22.05.2022
  166


Автор: Серік Әбіл

БӨРІНІҢ СҮТІ

(поэма)
Аруағы қорғар бабам бар батыр,
Дегенмен сайрар санамдағы ақыл.
Ойранды жылдар образы болып,
Омырауы қанды далам да жатыр...
Қолдайды пірім, толғайды жырым,
Тауыма басқан тарих сырын.
Бөрінің сүті – елімнің құты,
Болғанын несін жасырам бүгін.
Түріктер жылап түскенге құрық,
Түліктер шулап, иттер ұлып.
Ауылдан жаулар аттанған суыт,
«Құқымын тұздай құрттық» деп қырып.
Заманда сол бір жау шыққан іштен,
Шаңырақ біткен ортаға түскен.
Жұтаған жұрттың аспаны толған,
Құлқыншыл құзғын, құмайдай құспен.
Ой салар жылдар сезімге бөтен,
Бөлтіріктермен егіз боп өтем.
Бесікте қалған бабамды менің,
Көк бөрі сонда емізген екен...
Ананың сүті болса да арман,
Арланның құты бойымда қалған.
Мен деген нағыз намыстың нары,
Ар туын əппақ алладан алған.


Əнім бар бүгін, сəнім бар басқа,
Шыдатпас шабыт жалындамасқа.
Елім мен жерім егіз бақытым,
Дарын да басқа, арын да басқа.
Даламда қалай самғарлығымды,
Адамнан шыққан арландығымды.
Көрсетем əлі көк пірім барда,
Тəңірден ерек тамған нұрымды.
Ашынған жерде азуым қанды,
Ақылдан кенде емеспін мəңгі.
Көкбөрі кием көмектес дейді,
Көргенде нағыз жаралы жанды.
Егес те ерлік, өлім де мақтан,
Аяқты талай қақпан да қапқан.
Кесірлі күндер келмеске кеткен,
Атты ғой міне арайлап ақ таң!
Көзімді əр кез қадаймын қырға,
Көңілім толып көк сағым нұрға.
Бөрінің сүтін бөлтірікпенен,
Бөліп ішкенім бөлейді сырға.
Иілемін деп жеңдім сезімді,
Киелімін деп келдім өзімді.
Өзгемен қалай тең қоя алам,
Өлекшін емген өр мінезімді.
Өзіндік дара шың алғандығым,
Қасыма қарсы шыға алғандығым.
Таңдайға тамған тəңірдің нəрі,
Көтеріп көкке ту алғандығым.
Албаты асып асқынбайтыным,
Тұлпарды əркез басқа ұрмайтыным.
Намысымды елге бастырмайтыным,
Тегім ғой досқа қас қылмайтұғын.
Бабамның басын қылыш кескенде,
Анамның төсін мырыш тескенде.
Көк бөрі тиған көзімнің жасын,
Дегізбен оны, шығыпты естен де.
Көк аспан барда панасызбын деп,
Көк бөрі барда анасызбын деп.
Көргемін жоқпын шарасызбын деп,
Санасызбын деп,
Данасызбын деп...
Сездіріп қилы өмірдің мəнін,
Шырқатқан жүрек əмірдің əнін.
Кірлемес рух киесі деп біл,
Бөрінің сүті - тəңірдің дəмін.
Кірлемес ардың киесі деп біл,
Бөрінің сүті - тəңірдің нəрін!!!





Пікір жазу