Формация
Өтсең егер тарихты бір ақтарып,
сан замана – санаңа сынақ тәуір.
Тұғыр-дәуір мың жылдап ығыр қылды,
кел, керемет Келешек – Пырақ-дәуір!
Адамды адам қанаған, құл-күң еткен,
жансыз заттай кәдімгі мүлкі де еткен;
адамды адам қорлаған, тәлкек еткен –
’’Адамзат комедиясы’’ күлкі деп пе ең?!
Есін алып адамның, мәңгүрт еткен,
бір-біріне көрші елдер кәрін төккен.
Тарих атты театр сахнасынан
қайыршы боп, жарлы боп әр жұрт өткен.
Төрттағандап жатыр төрт формация,
жасаймын деп конспект – бармақ сия;
дастан-хамса жазам деп ақын досым,
темір құрсау тістері қалды ақсия.
Қиын, қиын... бес қоғам туралы жыр,
жүрегі үлкен ақынның мұрады бұл.
Күні кеше ’’толысқан’’ қоғам жәйлі
дастан түгіл, өлең де тумады бір.
Көптен бері замана дастаны ойда,
тастамай да жүрмін мен, бастамай да.
Алматыда жазғам жоқ, Жаңаарқада,
жазар ма едім Торғай мен Қостанайда?!
Туса шіркін дәуірдің поэмасы,
болмай ешбір қоспасы, боямасы!..
’’Өркениет’’ деп мен де жазар ма едім,
мазаласын өрелі ой, аямасын.
Өтсең егер тарихты бір ақтарып,
сан замана – санаңа сынақ тәуір.
Тұғыр-дәуір мың жылдап ығыр қылды,
кел, керемет Келешек – Пырақ-дәуір!