22.05.2022
  134


Автор: Несіпбек Айтұлы

Кәмай ұшқан

І
Айналып жылда келіп жаз қонағы –
Айдынға аққу ұшып, қаз қонады.
Мекеден қажы атасы оралғандай,
Әйтеуір Кәмей байғұс мәз болады.
Айғайлап құс келгенде жар салады,
Жағада жалғыз өзі қарсы алады.
Шалқиды қанат бітіп көкке ұшардай,
Білінбей күте-күте шаршағаны.
Дуылдап құс базары қиқулаған,
Дуалап жастан оны сиқырлаған.
Тілдесіп тулап жатқан толқындармен,
Қамыстың ызыңынан күй тыңдаған.
Жабырқап көл жиегін жағалаған,
Кәмейдің көңілін кім шамалаған?
Аққудың қанатынан көз алмайды,
Армансыз айдың төсін сабалаған.
Күнұзақ кірпік қақпай телміреді,
Дос тұтар құстан басқа енді нені?
Қанат қып екі қолын ербеңдетсе,
Сыртынан көріп қалған ел күледі.
Аққу-қаз көтерілсе қағып қанат,
Ойы бар аспан-көкке шарықтамақ.
Құс болып ұшып кетсе шыныменен,
Шалғайын шартараптың анықтамақ.
Болды екен осыншама құштар неден?
Сырласып, сөйлеседі құстарменен.
Тыңдаса, құстардың да қайғысы бар,
Аспанға биік шырқап ұшқанменен.
Кәмейдің ұшқан құсқа жаны құмар,
Бірақ та жан жоқ оның мәнін ұғар.
Құс келіп, құс қайтқанда көтерілер,
Жабысқан бала күннен шалығы бар.
Санайды айналасы есалаңға,
Не шара сарсаң қылған Жасағанға?
Жүреді өзіменен өзі ғана,
Ашпайды ішкі сырын еш адамға...
ІІ
Кәмейдің өмірінің жұмбақ сырын,
Өзімше жұртқа мәлім қылмақшымын.
Балқаштың жағасында ғұмыр кешкен,
Аяулы тұяғы еді бір жақсының.
Қиылып тіршіліктің арқан-жібі,
Ілінді қарауылға ел тағдыры.
Бақанас ауылы да сорға батып,
Басынан ұшып кетті дархан күні.
Ұйыған айран-сүттей ауыл еді,
Біреуге-біреу туыс, бауыр еді.
Бірлік пен берекенің белін үзген,
Заманның зілі қандай ауыр еді?
Қазақты иттей талап зұлым заман,
Құдайға даусы жетті құлындаған.
Ішінде күңіренген қалың елдің,
Үні бар Кәмейдің де шырылдаған.
...Бәрі де есінде әлі, есінде әлі,
Оянып шырт ұйқыдан шошынғаны.
Әкесін әлдекімдер алып кетіп,
Қойнына қара түннің жасырғаны.
Шырқырап балапандай бала жүрек,
Есінде жүгіргені зар еңіреп.
Көмейі қорқау түннің жұтып қойған,
Әкенің содан бері хабары жоқ.
Есінде әкеткені шешесін де,
Білмейді ай мен күннің нешесінде.
Қаңғырып қала берген сорлы Кәмей,
Қайғының қаңыраған көшесінде.
Не деген мына заман, зұлмат еді?
Кәмейдің жоғалтқаны қымбат еді.
Әп-сәтте айналасын типыл қылған,
Құйын ба соғып өткен, жын ба тегі?
Түскен үй ортасына шаңырағы,
Қорадай иен қалған аңырады.
Басында жерошақтың құйын ойнап,
Бұрқылдап босағадан шаң ұрады.
Барар жер, басар тауы – панасы жоқ,
Қайтеді қолдан келер шарасы жоқ?
Ұрсады белсенділер көзге шұқып,
«Оңбаған, «халық жауы» баласы!» - деп.
