22.05.2022
  122


Автор: Сəбит Бексейіт

Жаһан мен жаһаннам

О, жарық дүние,
Саған кім ие:
Күн ие, әлде Түн ие?
Қараймын кейде сүйіне,
Қараймын кейде күйіне.
Соншама толқи беретін,
Не себеп көңіл-күйіме?..
Жарқын жүзін көріп тұрып Жаһанның,
Келбетіне қалайша мен тағам мін?
Сомдап оны Жаратушы хас шебер,
Жайып салған назарына адамның.
Жанарыммен Жаһан жүзін аймалап,
«Иншалла» деп тұрам іштей қайталап.
Жасанады қызылды-жасыл дүние,
Арудайын күн келбетті, ай қабақ.
Көк аспан мен Қара Жерді көрдім мен,
Гүл кештім мен, күн кештім мен еркіммен.
Басым аман, денім сау боп жүрген соң,
Жарық жалған, айналдым мен көркіңнен.
Жап-жасыл жер, аспан мынау көкпеңбек,
Қоңыр салқын асқар таудан ескен леп.
Жәннат деген осы емес пе, ағайын,
Аллаға алғыс айтайық біз көптен-көп.
Жәннат бағын жерде өсіру қиын ба,
Қане, бағбан, кетпен алып қимылда.
Тимирязев ас әзірлеп ауадан,
Қызыл қырман құрар бәлкім қиырда.
Кетпесек те бүгін-ертең тыңайып,
Қиындықтан сасып әсте қыңбайық.
Бетпақдала Бақдалаға айналып
Кетер күнді армандаған Мыңбаев.
Ізгілікке құмар жақсы қашаннан,
Соның жарқын үлгісіндей Шах Жаһан.
Мумтаз-Махал сұлуына мұнтаздай,
Тадж Махалдай сарай салды ақ шаңқан.
Жерде бірақ жайқалмады жәннат бақ,
Жақсылықты қаламады кей бейбақ.
Жердің жүзін жайқалтудың орнына,
Жауыздардың болды есебі жайратпақ.
Сөйтіп жерде орнады сан Жаһаннам,
Озбырлар кеп қылышынан қан тамған.
Адамдардың жанын қинап, азаптап,
Баскесерлер шаш ал десе, бас алған.
Тозақ оты әр тұста тұр алаулап,
Соғыс-тажал ұмтылады танаулап.
Концлагерьлер, полигондар құрбаны,
Айтқан сайын жатқан шығар сан аунап.
Жаһаннамда өсер Заккум ағашы,
Көрген көзге жемістері бір сұмдық:
Жемістері – шайтандардың бастары,
Бұлғаңдайды, шошынып біз, түршіктік.
Түрлері жоқ жалғанда түк татырар,
Қырғынға сап ел-жұртын, ықта тұрар.
Бұ дүниеде сайтандай сойқан салған,
О дүниеде не болмақ диктаторлар?!
Алда –
Ассират алмустаким – қылкөпір,
Адамдар мен жындар құрап бір нөпір.
Тамұқ деген жер үстінде басталып,
Обыр шалқып, сүмірейіп жүр тобыр.
Мүшкіл халге білдіреді кім аяу,
Көңіліңе түсіреді шын қаяу:
«Және» демей, «мен» шылауын қосқаным,
Екеуінің арасы, рас, тым таяу...
Дей қоймаспын
«Жаһан және Жаһаннам»,
Аражігі алшақтамай, тақалған.
Көрер көзге болар емес айырып,
Құдды егіз бұл Жаһан мен Жаһаннам!
О, жарық дүние,
Саған не жақын:
Жаһан ба, әлде Жаһаннам?
Қараймын кейде таңданып,
Қараймын кейде шамданып.
Жарық пен Түнек айқасса,
Барамыз қайда қамданып?..
Тірлігіңде тән тәтті һәм жан тәтті,
Жаратасың рахатты һәм ләззатты.
Бұ дүниеде көргеніңмен Жаһанды,
Аңсағанмен, көре алмайсың Жәннатты.
Өлгеніңде тәнің тәркі, жан қымбат,
Күтеді алдан қиямет, не жарқын сәт.
О дүниеде көрмегенмен Жаһанды,
Барар жерің – не Жаһаннам, не Жәннат?!..
Көз жұмған соң керек шығар төзім де,
Өтпес сөзің, септік етпес сезім де.
Бұйырмаған жұмыр басты пендеге,
Таңдау – Алла Тағаланың Өзінде.





Пікір жазу