,
Ай күйді екі бірдей алауытып, -
Олег пен Святослав еді ғой ол,
Мерт болған Қиялының түбі жұтып.
Өлімі жауға олардың берді қайрат,
Жарықты қара түнек алды жайлап.
Жасқанбай, жолбарысша еркін жортып,
Қыпшақтар жерімізде салды ойнақ.
Дақ түсті даңқымызға, еркіндік жоқ ,
Қаптады шебімізге андағайлап.
Гот қызы көк теңізде ән шырқайды,
Орыстың саф алтыны сыңғырлайды.
Рухын Сарыханның42 жырмен тербеп,
Еске алып Бус43 дәуірін армандайды .
Біз болсақ , содан бастап тарттық зәбір,
Еңкейтіп еңсемізді басқан қайғы.
15. Святослав төгілтті алтын сөзін,
Қан жұтып, жасқа бұлап екі көзін;
«Игорь мен Всеволод қос ұланым,
Даңқтың күтпедіңдер келер кезін.
Қыпшаққа ерте найза сілтедіңдер,
Сабырға ырық бермей өр мінезің.
Жауыздың ерте ағызып арам қанын,
Өздерің бостан босқа арандадың.
Атақсыз, абыройсыз жер құштыңдар,
Дұшпанның бұзсаңдар да қамалдарын.
Түсірдің қандай күйге, қарақтарым,
Шашымның білсеңдер ғой ағарғанын.
16. Қайдасың Ярослав жаннан асқан?
Жұртына Черниговтың сәуле шашқан:
Татран, топчак, шельбир, ревут, могут,
Ольбермен топтастырып, басын қосқан44.
Аруағын ата-баба аспандатып,
Қолға алып жалаң қылыш майдан ашқан.
42 Шарукан (Сарыхан, Шеріхан) – Күншақтың атасы, 1106 ж. Владимир Мономахтан жеңілген.
43
Бус – (Бос, Боус, Бооэ) Ант елінің кінәзі.
44 Сол кездің әр түрлі халықтары мен тайпаларының атаулары.
17. Қайда әлгі: «Тізе қосып, - ерендерім –
Даңққа бөленеміз!» дегендерің.
Сұңқар да ұя қорғап, қанат бүгіп,
Біледі беттескенде тебер жерін.
Қайратқа қайта мінбей қалай жатам,
Жасарсам, таңданбаңдар, өрендерім.
Жорыққа жиналғанда көптен күткен,
Қасымнан табылмады кінәз біткен.
Римов45 қаласында қайқы қылыш
Астынан айғай шықты елді үркіткен.
Переясавльде Владимир46
Жарасын таңды жанын тітіреткен.
18. Немересі даңқты Мономахтың
Всеволод47, ойланбай неге жаттың?
Алмас семсер қолыңнан түсті ме әлде,
Алтынды босағаңды қорғамақ кім?
Қимылдасаң ескекпен Еділ шайқап.
Дулығамен Донды да орталаттың.
Күшіңнің керек кезін білемісің?!
Шақ туды қайғы жейтін бір ел үшін.
Дем берген екі жақтан қанаттасып,
Глебтің мықты ұлдары48
– тіренішің.
Найзаңды қу далада саусылдатып,
Әлде сен бізден бөлек жүремісің?
45
Римов – Сулы өзенінің бойына орналасқан қала.
46 Владимир - Переяславск кінәзі (1187 ж. өлген).
47 Всеволод – Юрий Долгорукийдің ұлы, Владимир Мономахтың немересі.
48
Глебтің «мықты ұлдары» - Рязань кінәздері. Роман мен Игорь.
19. Рюрик49 пен Давыд50 ерлер, бер бір хабар!
Қозғалса жасақтарың шөп дір қағар.
Қанында қыпшақтардың қалқымап па,
Алтынды сендер киген дулығалар?
Орыстың жері менен Игорь үшін
Күн туды атқа қонып, дабыл қағар.
20. Осмомысл51
- Ярослав! Үнсіз жатпа?
Отырсың асқақтаған алтын тақта.
Құрсаулы қолыңменен Карпатты алып,
Тігесің қаһарыңды алыс жаққа.
Бұлтқа да аспандағы салық салып,
Дунайға орнаттың сен берік қақпа.
Жаудырдың сұлтандарға оқ боранын,
Сұласын одан енді Күншақ залым.
Зар заман үйірілді де ел басына,
Алды-артты орап алды қайғы қалың.
Орыстың жері менен Игорь үшін
Жазала жауыздарды, тапта бәрін!
21. Роман52 мен Мстислав53 ердің ері,
Неге үнсіз жатырсыңдар көптен бері?