Кәмейдің сыймай қойды санасына,
«Жау» дейді әкесі де, анасы да.
Құдай-ау, кіріп кеткен қайдағы жау,
Аядай ауыл-үйдің арасына?
Күн көзі тұтылғандай жарық төккен,
Үн-түнсіз, үрейлі еді халық көптен.
Ауылдың ақсақалы – Оспанқожа,
Оны да бір түнде кеп алып кеткен.
Ауылдың Оспанқожа молласы еді,
Жақсының үзілмеген жалғасы еді.
Япыр-ай, сол атасы аман жүрсе,
Кәмейдің күні мұндай болмас еді?
Осылай ойрандалып Кәмей қалды,
Қамығып оңашада көп ойланды.
Түрмесі қызыл-қырғын саясаттың,
Жұтқанын қайдан білсін талай жанды?..
ІІІ
Тірлікте пенде, шіркін, не көрмейді?
Күндіз-түн Кәмей байғұс елеңдейді.
Ата-ана көз алдында тірі кеткен,
Айналып түбінде бір келер дейді.
Жылайды, сарылады, сағынады,
Тағдырға одан басқа не қылады?
Күн бата өксіп жатып кірпік ілсе,
Қаралы қара түнді жамылады.
Мазалап түсінде де не бір қайғы,
Үрейі бейшараның қалыңдайды.
Қанатын баяу қағып шақырғандай,
Аспанда аққу-қаздар мамырлайды.
Ұшуға Кәмей сонда талпынады,
Ұмтылып, жүгіреді, алқынады.
Көк аспан жалтылдайды жанарында,
Бетіндей көл Балқаштың толқымалы.
Сағымдай ойнап дүние айнадағы,
Кәмейдің болмайды ешбір ойлағаны.
Сұңқылдап, қоштасқандай қайта оралып,
Аққулар төбесінде айналады.
Аққулар айналады төбесінде,
Дегендей «соңымызға ересің бе?».
Бір ұша алмай кету қандай қиын,
Байланып қара жердің кемесінде?
Шын бе екен, бұл аққулар елес пе екен,
«Сыйлайық саған қанат!» демес пе екен?
Ғайыптан құсқа айналып ұшып кеткен,
Біреуі өз анасы емес пе екен?
Анасы болса неге үндемейді,
Тәңір-ау, танымай ма бұл Кәмейді?
Еңіреп, «құлыным!» - деп, көктен түсіп,
Үстіне қанатының «мін!» демейді.
«Қонбайсың, - дейді, анашым, жерге неге,
Қайтадан оралмайсың елге неге?
Ұлыңды еркелетіп бұрынғыдай,
Жетелеп апармайсың көлге неге?».
Аққулар ешбір белгі білдірмеді,
Еседі қанатынан түннің лебі.
Анасы өз қасында, көл басында,
Ойнақтап жүруші еді-ау бір күндері.
Жасыл көл, жасыл дала, жасыл көктем,
Табиғат жарқыраған асыл неткен?!
Шомылып мейірімнің шуағына,
Күндер-ай, шешесінің қасында өткен?!
Жалт етіп өте шықты сағым-дәурен,
Келер ме енді қайтып сағынғанмен?
Тулаған толқындардың көмегі жоқ,
Тамшыдан інжу-маржан тағынғанмен.
Ол кезде көл жағалай ел қонатын,
Балқаштың айналасы ән болатын.
Жаз келіп, күзде кері қайтатұғын,
Жас Кәмей аққуларға таңданатын.
Бүлдіршін көп нәрседен хабары жоқ,
Сұрайтын: «Қыста қайда барады?» деп.
Анасы сонда жауап беретұғын:
«Мекеге жетіп бұлар қонады!» деп.
«Жел тұрса толқындары төпелеген,
Балқаштай көл ме, - дейтін, - Меке деген?».
Айтатын өз білгенін шеше байғұс,
Қиялын жас ұланның жетелеген.
«Құлыным, - дейтін, - алыс Меке деген,
Жетеді жолаушылар жекелеген.
