Қалың ойға батырып, көмілдіріп...
Қалың ойға батырып, көмілдіріп,
Өмір бітіп қалғандай, өмір бітіп.
Төрім күтіп тұратын күні кеше,
Бүгін енді тұрғандай көрім күтіп.
Өкіндіріп, өксітіп, егілдіріп,
Өмір бітіп қалғандай, өмір бітіп.
Еміндіріп келіп ед ғұмыр бойы,
Енді міне қойды ғой тебіндіріп.
Өмір бітті, о сұмдық, өмір бітті,
Байғұс жүрек жаралы, көңіл күпті.
Жылдар жалмап жігерді жалындаған,
Лапылдаған сезімді сөндіріпті.
Көрге кірсем кім берер көрімдігін,
Көрсетпейді жақсы ит өлімтігін.
Көлгірлігін арақпен жуса сиқа,
Көз жасымен жуайын көңіл кірін.
Арамыздан шықпады тұлға мықты,
Ұсынатын адаспас тың бағытты.
Билей алмай қойды ғой өзін-өзі,
Бола алмайды мұндай ел шын бақытты.
Су жорғадай жыр жазсам төгілдіріп,
Оқырманды алам-ау егілдіріп.
Ақ қағазда тізілген маржан сөздер –
Ақтарылған жан сырым мөлдір, тұнық.
Егілдіріп, өксітіп, өкіндіріп,
Өмір бітіп қалғандай, өмір бітіп.
Өмір күтіп тұратын таңғы шақта,
Бейуақытта тұр енді өлім күтіп...