Ұлыс ұя - Алашия
Шыққандайсың қиналып ұзақ қыстан,
Артта қалып ақыры азап қысқан.
Құтылдың сен құлдықтың қамытынан,
Көтер енді еңсеңді, Қазақстан.
Желбіресін әуелеп көк байрағың,
Емін-ерін көсілші, кең-байтағым.
Өркендесін өндіріс қанат жайып,
Кемелденсін марқайып кенді аймағым.
Мыңғырып мал, жайқалсын құтты қырым,
Түп тұрағым сол Дала, нық тұғырым.
Мейіріне бөленіп отандастың,
Көкте Күннің бой балқып жұттым нұрын.
Бостандықтың боздағы – жанбауырым,
Желтоқсанның көтерген бар ауырын.
Жас тәніне қызыл көз жендеттердің,
Алды, әттең, батырып қандауырын?!..
Азат ұлыс, еркін ел, бостан Отан,
Беймарал боп атсыншы бозала таң.
Сенсің – кеше іздеген Жерұйығы,
Желмаямен желдіртіп Асан атам.
Шайқалтпасын ешбір жан ырысыңды,
Биіктерден көрейін ұл-қызыңды.
Ұлысымның ұлығы болмасам да,
Улиссіңмін өрнектер ұлы ісіңді.
Саған лайық атауды ел таңдаулы,
Ардақ тұтып Арқаны, Алатауды.
Қазақия дейді бір бауырымыз,
Мен ұсынам балама жаңа атауды.
ҰЛЫС ҰЯМ, шалқыған сен – дариям,
Сенсің менің қыран боп самғар қиям.
Ата-бабам қалдырған асыл мұра –
Азат елім, байтағым – АЛАШИЯМ!