Дауылға қарсы ұшып құс ілетін
Сұңқардай ойларың да асқақ еді.
Дулыға, сауытыңнан латын темір,
Көргеннің ұшушы еді зәрелері.
49
Рюрик – Рюрик Ростиславич (1215 ж. өлген). Орыс жері үшін қыпшақтарға қарсы соғысқан, бірақ 1203 ж.
қыпшақтармен одақтасып, Киевті тарпа бас салып, қаланы қатты күйреткен. Рюриктің қанды жорығы Киев
үшін Бату жорығынан еш кем болмаған.
50 Давыд –Рюрикпен бірге туған. (1175 ж. өлген).
51 Ярослав Осмомысл – Галицк кінәзі. Юрий Ұзын Қолдың (Долгорукий) күйеу баласы. Игорьдің қайын
атасы (1187 ж. өлген).
52
Роман – Волынь кінәзі.
53 Мстислав – Городень жерінің кінәзі.
Екеуің қаһарланып сілкінсеңдер,
Қалтырап қоя берер көк пенен жер.
Найзасын тастай қашты Деремела,
Литва, Ятвиги деген елдер.
Қыпшақ та еріксізден басын иіп,
Қайнатты зығырданын кек пенен шер.
Игорьдің күні батты көрдіңдер ме?
Дарақтың жапырағы ұшты желге.
Русь пен Сулы іргесі ажырасты,
Бөлісіп қалаларды алды екіге.
Игорьдің енді ержүрек жасағы жоқ,
Жеңіске үндеді Дон сендерді де.
22. Ингварь мен Всеволод ер қайдасың?
Үш ұлы Мстиславтың54 не ойдасың?
Едіңдер текті ұядан шыққан қыран,
Ел қорғап аспандатқан көк найзасын.
Қайда сол ляш55 қалқаның, алтын дулығаң,
Апат зор – асырмақшы жау айласын.
Даладан келер жолды бөгеп оқпен,
Сап құрып кездегідей сонау өткен,
Бірігіп аттаныңдар бәрің бірдей,
Орыстың жері үшін ту көтерткен.
Святославтың ұланы ер Игорьдің
Бітпейтұғын кегі үшін жауда кеткен.
54 Ингварь мен Всеволод және Мстиславтың үш ұлы – Владимир Мономахтың әулетінен тарайтын кінәздер
тобы.
55 Ләш қалқаны – поляк қалқаны.
23. Ақпайды күміс Сулы сылдыр қағып,
Переяславльге бағыт алып.
Түнерді Двина да қап-қара боп,
Шуынан топастардың лайланып,
Салды айқас Васильковтың Изяславі56,
Қолына литвандардың жеке барып.
Даңқы асып өз атасы Вселавтан57,
Жамылып қасіреттен ауыр қалқан,
Қан болып шөп үстінде жатыр енді,
Шөп оған тіл қатады сыбдыр қаққан:
«О, кінәз, жасағыңды құзғын талап,
Жыртқыштар қанға тойды жалаң қаққан».
Кешігіп амал қанша қалды бірақ,
Ағайынды Всеволод, Брачислав58.
Маржандай кір шалмаған таза жаны
Айбатты денесінен ұшты жырақ.
Тым-тырыс. Дүние тынды. Дауыс салды
Городень кернейлері зарлап-жылап.
24. Тараған Ярослав пен Всеславтан
Өрендер, бір-біріңді қан жылатқан,
Жетті енді! Жауға ғана өткір болсын,
Қанжарың өздеріңді арандатқан.
Тоздырып ата салтын, дүлейлерді
Мекенге шақырдыңдар бейқам жатқан.
56 Васильковтың Изяславі – Полоцк кінәзі.
57 Всеслав Василько – Полоцкийдің әкесі (1101 ж. өлген).
58 Ағайынды Всеволод, Брачислав – Всеслав Полоцк кінәзіне жатады. Изяславпен туыс.
25. Жетінші ғасырда анау күңгірт тартқан,
Жар сүйіп Всеслав думандатқан.
Қуларға арқа сүйеп, кенет шауып,
Киевтің айналасын қырғындатқан.
Ілдірген ұшы арам найзасына,
Атаның дастарқанын алтындатқан.
Секілді кеш жамылған көкжал бөрі,
Түн ауа Белогородтан қайтты кері.
Таң ата Новгородтың шырқын бұзды,
Қан болып айбалтасы тиген жері.
Қақпасын қақыратып Ярославтың,
Шығарып масқарасын, еркіндеді.
Дудутоктан Немигиге59 дейін шапты,
Адам басы үйілген тау боп жатты.
Темір шынжыр астында шырылдатып,
Қызыл қырман, қасап қып ойрандатты.
