22.05.2022
181
Миым - ғалам
Миым – ой, миым – ақыл, миым – санам,
аямай берген Тәңiр сыйын маған.
Ғаламдай жұмбағы мол тылсым ғой МИ, –
таниын деген сайын қиындаған.
Жасайды ұшқыр қиял ғаламаттар,
iлеспес ұшқан құс пен шапқан аттар.
Ал, достым, сенесiң бе, сенбейсiң бе,
миымда – 20 мың том ақпарат бар.
Жарылып кетпей қалай тұр қауашақ,
Мүкәмал қалай сыйған құрсауға шақ?!
Нейроннан сан миллиард түзiлген ми
ғаламның тап өзiне ұқсас ғажап.
Мәңгүрт материя – қиқым надан,
пенде боп бiр Аллаға сыйынбаған.
Ризамын Жаратқанның мол сыйына:
ордасы ақыл-ойдың –
Миым – Ғалам.