Жан апа
Гүлдәуреннің алыстап бар қызығы,
Жалғыз сіңлі соңында, жалғыз іні.
Екеуіне бас-көз боп, қамқоршы боп,
Талшық іздеп табу-тын талпынысы.
Төнсе дағы тағдырдың сұмдық сыны,
Жетеледі зарлық ұл, мұңлық қызды.
Қанаттыға қақтырмай көлегейлеп,
Шоқыттырмай, жасқады тұмсықтыны.
Осындай-ақ болар жан бас иетін,
Өту керек әспеттеп қасиетін.
Сегіз ұлы-қызымен тең өсіріп, –
Орындаған әкенің өсиетін.
Жанапам деп жеткенде алыс жолдан,
Сағыныш пен аңсауға кеуде толған.
Әке орнына сол апа әке болған,
Шеше орнына сол апа шеше болған.
Апаның үйі кең жайлау, бір қысылмай,
Ая көрді осы үйдің тұңғышындай.
Тәуап етіп қайтады сол кісіге,
Туған жерге келгенде жыл құсындай.
Көк жүзінде жарқырап туды жұлдыз,
Перзентіне сүйсініп тұрды Шығыс.
Сол апайдың «тұңғышы» ақырында
Ғарышкері қазақтың болды тұңғыш!
Ел мен Ердің кетпесін бастан бағы,
Болсын ұзақ өмірдің баспалдағы.
Жан апаның тербетсін жер бесігін,
Жарық жұлдыз, күміс ай аспандағы...