22.05.2022
  116


Автор: Серік Әбіл

ҚАЙЫРШЫ ХАЛІ

(поэма)
Уа, Дариға, тірлік өмір көрші ғой,
Көш жолында көрдік алуан таңдарды.
Көрдік алуан жандарды,
Осылардан туған талай тосын ой,
О, құдырет, ойлап тұрсаң,
Ғұмыр деген осы ғой...
Төңкерілген көк қазанның астында,
Тірлік біткен ұқсап дүлей тасқынға.
Ұқсап тағы уақыт қуған қашқынға,
Қара допқа жанталасып жабысып,
Арман үшін арпалысып, алысып,
Бір-бірімен табысып та, танысып.
Кезегінде шабысып та, шалысып,
Күн өткізіп жатады күштеріне қарысып.
Соның бірі мен-дағы
Келе жатып құжынаған базарда.
Зарлы күйі тоқтау болған ажалға...
Тіршіліктің барлық мұңын тербеткен.
Сезімдерді сіркіретіп селдеткен.
Кезігіп қос кəрияға, мұң қондырдым ажарға.
Аңғарғанға мұндай кездер ой салады назарға,
Ал, басқалар мыналарға қарап-тағы қоймайды,
Бəлкім солай болатын да шығар- ау.
Адам шіркін азарда,
Бабасын да ескермейді екен ғой,
Бала байқұс өзіне ор қазарда.
Жатыр талай жігіт өтіп,
Небір сұлу қыз өтіп,
Көз айырмай мен де тұрмын сырттарынан күзетіп.
Алба-жұлба ақсақ кемпір соқыр шалын қолтықтап,
Жол шетіне отырғызды түзетіп,
Елең еттім ет жүрегім дыз етіп.
Əне содан зарлы əуен төңіректі жəне-дағы тербеді,
Сұңқылдады сыңар аққу дауысындай көлдегі.
Шіркін өнер ғажайып қой,
Сезім бір сəт селдеді.
Алақанын жайған ана жасы-дағы көлдеді,
Қайшалысқан көпшіліктің көбі ештеме бермеді.
Күңірентіп жан жүйеңді босатады күй өктем,
Сақал мұрты бетін жапқан.
Ақ самайдан тері аққан.
Кəриянің музыка үні өтеді сай-сүйектен,
Кемсеңдеген кемпір-дағы айырылыпты иектен.
Ал, бұларға жастар жағы көз қырын да салмайды,
Қиқу ғұмыр мұң тербейді, құйқылжиды зарлайды.
Кеудесімен көк тіреген кейбір кердең хаюандар,
Байқұстарды басып кете жаздайды,
Ырху үні мұңлы əуеннен жазбайды.
Адамдарға сенбеймін мен,
Əзір өрт боп жалындаса, əзір бықсып сөнетін.
Мыжғаулардан үмітім жоқ тек ақшаға сенетін,
Ақша деген ақша қар ғой кезегінде келетін.
Қарашада қапалақтап, жазда ағынмен зулайды,
Шың басында тұрса-дағы, ойда мəңгі тұрмайды.
Бір-біріне бермес егер қол үшін,
Барлық жаннан қалыс қалмас қол жаятын бұл қайғы.
Сол үшін де біздің халық берекені жырлайды.
Ал, ендеше ақын жүрек тек осыны сындайды.
Қайыршыға қарамаса қарамасын мына жұрт,
Бабасының мұрасына неге мойын бұрмайды...
Ырху үнін сахнадан енді қайтып тыңдайды,
Бабасының мұрасына неге мойын бұрмайды?





Пікір жазу