22.05.2022
  120


Автор: Сəбит Бексейіт

Көнбістігі әр қазақстандықтың...

Көнбістігі әр қазақстандықтың –
Үлгісіндей шексіз «ұстамдылықтың».
Аңқау жұртқа арамза молда болу –
Саясаты жәдігөй мыстандықтың.
Көнбістік пен аңқаулық меңдеп алып,
Ақыл-ойы қалғиды ел демалып.
Мүлгіген ми, жалқау жан, енжар сана
Жатыр істің бәрін де кеңге салып.
Бостандық деп ұққан жұрт босаңдығын,
Мықтылық деп ұққан жұрт осалдығын,
Жастығына бас тисе қор етеді,
Жұмысына барып кеп бес-алты күн.
Ақым кетті демейді, есем кетті,
Есіл еңбек демейді еленбепті.
Аспаса да айлығы шайлығынан,
Ел тым-тырыс, апыр-ай, ел немкетті?!
Алтын сандық үстінде – қара халық,
Айналаға қарайды аң-таң қалып.
Түбін тескен сандықтың көртышқандар,
Шиқ-шиқ етіп күледі жайраң қағып.
Әккі билік біледі «тобыр» халін:
Түгендемес момын жұрт жоғын-барын.
Ұнатады – қағылып үлесінен,
Өңкей «малғұн» мелшиіп отырғанын.
Ұлық етіп ұрысын, бұзақысын,
Көрсетеді Ірі ғып ұсақ ісін.
Оңын-солын тінткілеп сұғанақ көз,
Обып жеуге құныққан кісі ақысын.
Есең кетті қайран жұрт, ақың кетті,
Хош-хош айтып басыңнан бағың кетті.
Еркің болмай, Еркіндік неңе керек,
Аңсап жүр ме құл-жаның тағы тепкі?!





Пікір жазу