Ұзақ жол жермен жүрген пенделерге,
Аспанмен құстар ғана төтелеген.
Мекеге бару – көпке болған арман,
Болдырып талай қазақ зорға барған.
Қажылық сапарында қайтыс болып,
Біліп жүр, атаң сенің сонда қалған!».
Өмірдің сырын ұқпай жиі алдайтын,
Арманшыл бала көңіл қиялдайтын.
«Атамның басына бір барсам-ау!» - деп,
Бұлқынып, бұл дүниеге сыя алмайтын.
ІҮ
Талайлар торға түсіп бір сұм жайған,
Түрмеде өтіп жатыр тылсым майдан.
Қым-қуыт дүниенің түбіндегі,
Сұмдықтың сырын Кәмей білсін қайдан?
Күн кешіп ауылдың бір шетінде өгей,
Жылайды жапа шегіп жетім Кәмей.
Жөн жүрмес жалақтаған надан иттер,
Жұлмалап жетім-жесір етін жемей.
Күтеді жабырқаған елден нені,
Кім келіп мүсіркейді шермендені?
Болмаса Ақжүністей абзал ана,
Осы еді бейшараның өлген жері.
Кәмейдің мүшкіл халін күнде көріп,
Кетеді тамақ беріп түнде келіп.
Баруға бой көрсетіп жасқанады,
Қызыл көз белсендіден жүрген өріп.
Ақжүніс Оспанқожа келіні еді,
Оның да түн ұйқысы бөлінеді.
Атасы «халық жауы» атанған соң,
«Жау» болып белсендіге көрінеді.
Не шара тізгін тисе белсендіге?
Күн бермей қудалауда Сәрсенді де.
Мың жерден қара күйе жаққанменен,
Дегенге «халық жауы» ел сенді ме?..
Қалың ел іштен тынып егіледі,
Қайысып қабырғасы сөгіледі.
Құзғындай өлексеге үймелеген,
Безбүйрек белсенділер тебінеді.
Ақжүніс келген сайын түн жамылып,
Алады сорлы Кәмей бір қамығып.
Сұрайды ата-анасын жаутаң қағып,
Пақырдай болмашыдан қылған үміт.
Қасірет қанша жерге уын жайды,
Ол жағын аңқау бала ұғынбайды.
Жұбатса, «айналайын, қоя қой!» - деп,
Көз жасын одан сайын сығымдайды.
Қарайтып жүрегінің түбін қайғы,
Ақжүніс өлеңдетіп, ыңылдайды.
Жеткендей анасының үні алыстан,
Кәмейдің қос құлағы шыңылдайды:
«Қашанғы қойдай тізіп көгендейді?
Өлмесе әке-шешең келер - дейді.
Халықты қанқақсатқан қарабеттер,
Ешқашан көктемейді, көгермейді.
Балқаштың отқа оранып нар қамысы,
Қамалды қызыл өртке жолбарысы.
Су сеуіп қанатымен қарлығаштай,
Сұмдықты тоқтататын бар ма кісі?
Қарағым, жылай берме жамандарша,
Салған соң құдай басқа амал қанша?
Қырық жыл қырғын болса ажалды өлер,
Кеткендер келеді әлі аман қалса?».
«Апатай, әке-шешем шын келе ме,
Босатып жібермейді түрме неге?
Атам бар Оспанқожа қастарында,
Түсімде мініп апты бір кемеге.
Білмеймін күн батқанын, таң атқанын,
Ашпайды қатуланған қабақтарын.
Байқаймын, үшеуі де қолтығына,
Аққудың байлап апты қанаттарын.
Қомдайды, қанаттарын сабалайды,
Салмақтап, күш-қуатын шамалайды.
Ұшуға мұрша бермей үшеуіне,
Қарақұс жан-жағынан қамалайды.
Сол кезде аққулар кеп араласты,
Қаптаған қарақұспен жағаласты.
Қанқұйлы құзғындардың ортасынан,
Үшеуін арашалап ала қашты.
