22.05.2022
  231


Автор: Сəбит Бексейіт

Біреуге өлім тілегенше...

Өнердің досы – құштарлық,
өнердің жауы – іштарлық.
Осы сөзді ұқпас әсте тасырлар,
өтсе дағы мыңжылдықтар, ғасырлар.
Маған көптен өшіккен бір жылымқұрт –
қаламының қуаты кем пәс мұндар.
Менің атым қалмасын деп жер-көкте,
құлындағы даусы шыққан жөргекте.
Құммен төсеп бүкіл басқан ізімді,
бейнеқорды құрту үшін тер төккен.
Талай барып жыр оқыған шаңырақ,
қалғандайын бүгін мүлдем қаңырап.
Бір таспам жоқ сол кездерден сау қалған,
– Қайда? Неге?.. – сансыратты сан сұрақ.
Барлық бейнетаспаларды ұрлап ап,
қоқыс қылған үзіп-үзіп жұлмалап.
Жиырмадағы, отыздағы үр бейнем
бейнеқордан аласталды біржола!
Қызғаныштан өтіне зәр жиналып,
тамақ батпай, бей-жай болып қиналып,
ұлтабарға жара шығып, тесіліп,
ашқұрсақпен кете алмады диланып?..
Қолдан енді келмеген соң ештеңе,
ақ қағазды шимайлады сес төге.
Күл төгеді мен шығатын дөңеске,
төккен сайын биіктейді Көктөбе!
Жерді басып жүргенімді көпсініп,
қарғыс айтар ертелі-кеш тепсініп.
Ақыр соңы қазанама жазыпты,
«жаны жайсаң аға» депті кеңсініп.
Есі дұрыс адам бұлай жаза ма,
нақұрыстың ниет-пейлі таза ма?
Кеше ғана сәлемдесіп, көріскен
көзкөргенін қалай қиған қазаға?!
Әлде мені санай ма екен тірі өлік,
бастықсынып отырған соң шіреніп?!
Тұрған жоқ па мені «марқұм» санауы
әбеқоңыр тірлігіме тіреліп...
Шүкіралла, оранғам жоқ кебінге,
ыққан жоқпын оқсыз майдан шебінде.
Кімнің тірі, кімнің өлі екені
бір Аллаһқа аян болар тегінде.
Ана сөзі кітап сөзі мен үшін,
жүрер жолым, барар өріс кеңісін.
Тірлігімді дәлелдеймін жырыммен,
тасқа түскен әрбір жинақ – жеңісім!
Ал, дұшпаным, күңіренбе күле кеп,
ана сөзін қайталаймын төпелеп:
– БІРЕУГЕ ӨЛІМ ТІЛЕГЕНШЕ,
ӨЗІҢЕ ӨМІР ТІЛЕ! – деп.





Пікір жазу