22.05.2022
  265


Автор: Сəбит Бексейіт

Сергелдеңге түскенде сорлық басым

Тiрiлердiң iшiнде жоғалғанмын,
тiршiлiктiң көшiн мен доғарғанмын.
Бергенiм жоқ бердiм деп бұлданарлық,
һәм дей алмаймын фәниден мол алғанмын.
Өткен күнiм – елес те, келер күнiм –
бiр көк мұнар…
тұр екен нелер күтiп?!
Байлығым жоқ мырзасып шашып тастар,
ерлiгiм жоқ ел елтiп елер бүгiн.
Бүгiнi жоқ адамның – өткенi жоқ,
өткенi жоқ бейбаққа өкпелi көп.
Бүгiнi жоқ адамның – ертеңi жоқ,
жүрер жолы, соқпағы, өткелi жоқ.
Жүргенiмдi бiлмеймiн қай ғасырда,
даласында адасам, тау-тасында.
Биыл қай жыл екенiн, бүгiн қай күн, –
мен шығармын бiлмейтiн маубасың да.
Сергелдеңге түскенде сорлы басың,
қалай ғана тыншисың, орнығасың?!
Орды қасың қазғандай, ашынасың,
торығасың, құрғандай торды қасың…
Миы ауысқан мәңгүртпiн, мияқымын:
бiр ғұмыр ғой бостекi қиятыным!
Сергелдеңге соншама неге түстiң,
төре ақылым, қайдасың, би ақылым?!..





Пікір жазу