МАРТ КҮНГІ МАДАҚ
(Тұрсын Жолымбетқызына)
Амансың ба, аяулы асыл апа,
Жатыр міне алмасып ғасыр ата.
Жігеріңіз жібін еш үзбес білем,
Жарылса да найзағай жасын ата.
Шығады ақыр түбінде батыр шыңға,
Түсетұғын кез ғой бұл ақыл сынға.
Өткен күннің ескірмес елестерін,
Естелікке көшіріп жатырсың ба?!
Көлгірсіген көзсізден сақтанайық,
Қандай ғажап зат болу атқа лайық.
Қыз өсірдің еліне көрік болар,
Жанар үшін біз-дағы мақтанайық.
Қыран қиял қиырды шолған шығар,
Солдан шыққан жел бір күн оңнан шығар.
Ұлан-асыр ұрпақтың тойын жасап,
Сіздің жас та ғасырдай болған шығар.
Іздегенім ізгілік сыны мінсіз,
Біз дегенің келеміз тынығусыз,
Сіз дегенің көненің көзісіз ғой,
Түсінгенге алтынның сынығысыз.
Тіршілік деп жəне де тілшілік деп,
Анау орман ал, мынау бір шыбық деп.
Талайларды тіліңе тиек етіп,
Отырсыз ба ақыры күрсініп тек.
Қамы-дағы аз емес қасқа ұлыңның,
Белгілі ғой жағдайы жас буынның.
Жатсам-дағы басқадан басым биік,
«Тілші сыры» астында жастығымның.
Арман аты көп менің жетегімде,
Сенім серік, серт берік, жетемін де.
Келем əйтеу өзімдік із салсам деп,
Өзің шыққан биіктің етегінде.
Бірі тисе болар ед батаңыздың,
Алшы түспей жүргені-ай сақамыздың.
Қайникамал, Тұрсындай қызы болған,
Арманы жоқ Жолымбет атамыздың.