Мезетте жан берісіп, жан алысқан,
Құтылып кете барды қарақұстан.
Атама Мекедегі жеткен шығар,
Сүйеніп аққуларға жанап ұшқан».
Ақжүніс енді не деп айта алады?
Белгілі бір сұмдықты байқағаны.
Әйтеуір түсті жорып жақсылыққа,
Күмілжіп тағы жауап қайтарады:
«Бір нышан бұл түсіңнен аңғарылар,
Айығып істің арты оңғарылар.
Аққулар құзғындарды жеңіп шықса,
Ұзамай босайды екен тордағылар.
Ата-анаң аққулармен кетсе бірге,
Жақында жетеді екен жақсы өмірге.
Оралып Оспанқожа атаң-дағы,
Ауылдың отырады қақ төрінде».
Қуанып, жадырайды бұған Кәмей,
Түнекті басындағы тұман демей.
Баспалап босағадан ысқырады,
Қасірет қарашұбар жылан көмей...
Ү
Арада судай тасып жылдар ақты,
Кемесін өмір алға сырғанатты.
Уақытқа жапырағын жұлмалатып,
Жылады қанша көктем гүл қанатты.
Кімдердің тоналғанын кім қарапты?
Кәмейдің көз жасы да құрғамапты.
Аққулар күзде сыңсып қайтқан сайын,
Құлазып көлмен бірге мұңға батты.
Бере алмай қайғы жұтқан елге жауап,
Заманның беті күйді жерге қарап.
Қайтеді құдай қанат сыйламаса,
Кәмей жүр әлі күнге көл жағалап.
Білмейді күтіп алда не тұрғанын –
Жазықсыз әкесінің атылғанын.
Шешесі АЛЖИР деген лагерьде өліп,
Қарасын мәңгі-бақи батырғанын.
Жылдардың шыққан сайын кемеріне,
Сенеді кеткендердің келеріне:
«Мекеде жүрсе, - дейді, - бір қайтады,
Сүйеніп аққулардың көмегіне!»...
ҮІ
Тіршілік сан құбылып бұлаң қақты,
Самайын Ақжүністің қырау жапты.
Қанша жыл қара түннің құшағында,
Жүрегі жалғызсырап жылап жатты.
Жарасын жалын атқан өзегінің,
Өзінен басқа сірә сезеді кім?
Қанша жыл қайыспастан қайран ана,
Азабын арқалады өз елінің!..
Түймедей жазығы жоқ жаралғалы,
Атасы – Оспанқожа оралмады.
Басталған Бақанастан өмір жолын,
Түрменің түкпірінде тәмамдады.
Қазақтың қанға батса талай ұлы,
Бар мына, тіршіліктің не қайыры?
Оспанды «халық жауы» деп көрсеткен,
Өзге емес, өзінің бір ағайыны.
Қайнайды соны ойласа зығырданы,
Шырылдап кеудесінде шыбын жаны.
Ала ауыз, алтыбақан қайран қазақ,
Құлатқан қырандарын тұғырдағы.
Ақжүніс ширығады, ашынады,
Ашуы көтеріліп, басылады.
Қашырып ауыл-үйдің берекесін,
Кек қуып, қырқысқанмен не шығады?
Ақылға жеңдіреді амалсыздан,
Құтылар қайда қашып көп арсыздан?
Барады дәті қалай жамандыққа,
Татқандар дастарханнан адал тұз-дәм?
Көтеріп тауқыметті түскен басқа,
Бекінді тірі жанға тіс жармасқа.
Өмірін опыр-топыр ойран қылған,
Осының бәрі неге түс болмасқа?..
Кісінің пішіні бар түрінде құр,
Хайуандар екі ауылдың бірінде жүр.
Сілімтік сұмырайдың Тәңірі өзі,
Сазайын тартқызады түбінде бір.
Талқандап тас ошағын әр ғұмырдың,
Жөнелді «отыз жеті» - қанды қырғын.
