22.05.2022
  165


Автор: Серік Әбіл

АМАН БОЛ, АҒА

(Мұратбек Тесебаевқа)
Мың тоғыз жүз тоқсан төрт, мамыражай май айы,
Бұл тірліктің төбемнен төгіліп бір арайы.
Қазақ радиосына диктор болып мен келдім,
Ашылғандай алдымнан салтанаттың сарайы.
Аңдып басып аяқты ақ орданы аттадым,
Елестерді ескірмес еске берік сақтадым.
Аты таныс болғанымен түсі бөтен адамдар,
Көрдім күнде «күреспен» күн өткеріп жатқанын.
Үрімшінің аспаны тұрады екен мұнартып,
Үліңгірдің таңдарын аңсап жүрдім құмартып.
Сары бинада сарғайып сағынамын ауылды,
Жүдеп жүрген жүрекке жырларымнан жүк артып.
Кейбіреулер қарайды қырыменен көзінің,
Кейбіреулер түртеді істігімен сөзінің.
Кейбіреудің аузы əрең жыбырлайды сəлемге...
Бəрін қойшы сондайда сарқылады төзімің.
Боз баласы ауылдың жүрегінің оты бар,
Алғаш мұнда келгенде аңғарғаны осылар.
Жардан асқан толқындар бірақ талдан асқан жөқ,
Тауық құсап сезілді өзінше кей тотылар.
Міне, осындай таңдардың талқысында жүргенде,
Бір адаммен сырласып сергіп қалдым бірдемде.
Өмір шіркін келбетті кездерімен тəтті ғой,
Не жетсінші тірлікте түсінісе білгенге.
Біздің алғаш аралас осы арадан басталды,
Қолдайды екен өзі де қорғайды екен жастарды.
Балдырғанға осыдан артық бақыт жоқ шығар...
Таптым əйтеу əреңге асу бермес асқарды.
Талайы да талғамы ұқсамайды басқаға,
Мен де талай жайсаңмен жолыққам сан қасқаға...
Əне соның бəрінен бөгенəйі бөлекше,
Кейде тіпті мінезі сияқтанад жас бала.
Бөліміне бас сұқсаң пейілімен қарсы алад,
Өмір жайлы сыр шертіп, өнер жайлы тамсанад.
Қулық ойлап көрген жоқ, саусағымен сан санап,
Керісінше жыр жазып, өлең оқып əн салад.
Не келсе де ойына бетіңе айта салады,
Көңіліне мен əйтеу балай бере даланы.
Кеңесімен жазамыз жүректегі жараны,
Бастықтығын ондайда өзі ұмытып қалады.


Қашан көрсең шынайы шырайынан жазбайды,
Əйел жайлы əн тартып, жыр оқыса маздайды.
Өсек айтып, өзгенің арғы жағын қазбайды,
Мынау жалған өмірдің сырын аша жаздайды...
Қапаланып, түтігіп, қысылмайды тарылып,
Ақтарылып ағынан жүре беред жарылып.
Əйтеу үзім əр уақыт əңгімеде болмасам,
Кезіккім кеп қарадай сағынамын зарығып.
Сая қылып осы алып бəйтеректің бұтағын,
Сыйлай жүріп сырғалы сырларынан ұғамын.
«Айтқан күні қайтар» деп жазып қояд тізімдеп,
Өзгеде жоқ өзгеше алсаң бірер кітабын.
Ғаламат бір сезіммен «Ғайни» əнін айтады,
Көңіліңді сергітіп, рухыңды байытады.
Өзі жақсы көретін адамдардың тойында,
Сахнаға сəн беріп ең соңынан қайтады.
Жан ағаның бойында бар бөлекше бір дарын,
Өзім ғана білемін өзге білмес сырларын.
Ерлері жоқ ортада есептеспегенімен,
Əйелдер жоқ ортада оқымайды жырларын.
Ұнатады арақты градусы жоғары,
Талғап ішіп тамақты майларынан соғады.
Биік жастап жастығын қиялдарға батады,
Ерте тұрып тəңертең кешінде жай жатады.
Сөзге құлақ аспасаң сен егерде байқамай,
Тəптіштейді тағы да əлгі жерін қайталай.
Сүймегенмен мақтауды, ұнатады баптауды,
Өмірінің базары өтері хақ тарқамай.
«Ойда болса бұл күнде алпыс жастың дарыны,
Бойда жəне бар тағы жиырма бестің жалыны. . .»
Өзі осылай айтады, басылмайды арыны,
Əйтеу қалай болмасын бар бөлекше салымы.
Мұқағали, Мұхтардың жырын бірге жаттадық,
Қадам бастым соңынан өзіме де бақ дарып.
Кеттік тіпті кей сəттер сырлас болып, дос болып,
Алпысыншы жылдардан əңгімелер ақтарып.
Сол кездерде еріксіз өткен күнге елітеміз,
Серкеміздің алдында біз дегенің еркеміз.
Қайникамал, Гүлайша апайларды еске алып,
Шекері бар кеңесті келістіріп шертеміз.
Мұндай сəтте жан аға бал-бұл жанып нұрланып,
Маңайына қарайды қырланып та, ұрланып.
Сол шақтарда мен-дағы сұрақ қоям қуланып...
Ал, жауабын «Дариға-ай» деп жазылған жырдан ұқ.
Қиырлана тартылса қыран қиял дүрбісі,
Өткен күнді кімдердің келмес дейсің білгісі.
Жүрегіне қамалған шыққанда ұшып жыр құсы,
«Көп ғашықтың бірі екем» деген еді бұл кісі.
Несі қызық өмірдің берілмесең сезімге,
Қаншалықты дегенмен шек болады төзімде.
Тізгіндерім үзіліп əрең жүрем өзім де,
Өткір бопты ағаның тістері де кезінде...
Айтылмаған əлі, бар қойылмаған сұрақ көп...
Шəмші əндерін тыңдайды жүрегінен жылап тек.
Əкемнен де артықтау көретұғын бұл кісім,
Дарқан көңіл дана адам Тесебаев Мұратбек.
Елпек тумас ездерден, тентек туар тектіден,
Ұлағатты із қалар ұлылардан тек кілең.
Тоқсан ауыз сөзімнің түйіні сол тобықтай,
Мен өзіңді өзгеше дара тұлға деп білем.


Бесігіміз тербелген жайлаудағы күркеде,
Соны айтамын мен бүгін жүрегінен жыр төге.
Күллі қазақ ішінде диктор жайлы сөз болса,
Байжанбаев бір төбе, Тесебаев бір төбе.
Қырық жылда дауысың кетті тарап далаңа,
Ізгілігің ізденіс ізіңдегі балаға.
Сен дегенде бір сезім оралады санаға,
Бəрін қойшы əуелі,
Сен аман бол, жан аға,
Сен аман бол, жан аға!





Пікір жазу