Парижде өлу арман ба???
Парижде өлу,
Мәскеуде өлу – мұрат па?
Алас ұрмай,
туған жерге тұрақта.
Аллаһ білер
кімнің қайда өлерін,
ажалыңды
тапсырыспен сұратпа.
Ол шаһарда
біздерсіз де кезбе көп,
білдіретін
бөтен шырай, өзге леп.
Елден безіп
босқын болсаң – тағы ұят,
көк жағамен
жүресің бе сөзге кеп?!
Сырттан келсең,
кім болсаң да, кірмесің,
ұлы ақын боп
өткізсең де жыр кешін.
Сылқым Париж
Қабірстан емес қой,
жинайтұғын
ақындардың мүрдесін?
Туған күннен
бастап адам сапарда,
аман-сау боп
жүрсең, шүкір, қатарда.
Жол үстінде
өліп кетсең, қайтесің,
Алматың не,
жол-жөнекей Отарда?..
Өлсең, қайттің,
қалада емес, ауылда,
өлсең, қайттің,
жауын-шашын, дауылда?!
Жер-көктен сен
ажал іздеп сабылма,
тұрған жерде
сабыр сақтап, дамылда.
Парижде өлу,
Мәскеуде өлу – арман ба?
«Ұлы ақынмын,
сонда өлем!» деп қарғанба.
Бір Аллаһқа
мәлім қайда өлерің,
туған жерде
өле қалсаң, арланба.
Парнас тауға
әбден лайық шынарсың,
бізді қойшы,
шет жұртқа да ұнарсың.
Мына фәни
тірлік әбден өткенше,
Көптен озып...
шыдамассың, шыдарсың?..
Бала жастан
Парижге іңкәр, құмарсың,
мүмкін бір күн
сонда жетіп құларсың.
Алайда сен
Жидебайда жай тапқан,
Ұлы Абайдан
артық емес шығарсың?