Соңынан іле-шала соғыс жетті,
Молайтып қасіретін зарлы күннің.
Қосақтап жесірлікке жетімдікті,
Аналар кешті бастан не тірлікті.
Еңіреп Ақжүніс те елмен бірге,
Ендігі қалған ғұмыр сәтін күтті.
Тағдырдың амалы жоқ өлшеміне,
Майданнан оралмады Сәрсені де.
Түнімен сүйген жарды ойлап шықса,
Төсектен тұрады әзер ертеңіне.
Айтқанмен таусыла ма көңіл зары,
Дегенін істеп бақты өмір заңы.
Үміті жалғандағы жалғыз ғана –
Сәрсеннен қалған тұяқ Өмірзағы!
Тағдырдың тарбайса да көк тырнағы,
Түлегін қанаттыға қақтырмады.
Жалғыздан жалғыз өнген жас бұтақты,
Балтасын сілтегенге шаптырмады.
Несіне жоқшылығын жасырады?
Арқалап жүріп ұлын асырады.
Үйіне анда-санда Кәмей келсе,
Көңілдің сыр-сандығы ашылады.
Тірі жан ұмытады әсте нені?
Мөлдіреп жанарына жас келеді.
Елестеп қатар жүрген қайран күндер,
Түседі өткендердің еске көбі.
Кәмей де көп азапты көре-көре,
Адасқан ақылынан келе-келе.
«Қажыға кетем, - дейді, - құс боп ұшып,
Бостан-бос жүре берем неменеге?
Атам да, әке-шешем – бәрі сонда,
Бәрімен іздеп барсам табысам ба?
Талмайтын қанат байлап аламын да,
Кетемін аққулармен жарысам да!».
Ақжүніс: «Айтпа, - дейді, - қайдағыны,
Сен енді бала емессің, ойла мұны!?
Зарығып күткенменен келмейді олар,
Ендігі тірі болса, қайда бірі?
Тіршілік жасау керек тірі адамға,
Бетіңді жақсылыққа бұр одан да.
Кетпей ме жұрттың бәрі көкке самғап,
Құдайым қанат берсе сұрағанға?».
Кәмейдің сөз қонбайды санасына,
Тартады күнде көлдің жағасына.
Ойнайды су бетінде бірге жүріп,
Құстардың кіріп кетіп арасына.
Үрікпейді құстар одан, шошымайды,
Қанатын қақса маржан шашырайды.
Көрген ел «Құс жыны бар Кәмейдің», - деп,
Айтады аңыз қылып осы жайды.
Кей кезде ұстағанда ұстамасы,
Бойына тарамайды ішкен асы.
Жүреді аласұрып қанат іздеп,
Жадылап тастағандай құс баласы.
Тәңірі, тілегенін бер сәтімен,
Байқұсқа көресіні көрсетіп ең?!
Бір күні келе жатып өлген құстың
Қанатын тауып алды көл шетінен.
Кәмейдің қуанғаны-ай сол заматта,
Қам қылды дереу көкке самғамаққа.
Қолына қос қанатты ұстап алып,
Жүгірді арлы-берлі жарқабақта.
Секірді жарқабақтан қалбалақтап,
Он қадам барып түсті далбалақтап.
Бұлайша ұша алмасын білгеннен соң,
Биіктеу жер іздеді қаңғалақтап.
Байқады құм төбені анадайдан,
Айнымай аспандаймын деген ойдан.
Жөнелді жанталасып соған қарай,
Қомдап ап қос қанатын жаңа жайған.
Шарықтап ұшарына бек сенімді,
Шоқыға тау ғып үйді сексеуілді.
Сол күні өмірінде тұңғыш рет,
Сорғалап қара тері көп төгілді.
Сонан соң көкке қанат сермегелі,
Үстіне сексеуілдің өрмеледі.
Биікке шығып алып тұрған шақта,
Маңайда өткен-кеткен ел көреді.