Дән орнына орыстың ұлдарының
Сүйегі бырдай болып жерді жапты.
Всеслав халыққа салды бүлік,
Ойына келгенді істеп дүрліктіріп.
Кінәздерге таратты қалаларды,
Көкжалдай түн ішінде жортып жүріп.
Киевте таң сәріде атқа қонып,
Күн шыға Тмутарақанға кіріп.
Қараңғы, қорқынышты жаны көрдей,
Ата жұрт – Полоцкіден жерігендей,
Әулие Софияның60 қоңыру үнін
Киевте тыңдады ерте маза бермей.
Болса да Всеславтың жаны сірі,
Өмірден өтті дейсің нені көрмей?
59 Дудуток, Немиги – Минск маңындағы жер аттары.
60 Әулие София – Киевтегі әйгілі шіркеу.
Толғайды ол туралы Баян былай:
«Болса да мейлі дана, мейлі сұмырай,
Көреді не салса да басқа құдай,
Күңіреніп орыс жері шыдай алмай.
Есімін кінәздердің ауызға алып,
Жыламақ заманды аңсап бұрынғыдай.
Киевтің қырына ешкім мықтап таңып,
Қартайған Владимир61 қалмас алып.
Дәл солай өткен дәуір оралмайды,
Бүгінде орыс туы жығылды анық.
Рюриков, Давидовтар бой көтерді,
Найзасы әрбір тұстан шошаң қағып».
26. Шығады дауыс сыңсып Дунай жақтан,
Беймәлім құс үніндей таңды оятқан:
«Ұшамын Дунай бойлай қиыр шетке,
Жетемін Қиялыға толқып аққан.
Суына ақ жеңімді малып, сүртем
Кінәздің жарақатын қанға батқан.
Шығып ап Путивльдің дуалына,
Зарлайды Ярославна62 таң алдында:
«Жел, неге соғасың сен, құтырынып,
Сорыма әлде менің жаралдың ба?
Жарымның жасағына жаудың оғын
Не жаздым жаудырардай саған мұнда?
Аз ба еді біздің қайғы-қасірет саған,
Даусымды естимісің зар қақсаған?
Тулатып көк теңізді, кеме аунатып,
Мінезің жетпеді ме үрей салған?
Жоқ қылдың шаттығымды алып кетіп,
Бетпаққа бетегелі жан баспаған».
61
9-бабты қараңыз.
62 Ярославна – Игорьдің тоқалы, Ярослав Осмомыслдің қызы. Ол кездегі орыс кінәздері көп әйел алуды
әдетке айналдырған.
27. Шығып ап Путивльдің дуалына,
Жоқтайды Ярославна таң алдында:
«Ағынды о, Днепр – Словутич63
Қайғыны үйіп-төктің маған мұнда.
Екпіндеп тау мен тасты жарып ақтың,
Қыпшақтың даласына барар жолда.
Қайығын Святославтың желдей ұшқан,
Көбекке алып бардың жер тауысқан.
Қайтадан жеткіз маған сүйіктімді,
Мінгізіп толқыныңа арпалысқан.
Еңіреп ерте тұрып төкпес үшін
Теңізге көз жасымды мұнша алыстан».
28. Шығып ап Путивльдің кемеріне,
Жылайды Ярославна таң біліне;
«Жалынам, Жарылқаушы құдіретті күн,
Жалғанның жарық шашқан көлеміне.
Жазықсыз сүйіктімнің жасақтарын,
Жандырып жалыныңа керегі не?
Несіне зауал төктің сол балаңа,
Қуратып саусақтарын шөл далада.
Балқытып көк сауытын қызуыңмен,
Садағын әлсіреттің неге ғана?
Ержүрек жасақтары сапқа тұрып,
Қайтадан найзаларын қолға ала ма?»
29. Долданып теңіз түнде толқын атты,
Кенеттен құйын айдап тұмандатты.
Қыпшақтың даласынан құтылуға,
Игорьге жол көрсетіп иек қақты.
Даладан Донға дейін оймен шолып,
Дөңбекшіп ұйқылы-ояу кінәз жатты.
63 Днепр – Словутич – киелі, қасиетті Днепр деген мағынада.
Овлур қашып шықты жарым түнде,
Байқамай күзетшілер қалды мүлде.
Қашқынның құстай ұшқан қалпын сезіп,
Шөп шулап, құлақ тосты жер дүбірге.
Қоғаға бой тасалап аш күзендей,
Сұқсырдай суға сүңгіді енді бірде.
Тұлпармен кең даланы көктей өтіп,
Тоқтады Донецке бір-ақ жетіп.
