Посткеңестік кеңкелес
Бай бола алмай болдырып сенделесің,
Тұттай болып тоналып сен келесің.
Бес бересің жоқ сенің, алты аласың,
Посткеңестік кеңкелесім!
Титықтатқан әрине ішкі дерт көп,
Тілазар деп қозғады істі мент кеп.
Қане жеткен биігің, алған еншің,
Социалистік қоғамға диссидент боп?!
Жендеттермен алысып шаршады ма,
Кетті Бродский мұхиттың аржағына.
Ал сен сорлы Карлагтан ұзай алмай,
Заманыңның айналдың заржағына.
Көсем кетті қалы бар маңдайының,
Одақ қалды ойсырап жағдайы мұң.
Жаршысы боп жүрдің сен баспасөзде,
Зеңбірексіз азаттық майданының.
Кеше риза болмап ең теңгермеге,
Топжарған боп жеттің бе сен кермеге?
Егемендік егесі сен емес пе ең,
Омырауға тақпайсың орден неге?
Парталасың нарықта жағаласып,
Ұмтылады байлыққа жанталасып.
Партияласың ілігіп билік жаққа,
Жүр бүгінде өзгемен бақ таласып.
Тәуелсіздік еді ғой бар мұратың,
Жөн бе сенің жүдейтін, тарығатын?!
Мансаптан да қағылып, үлестен де,
Жөн бе сенің зарлайтын, зарығатын?!
Жүрсің енді өгей боп өз еліңе,
Маңдайдағы сор-бейнет бес елі ме?
Бабын тапқан құбақан жағымпаздар,
Өзек етер өзіңді өсегіне.
Айналмайды тарихтың дөңгелегі,
Қоғамды осы бәрі де жөн көреді.
Білдірмейтін қояндай жымын әсте,
Сыбағасын сиқалар өңгереді.
Бітті шарбақ!
Шындық – осы, сен – елессің,
Бай-бағланға ешқашан тең келмессің.
Жұрдай болып өтесің бұл жалғаннан,
Өйткені Сен –
Посткеңестік кеңкелессің!