Айғайлап Кәмей сонда көргендерге,
Қоштасып мойын бұрды ел мен жерге:
«Мекеге ұшып барам атамды іздеп,
Қайтамын сәлемдесіп өлгендерге!».
Талпынып ұшты көкке әлгіні айтып,
Ауылға оралмастай енді қайтып.
Қатерлі құздан құлап кете барды,
Көңілін қалғандардың ол мұңайтып.
Өмірден Кәмей сөйтіп жылай кетті,
Өтерде тілге келіп, былай депті:
«Қанатын бірқазанның байлаймын деп,
Төбемнен ұрды мені Құдай! – депті.
Әттең-ай, қиын екен ойлағанға,
Арманға адам жеткен қай заманда?
Сыңқылдап ұшып бара жататын ем,
Қанатын аққу құстың байлағанда?!».
Дүние, қас-қабағы тұнжыраған,
Биіктен білесің бе, кім құлаған?
Аққулар бара жатыр оны жоқтап,
Ұшында көкжиектің бұлдыраған.
Жаудырып жауыздарға нағылетті,
Аз ғана тірлігінде налып өтті.
Мүрдесі мұнда қалып бейшараның,
Аққудың қанатында жаны кетті.
Зәредей зияны жоқ жатқа істеген,
Бірге ұшып кете барды пәк құспенен.
Аққудың қанатында арманы жүр,
Бетіндей ақ қағаздың дақ түспеген.
ҮІІ
Көшкелі бұл жалғаннан Кәмей қашан,
Көңілің құлазиды соны ойласаң.
Байқұстың бізге тылсым тағдырының,
Көп сыр бар астарында абайласаң.
Баяғы жаны сырқат жас баланы,
Бұл күнде тек Ақжүніс еске алады?
«Тұяқсыз, тұлдыр кетті-ау?!» - деп, өкініп,
Өлгенше дұғасынан тастамады.
Жұбанып жетім-жесір жанары жас,
Түзелсе заман беті, ел арымас.
Ер жетті Ақжүністің жалғызы да,
«Тай басар ат тұяғын» деген рас.
Иілмей тағдырға азап көрген басы,
Талайға Ақжүністің келген жасы.
Баласы аман жүрсе болды әйтеуір,
Белгілі еш нәрседен кем болмасы.
Өтеді өкінгенмен, шіркін, жалған,
Соғыстан сақтасын тек шырқыңды алған.
Немере, шөбересі келеді өсіп,
Көктемгі жас бұтақтай бүршік жарған.
Адамның арманы жоқ көп жасаған,
Етеді күндіз-түні тәуба соған.
Ойласа, ұлы жалғыз емес екен,
Жақсының бәрі бүгін жолдас оған.
Шығармас заманның зар күйін естен,
Қазағым сор өзенін жиі кешкен.
Ата мен әке кегін Өмірзақ та,
Көкейге жас күнінен түйіп өскен.
Күйттеп қара басы күн көрісін,
Ит болып біреулердің үргені шын.
Талай жыл тынбай іздеп арпалысты,
Атасын кім ұстатты білмек үшін.
Қинайды мәңгі жұмбақ қалатыны,
Таппаса түбін қазып сорақыны.
Қоярда қоймай жүріп КГБ-ның,
Ақтарды мұрағатын ол ақыры.
Қалдырған «үш әріптің» құзғындары,
Қағазда сайрап жатыр іздің бәрі.
Ұстатқан кім екенін оқығанда,
Жүрегі бір ысыды, бір мұздады.
Ышқынып аласұрған кекті жаны,
Бұлдырап, қарауытып кетті маңы.
Тамырда алпыс екі ыза тулап,
Басына бір-ақ шапшып, тепті қаны.
«Тәңір-ау, болады екен мұндай-дағы,
Білмеді сұмдықтарды кім қайдағы?
Елу жыл бұл шындықты ішке бүгіп,
Тіл-жағын анасының кім байлады?
Өмірде сан тұрып, сан құлап көрген,
Анасы айтпай қалай шыдап келген?
