22.05.2022
  105


Автор: Сəбит Бексейіт

Тұғырым мен тұрағым

Кіндік тұсын жайлаған Сарыарқаның,
Мерейі үстем қашаннан Жаңаарқаның.
Сол өңірдің мен де бір перзентімін,
Жыр қайнарым деп білген, ән арқауым.
Сен дегенде жарамас самарқау үн,
Соқсын дауыл, нөсерлеп жауар жауын!..
Сулы, нулы болсыншы барар жерім,
Қулы, Мұңлы болсыншы барар тауым!
О, Туған жер!
Құмың мен тасың таныс,
Қартың таныс, құрдас пен жасың таныс.
Жасып сенде көргем жоқ, өршелендім,
Сен берген соң бойыма ар мен намыс.
Көрдің талай замана зобалаңын,
Көп құпия жасырған обаларың.
Өтіп талай тар жол мен тайғақ кешу,
Сан асылдың білдің бе жоғаларын?!
Табын сезіп сан қыспақ, сан ызғардың,
Дәлелдедің күресте маңыз барын.
Жеттің бүгін жасына жыраулардың,
Жеттің бүгін жасына абыздардың.
Сөйле, жырау,
Сексеннің сеңгірінен,
Түлеуіне тірліктің сендіріп ең.
Атыңа сай жаңарып, өркендедің,
Елдігімен жұртыңның, ерлігімен.
Өнеге етер өткенін нағыз дана,
Келешегің келісті абыз-дала.
Тарих болып жазылды жүрген жолың,
Ғасырлардан сыр шерттің аңыз-дала.
Өріс кеңіп, гүлденіп, мың түрлендің,
Мыңғыртып мал өсіріп дүбірледің.
Жүрегімнен жыр болып ақтарылдың,
Домбырамда күй болып күмбірледің.
Дос таңғалған жазирам, қас таңғалған,
Шалқар шабыт сыйлаған дастан-далам.
Қиындыққа қыңбаған қыр-қаһарман,
Дағдарыстан ықпаған, жасқанбаған.
Сұңқар ұшқан кең далам, тұлпар шапқан,
Ауаң шипа, жусаның жұпар шашқан.
Жапан түзді жаңғыртып, қиқу салып,
Аңсақ жандар аңсап кеп құмар басқан.
Әулетіміз өзіңде тамыр жайған,
Қонды дейсің бақ қайдан, Қыдыр қайдан.
Кіндік кесіп, кір жуған Сарысудан,
Артық болар табылмақ тұғыр қайдан?..
Ұланым деп барғанда тұрсаң елеп,
Тастағандай боламын нұрға бөлеп.
Тағзым етем мен саған,
О, Туған жер,
Екі дүниеде де тұрағым деп!





Пікір жазу