Арландай қуғын көріп аласұрған,
Секіріп аттан түсті екпіндетіп.
Жаяулап көк шалғынды жағаменен,
Өткел жоқ, қарап еді көз жүгіртіп.
Қанатпен Игорь сұңқар бұлтты сүзді,
Тояттап қаз бен қулар көкте жүзді.
Зымырап көк жазықтың үстіменен,
Шалғыннан Овлур бөрі моншақ үзді.
Аттарын қуғыншының зорықтырып,
Жүйткітіп шапқан сайын жасырды ізді.
30. Донец келді кенет сонда тілге:
«Армысың, қашқын кінәз, сау жеттің бе?
Орыстың өлкесіне ұлы мейрам,
Бұйырсын даңқ пенен құрмет Сізге!
Күншақтан ащы шарап аямаңдар,
Мұндайдың жоралғысы құр кетсін бе?».
Былайша жауап қатты қашқын сонда:
«Донец, даңқың кетсін жер-жаһанға.
Кінәзге шалғыныңнан кілем төсеп,
Тербеттің кемелерін толқыныңда.
Жып-жылы тұманыңмен бөлеп-қымтап,
Аптапта саялаттың жапырағыңа.
Ес болды сұқсырың да, шағалаң да,
Толқының айдын төсін сабағанда.
Дауылда қорғанатын қалқан болды,
Тұтасқан құба талың жағалауда.
Стугна өзіңдей өзен емес,
Мейірімі түсетұғын бар адамға.
Сімірер бұлақтарды жаны жалғас,
Арнасы тартылар деп ол ойламас.
Қанқұмар иірімі жұтып қойған
Ростислав64 кінәзді бүлдіршін жас.
Шешесі зар еңіреп шашын жұлып,
Қайғырып басын иген гүл мен ағаш».
31. Игорьді түре қуып жанын сала,
Келеді Қызақ, Күншақ іле-шала.
Сауысқан, қарға, құзғын жымдай болып,
Жол нұсқар тоқылдақ пен жылан ғана.
Атарын жарық таңның хабарлайды,
Тек бұлбұл әнге басып жеке дара.
32. Күншаққа Қызақ сонда айтты былай:
«Ұясын сұңқар ұшса тағат қылмай,
Көздейік балапанын көк жебемен».
Қызаққа Күншақ жауап қатты былай:
«Матайық балапанын сұлу қызға,
Ұясын сұңқар ұшса қолға тұрмай».
Күншаққа үстемелеп айтты Қызақ:
«Сағынып Отаныңды көрдің бе ұзақ?
Кетпей ме қызбен бірге бір күні ұшып,
Олай ғып түлегіне құрсақ тұзақ.
Қаптатып балапанын қайта бізге,
Етпей ме Қыпшақ жерін мүлде мазақ».
64 Овлур – Игорьмен бірге қашқан
33. Ярослав дәуірінің сөз құдайы –
Былай деп түйер Баян жырды ұдайы:
«Иықсыз бастың күні оңған емес,
Не болар бассыз қалған дене жайы».
Игорь да орыс жері үшін сондай,
Көрінбес ол болмаса туған айы.
Құйылды туған жерге күннің нұры,
Святославич күнді алып келген ұлы.
Сұлулар Дунай жақтан шырқатады,
Күлкімен араласып су сылдыры.
Теңіз асып Киевке жетті шалқып,
Шаттықтан төгілдірген ән мөлдірі.
Әулие Пирогощейге65 бағыт алып,
Боричтың66 алабына көзін салып,
Әнеки, Игорь кінәз келе жатыр,
Баяғы өзі басқан жолын танып.
Тік тұрып селолар да, қалалар да,
Қол соқты қуаныштан шулап халық!
34. Көненің кінәздерін қоссақ жырға,
Толғайық және тағы жастарын да.
Святослав ұланы Игорь ер мен
Жарбұқа Всеволод қасқаның да,
Игорьден туған түлек Владимирдің67
Даңқы артсын! Мерейі өссін басқаның да!
65 Пирогащая - шіркеу.
66
Боричев – Киевтегі көне көше.
67 Владимир – Путивль кінәзі. Игорьдің бәйбішесінен туады. Жорыққа аттанарда 15 жаста.
Алдырмас орыс жері енді жауға,
Тас түйін кім келсе де талқандауға.
Сау болсын иман үшін туған ерлер,
Аянбай қарсы тұрған қорқауларға.
Жасасын кінәздер мен жасағымыз,
Жалғасып атақ-даңқы ғасырларға!
Әумин!68


68 Әумин – «осылай болсын», «жалғаны жоқ», «ақиқат» деген мағынадағы көне грек сөзі.





Пікір жазу