Жасырып жауыздық пен қасіретті,
Қалайша жүрегінен тұрақ берген?
Па, шіркін, бір атадан туғандар-ай,
Тамырын бір-бірінің жұлғандар-ай!?
Ажалға өз туысын байлап беріп,
Жер басып жайраң қағып жүрген қалай?
Торындай, сұм дүние, өрмекшінің,
Айта алмай ақиқатты сен де өксідің.
Оқытып, өз қолымен өсіріпті,
Тұқымын туысының сол жексұрын.
Кетер ме суық ойлар сұм көңілден,
Шағады мұңын барып кімге бірден?
Дәм татып бір дастархан, бір қазаннан,
Солармен қаншама жыл бірге жүрген?
Шешесі білдірмеген неге бұған,
Кек қуып, деді ме әлде төгеді қан?».
Асығып, өкси басып кірді үйіне,
Қар жауып қайғы басқан қабағынан.
Тіл қатты келген бетте анасына,
Ақжүніс назар салды баласына.
Қадалған анасына өткір көздің,
Мөлтілдеп жас толып тұр шарасына.
Ұлының ұнамады бұл қарасы,
Болғанын бір бәленің білді анасы:
- Атамды кім ұстатты, неге айтпадың,
Ол иттің қадірлі еді кімге басы?
Құданың, қарасаңшы, құдіретін,
Атамның тауып келдім сүгіретін.
Көрдің бе, жанарының нұры сөнген,
Жан ба еді тіршіліктен түңілетін?!
Суретті көре сала жылады ана,
Жыламай мұндай сәтте тұра ала ма?
Жоқтаған жан атасын Ақжүніске,
Кім келіп басу айтар бұл арада?
Ақжүніс көп жылауды ағат көрді,
Жасырған шындықты айтар сағат келді.
Көз жасын сорғалаған сүртті-дағы,
Былай деп жалғызына жауап берді:
- Қайтесің, қылыш байлап белге бекер,
Қадір мен қасиетің селге кетер.
Әйел боп мен көтерген қасіретті,
Қарағым, еркексің ғой, сен де көтер!
Бұл сырды білсем-дағы мен айтпадым,
Көзімді ағайынға алайтпадым.
Онсыз да қайғы жетер жер бетінде,
Қайғыға қайғы қосып молайтпадым.
Елу жыл бұл азапты арқаладым,
Арқала енді сен де, шаршамағын!
Жамандық жалғаспасын ұрпаққа деп,
Жасырып, жүрегіммен қалқаладым.
Жан едім тіршілікте жалынбаған,
Бер осы тілегімді, жаным балам?!
Жалғанда жақсылыққа жарымайды,
Ашуын жеңдірмесе сабырға адам?!
Бүлдіріп ала тайдай ел арасын,
Қайтадан дұшпан көзін қадамасын.
Бозторғай жұмыртқалап қой үстінде,
Жүгірген тышқан мұрны қанамасын.
Жағасын ақ көйлектің қанға малып,
Келмесін зұлмат күндер енді оралып.
Мерт болған Кәмей ағаң есіңде ме,
Ұшам деп қос қанатын қомдап алып?
Сұм заман оның-дағы алған есін,
Түсімде көрем кейде енді елесін.
Бейшара құм төбеден құлап өлді,
Адамға құдай қанат бермегесін.
Анадан қыз туғасын, ұл туғасын,
Жеткен жөн мұратына ұмтылғасын.
Өмірден жылай-жылай өтті Кәмей,
Қанаты қиялының қырқылғасын.
Қуат ап қасиетті кең даладан,
Қанат қақ, биігіңе сен де, балам!
Сыйлайды қара түнге ақ сәулесін,
Жұлдыздай жайнап көкте жанған адам!
Көңілден қарасы өшті аза күннің,
Көтерер енді өзгенің мазағын кім?
Ғарышқа ұландары самғап ұшқан,
Қанаты қайрылмасын қазағымның!
Кешегі біздер көрген азап бітті,
Қадірле, Алла берген Азаттықты!
Тұрғанда Тәуелсіздік туы төрде,
Ешкімнен кем қалмайды қазақ тіпті!
Болғайсың болған іске кешірімді,
Тигізбе айналаңа кесіріңді!
Биікте биік ұстап жүре алмасаң,
Басыңның төмендегі несі құнды?!
Мен саған бұдан артық не дей алам?
Жерім жоқ берекеден жан аяған.
Сен тұр ғой биік көкті аңсауменен,
Қу жанын қиды емес пе Кәмей ағаң?!
Ұмытпа, Кәмей өлген сол төбені,
Жүрегім ойлап кетсем шер төгеді.
Бәлкім сол - жаны таза жалғыз адам,
Осынау ұлан-байтақ өлкедегі!..
ҮІІІ
Азамат мұны естіген кек қумады,
Сан қайта құстар келіп, көк шулады.
Жүзіп жүр кең айдынды әнге бөлеп,
Балқаштың сол баяғы аққулары.
Аққулар жалт-жұлт еткен күміс қанат,
Ақ толқын – ақ бесікте тыныстамақ.
Кәмейдей киесі бар жан болмаса,
Құстардың қанатынан кім ұстамақ?
Толқынға аппақ төсін аймалатып,
Бауырын сырғиды аққу тайғанатып.
Өмірзақ жалғыз өзі жағада тұр,
Қарайды жойқын суға ойға батып.
Кәмейдің әңгімесі келеді еске,
Көңілі қобалжиды көп елеске.
Аққуға жаны ілесіп кетті дейтін,
Япыр-ау, анау өзі сол емес пе?!
Жалған-ай, сиқыры көп, мың айлалы,
Жақыннан жау шығар деп кім ойлады?
Анасын көз алдына әкеледі,
Оңаша бір аққудың мұңайғаны.
Түйіндеп бар ғұмырын бір тілекпен,
Тоқтаған нәзік жүрек жыр түлеткен.
Ақырын жылағандай оны жоқтап,
Аспан да ақ жаңбырын сіркіреткен.
Еді ғой анасымен жаны бірге,
Есінде өсиеті әлі күнге.
Жарықтық тыным алып жатыр мәңгі,
Бейіштің нұры шалқып қабірінде!..
Құм төбе бір кездегі Кәмей ұшқан,
Бұлдырап шалынады, әне, алыстан.
Секілді жақын барса деп сұрайтын:
«Адамдар бір-біріне неге дұшпан?».
Арманын жалғап кеткен жан нұрына,
Кәмейдің таңырқайды тағдырына.
Көлікке тосып тұрған аяңдады,
Жуынып қоңыр күздің жаңбырына.
ІХ
Тоқтады жылап алып жаңбырлы аспан,
Бір тамшы көз жасын да қалдырмастан.
Аққулар көлден сыңсып көтерілді,
Ұшуға жаратқан соң тағдыр бастан.
Сыңсиды, сыңғырлайды арман әні,
Тербетіп сағым жуған сар даланы.
Лагерьде құрбан болған сезбейді олар,
Мыңдаған сорлы бала, сорлы ананы.
Шайналып азуында арыстанның,
Сезбейді қырылғанын арыстардың.
Аспанның ақ қанатты падишасы,
Жүйрігі зулап ұшып жарысқанның.
Аққулар әуенімен тербетуде,
Аспанның күмбезіне төрлетуде.
Не болып, не қойғанын қайдан ұқсын,
Аңдысқан, арпалысқан жер бетінде?
Аққудың ауызға алып күллісін бір,
Демеңіз жырға қосты жылқұсын құр.
Кім білсін желеп, жебеп тірілерді,
Рухы аруақтардың бірге ұшып жүр.
Қалықтап қанатының желіменен,
Қоштасты көліменен, жеріменен.
Мекеге бәлкім олар сапар шекті,
Алланың салып берген жолыменен!..





Пікір жазу